МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТАР МЕН КӘСІПКЕРЛІККЕ ОҚЫТУ КУРСТАРЫ АҚЫСЫЗ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Соңғы кездері Шымкентте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы қызметкерлерінің атын жамылып, алаяқтық жасап, ақша табатындар көбейген. Сонымен қатар қайтарымсыз мемлекеттік грантты алып беру, «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздерінде оқытатын курстарға ақылы түрде азаматтарды тіркеу фактілері де жиілеп отыр.

Бұл жөнінде Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында айтты. Нақтырағы «Алаяқтар өздерін азаматтарға жоғарыда көрсетілген мемлекеттік шараларға тарту мақсатында қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының атын жамылып және мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырған. Нәтижесінде бірқатар қала тұрғындары алданып, жұмыспен қамту және әлеуметтік басқармасына, аудандық ішкі істер бөлімшелеріне арыздарын жазуда. Бұл ретте, қала тұрғындарын мұндай іс-әрекеттерге бармауға, алаяқтықтарға алданбауға шақырамыз. Егер де, сенімсіздік болса, немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз құзырлы органға (1424 Адалдық алаңы), қалалық жұмыспен қамту басқармасына (27-74-31) шағымдануына болады. Бұл мемлекеттік шаралар ақысыз және қолжетімді жүргізіледі» деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ағымдағы жылдың сәуір айында business.enbek порталы арқылы азаматтан өтінім қабылданып, нәтижесінде 437 өтінімнің 336-сы комиссияға ұсынылған, ал тиісті санаттарға жатпайтындар саны – 101. Комиссия қаралымына ұсынылған 226 азаматтың бизнес-жоспарлары мақұлданған. Ал кері қайтарылғаны – 110. Оң нәтиже алған жастар санатынан 36 болса, 157-сі – халықтың әлеуметтік осал тобына жататындар. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 8 тамызынан бастап 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберіндегі 400 АЕК немесе 1 225 200 теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттар алуға өтінім қабылдау басталады.
Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Осы шараға қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады. Қайтарымсыз грантты алуға үміткердің санаттары көрсетілген. Тарқата айтсақ, олардың қатарына еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар азамат, қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар азамат, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар (жұбайы/зайыбы), асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар, 29 жасқа дейінгі жас азаматтар жатады. Айта кету керек, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.