ЖОЛАЙРЫҚТЫҢ ЖЫРЫ БІТЕР ЕМЕС…

Мақсұт Исахов кураторлық ететін сала неге сыннан
көз ашпай келеді?

Көлік кептелісінің Шымкент қаласы үшін қалыпты құбылысқа айналғаны қашан. Қаз қатар қаңтарылған қалың көліктің қақ ортасында тұрып-ақ біраз уақыт жоғалтарымыз жасырын емес. 

Қала әкімдігі осындай мәселенің алдын алу мақсатында ірі жол қиылыстарына жолайрық салып, түйткілдің түйінін ағытуды көздеген еді. Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесіндегі жолайрықтың пайдалануға берілгеніне бірнеше айдың жүзі болды. Нысан кептелістің мәселесін түпкілікті шеше алған жоқ. Әсіресе, кешкі уақытта көлік тізіліп, айнала әп-сәтте дабыраға айналып шыға келеді.

Сөз жоқ, жолайрық құрылысына миллиардтар кетті. Өткен жылдың басында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың (суретте) қатысуымен брифинг өтіп, Д.Қонаев даңғылы қыркүйекке дейін пайдалануға берілетінін сүйіншілей жеткізген еді. Осындайда құрылыстың қарқыны артса, сапасы сын көтермей қалмай ма деген күдік те көкейімізге ұялаған. Оны мердігер компания өкілі сейілткендей болып еді. Сөзінше, заманауи технология жоспарлы мерзімнен бұрын жолайрық құрылысын сапалы аяқтауға мүмкіндік береді. Демімізді ішімізге бүгіп, межелі күнді күттік. Қыркүйекте пайдалануға беріледі деп бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған Д.Қонаев даңғылы қазан айында ашылды. Әрі қарай Т.Рысқұлов көшесімен де көліктер жүре бастады. Айналма жолдың азабын көріп, кептелісте тұрып шаршаған тұрғындар мәселесі шешілді деп ойлаған. Десе де оңбай қателескен екенбіз. Әуелі Т.Рысқұлов көшесінің бойында ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Жүргізушілер наразы болып, белсенділер жаза бастады. Артынша жолайрықтағы жол ережесіне өзгеріс енгізілді. Оның да мәселені шешкені шамалы. Демек миллиардтар кеткен нысан кептелістің мәселесін түпкілікті шеше алған жоқ.

Екіншіден, жолайрықтың сапасына қатысты да сын көбейіп барады. Әлеуметтік желідегі белсенділер нысан құрылысы бітпей жатып-ақ жолдың әр жері ойылғанын жазды. Жаңбырлы маусымда жер асты өткелі суға толып, тағы әбігерге салды. Ал құрылыс басталғалы жолайрықтың сапасын тексеріп жүрген суреті мен бейнежазбасын жиі салған қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов арнайы брифинг өткізіп былай деді «Қонаев даңғылы бойынша жерасты жаяу жүргіншілер өткелін абаттандыру жұмыстары, сонымен қатар жаңбыр және қар суларын бағыттайтын суағар жүйелерін орнату толығымен аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта жер асты өткелінде жиналған су сорылып, қалыпқа келтірілді. Ал асфальт төсеу жұмыстары мердігер мекеме қаражаты есебінен жасалатын болады. Айта кетейік, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Базис-К» ЖШС-нен Қонаев-Рысқұлов көшелері қиылысындағы жолайрық әлі қабылданған жоқ. Маусым айының соңына дейін көрсетілген кемшіліктер жойылып, құрылыс жұмыстары аяқталатын болады». Енді жауапты басқарма ағымдағы жылдың 10 сәуірінен 20 сәуіріне дейін Рысқұлов көшесінің Байтұрсынов көшесінен Дулати көшесіне дейінгі солтүстік жағы көлік құралдарының қозғалысы үшін жабылатынын хабарлап жатыр. Ал 20 сәуірден 30 сәуірге дейінгі аралықта қарама-қарсы оңтүстік бөлігі бойынша көлік құралдары қозғалысы шектелмек. Демек тағы да кептеліс көбейіп, жұрттың жүйкесін жүндей түтіп, сабырын сарқиды деген сөз.

Тағы бір толғақты түйін, жолайрық құрылысы басталар тұста бір емес екі бірдей нысанның жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында тараған еді. Бірінен екі деңгейді жолайрықты көрсек, екіншісінде үш деңгейлі жолайрықтың суреті бейнеленген. Десе де нысан аяқталғаннан кейін жолайрықтың екі деңгейлі екені белгілі болды. Сонда бұл алдарқату емес пе деген ой туады. Өйткені жауапты басқарма әлеуметтік желідегі парақшасында үш деңгейлі жолайрықтың суретін салып, құрылыс барысын баяндаған жазба жариялаған. Мұның жауабын кім береді? Шымкент қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасары ма әлде тиісті басқарма ма?

Соңғы уақытта қаладағы жол-құрылыс саласы жиі сынға ұшырап жүр. Жақында ғана орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін 747 миллион теңгенің бюджет қаражатын жымқыру фактісі тіркелген еді. Бұл қарапайым маманның қолынан келетін шаруа емесі анық. Жолайрықтың жыры да бітпей жатыр. Бұл олқылықтардың артында кім тұр деген заңды сұрақ туады. Жауапты әкім орынбасары Исахов бере ме әлде басқарма басшысынан пайымды жауап күтеміз бе? Не де болса, мұның қала әкімі Мұрат Әйтеновке абырой әпермесі анық.

А.МАХАНОВ.