БІЛІМ ОРДАЛАРЫНЫҢ ҚАТАРЫ ТАҒЫ БІР МЕКТЕППЕН ТОЛЫҚПАҚ

Білім саласында атқарылып жатқан игі іс көп. Мәселен, 2020 жылдан бастап еліміздегі барлық мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Аталған жүйе Шымкент қаласында өз нәтижесін беруде. Былтыр 21, биыл 20 мектеп жеке инвесторлар есебінен салынуда.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов әрбір мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында, білім беру ұйымдарын аралап көруде. Соның бірі — Әл-Фараби ауданы Қонаев даңғылындағы «OSCAR» лингвистикалық элиталы 480 орындық жекеменшік бастауыш мектебі 3 қабатты, 30 оқу бөлмесінен тұрады. Асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинет те қарастырылған. Мектеп жаңа оқу жылына 95 пайыз дайын. Бүгінде мұнда жиһаздар қойылуда. Акт, спорт залға жұмсақ төсеніштер қойылып, асханаға қажетті заттарды да орналастыруда.
Айта кету керек, Шымкент қаласында білім ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қыруар іс атқарылып келе жатыр. Қала берді, мектептердің тозығы жеткен ескі ғимараттарын жөндеуден де өткізуде. Ал білім ордаларындағы орын тапшылығын шешу мақсатында қосымша ғимараттардың құрылысы жүргізілуде. Мұның өзі салада атқарылып жатқан ауқымды бастамалардың бар екенін айғақтайды. Ал атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын шаһар басшысы тікелей бақылап, сын-ескертпелерін айтып, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатқанын да айта кету керек.