ЖАҢАРҒАН ПЕРЗЕНТХАНАДА ЖЫЛЫНА 12 МЫҢ АНАНЫҢ БОСАНУЫНА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Шымкент қаласы еліміздегі демографиялық ахуалы жақсы өңірлердің қатарына кіреді. Туу көрсеткіші жоғары. Десе де мұның өзі медициналық қызметті әрі қарай дамытуға баса назар аудару керегін көрсетеді. Бүгінде қаламыздағы перзентханаларда барша жағдай жасалған ба? Материалдық-техникалық база күн сайын жаңарып жатқан талаптарға жауап бере ме?

Жоғарыдағы сауалдарымызға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қалалық перзентханаға барып, қазіргі ахуалмен танысқан кездесуінен жауап алдық. Мамандардың сөзінше, қазіргі уақытта стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан. Перзентханада 53 білікті дәрігер, 171 орта және 87 кіші медперсонал жұмыс істейді. Тұрғындарға 153 төсек-орындық стационар қызмет көрсетеді.
2021 жылы перзентхананың 6 ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Оған бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралған. Нәтижесінде нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталып отыр. 2021 жылы 41 медициналық құрал-жабдық сатып алынған. 11 мыңнан астам бала дүниеге келетін мекеме жаңғырту жұмыстарынан кейін 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасай алатын мүмкіндікке ие болған.
Мекеменің жұмысымен танысу барысында қала басшысы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртудың маңыздылығын, ана мен баланың денсаулығын жақсарту мен демографиялық көрсеткішті одан әрі ұлғайту негізгі бағыттардың бірі болып белгіленгенін атап өтті.