453 БІТІРУШІ ТҮЛЕК «АЛТЫН БЕЛГІГЕ» ҮМІТКЕР БОЛЫП ОТЫР

Осы аптада еліміздің барша мектептерінде биылғы оқу жылының соңғы қоңырауы соғылды. Мыңдаған түлек алтын ұя мектебін тәмамдап, үлкен өмірге аяқ басты. Енді оларды алда үлкен белес күтіп тұр. Бітіруші түлектер 11 жыл бойы алған білімін дәлелдеп, белгілі бір мамандықты таңдауы тиіс. Жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Алтын белгіге» үміткер оқушылар мен олардың мектебіне қатаң талаптар қойылатынын айтқан еді. Осы орайда, Шымкент қаласында биыл қанша оқушының «Алтын белгіге» үміткер екенін зерделеп көрдік.

Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында 453 түлек «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр. Оның ішінде 433-і Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысады. Қалған 23 үміткер шетелдік жоғары оқу орнына түсуіне байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқан. Осы тұста айта кетерлігі, үлгілі мінез-құлық танытқан және барлық пәндер мен қорытынды аттестаттаудан өте жақсы деген баға алған оқушыларға «Алтын белгі» аттестаты және «Алтын белгі» белгісі беріледі.
Биылғы соңғы қоңырау шарасы «Түлек-2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты тақырыппен өтті. Ағымдағы жылы үшінші мегаполис мектептерін 11 189 оқушы аяқтап отыр. Бұдан бөлек, 19 251 оқушы 9 сыныпты бітірген. Десе де оқу жылы аяқталғанымен, 9 және 11 сынып оқушылары 10 маусымға дейін қорытынды емтихандар тапсырады. 11 сынып оқушылары 16 мамыр мен 5 шілде аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Соның ішінде мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін тестілеуге 8 200 бітіруші қатысады. Олардың әрқайсысына 2 реттен тест тапсыру мүмкіндігі берілетінін де айта кету керек.
Сондай-ақ 1-8 және 10 сынып оқушылары 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектепке ерікті түрде қатыса алады. Мұндай шара үлгерімі төмен оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында қолға алынып отыр. Алдын-ала дерек бойынша, Шымкент қаласында жалпы 143 757 оқушы жазғы мектепте оқиды деп жоспарлануда.