10-ҚАҢТАР – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОН БІРІНШІ ҚАРАЛЫ КҮНІ

Қазақстанда 10-қаңтар – аза тұту күні болды. Жаңаөзен қаласында басталған бейбіт шеруді еліміздің өзге аймақтарында қолдау бойынша өткізілген наразылықтардың соңы бүлікке айналып, салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты 10-қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы шешімді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Осыған орай аптаның алғашқы күнінде ең әуелі Ақордада, мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердегі бүкіл мемлекеттік ту төмен түсірілді.

Тәуелсіз елдің басына қара бұлт үйірілген ереуіл күндерінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар, әскерилер, полиция өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлерінің рухына құрмет көрсетілді.
Бұл – тәуелсіздік алған жылдан бастап елімізде жарияланған он бірінші аза тұту күні.
Егемен Қазақстан елінде ең алғаш аза тұту күні 2006 жылдың 22-қыркүйегінде болған еді. Сол күні тұтас ел Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада тіркелген техногендік апаттан 41 кеншінің қаза табуын қайғыра еске алған.
Одан соң 2008 жылы 14-16 қаңтарда қатарынан үш күн аза тұтылды. Қаралы күнде Қарағанды облысы, Абай шахтасында жарылған метан қызыл жалынға ұласып, 30 адамның өмірін жалмағанын жұрт күйзеліспен еске алды.
2010 жылы наурызда Алматы облысы Қызылағашта су тасқыны орын алды. Қызыл су алаңсыз жатқан ауыл тұрғындарының тынышын алып, 43 адамның өмірін қиып кетті. Тасқын судың құрбандарына орай сол жылдың 16-наурызы аза тұту күні болып белгіленді.
Екі жылдан соң дәлірегі, 2012 жылы 5-маусымда қазақстандықтар тағы да аза тұтты. Бұл күні 14 шекарашы мен қорықшы опат болған Арқанкергендегі қанды оқиғаға орай бүкіл Мемлекеттік ту төмен түсірілді.
Сол жылдың 27-желтоқсанында апатқа ұшыраған Ан-72 әскери ұшағындағы барлық 27 жолаушының қазасына орай қазақстандықтар аза тұтты.
2013 жыл, 31-қаңтар ел тарихындағы алтыншы аза тұту болды. Оған Көкшетау аспанына көтеріліп, Алматыға жетпей қалған SCAT компаниясы ұшағының апатқа ұшырауы себеп болды. Қайғылы оқиғадан 16 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі тіл тартпай жан тәсілім болды.
2016 жылы Ақтөбеде 8 адамның өмірі қиылып, 18 қылмыскердің көзі жойылған лаңкестік оқиғаға орай 9-маусымда аза тұтылды.
Кезекті қаралы күн 2019 жылдың 28-желтоқсанында болды. Жұрт бұл датада Алматы маңында BekAir ұшағының апатқа ұшырап, одан 12 адамның ажал құшқанына қабырғасы қайысты.
2020 жылдың шілдесінде елімізде коронавирустың таралуы өршіді. Індеттен қаза болғандар саны күрт өсті. Осыған орай 13-шілде күнін Ұлттық аза тұту күні етіп жариялау туралы шешім қабылданды.
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты 2021 жылдың 29-тамызында Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Бұл ел тарихында жарияланған оныншы қаралы күн еді.
Биыл қаңтарда Қазақстанда болған трагедиялық жағдайға байланысты жарияланған 10-қаңтар Жалпыұлттық аза тұту күнінде күштік құрылымдардың 18 қызметкері қаза болғаны айтылды. Өкінішке орай бұл сандар әлі де көбеюі мүмкін…