Маңызды

Шымкент: Полиция департаментіне 63 қызметтік автокөлік берілді

Шымкент қаласы Полиция департаментінің автокөлік шаруашылығы жаңа көліктермен толықты.
Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қадамдық қолжетімділіктегі полиция» қағидатын одан ары іске асыруға бағытталған. Полиция қызметкерінің нәтижелі жұмысы үшін барлық мүмкіндіктерді ұсыну қажеттігін ескере отырып, осы саланың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл полицейлердің барынша жедел әрекет етіп, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмысының тиімділігіне ықпал етеді.
Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетов автошаруашылықтың жұмысын пысықтау мақсатында, онда арнайы барды.
Департаменттің автокөлік шаруашылығы қызметкерлерінің айтуынша, барлық автокөліктер заманауи арнайы техникамен, бейнетіркеуіштермен және навигациялық жүйелермен жабдықталған. Бұл нақты уақыт режимінде ұстау топтарының жұмысын үйлестіруге және нарядтардың оқиға орнына немесе күзетілетін объектіге келу уақытын азайтуға мүмкіндік береді.
Қаланың бас полицейі қиын-қыстау кезде қоғамдық қауіпсіздікті және азаматтардың тыныштығын қамтамасыз еткен тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, жаңа автокөліктер полицейлерге одан әрі мобильді болуға және азаматтардың шақыртуына шұғыл жетуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Полицияның жұмысына барынша қолдау көрсетіліп, оңтайлы жағдай жасалуда. Қаңтар оқиғасында полицияның қызметтік автокөліктері зақымданғаны баршаға белгілі. Осыған байланысты, Шымкент қаласының Полиция департаментіне 63 автокөлік бөлінді. Біздің жұмысымыз үшін барлық мүмкіндіктер ұсынылуда. Бұл жағдайда тәртіп сақшылары ары қарай да бар күш-жігерін салып, халыққа адал қызмет ететініне сенімдімін», -деді Ералы Жумаханбетов.
Еске сала кетейік, қаңтар оқиғасында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бірқатар қызметтік автокөліктері зақымданып, істен шыққан болатын.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру