Маңызды

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУДА

Осы аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында салынып жатқан 9 және 12 қабатты барлығы 15 көпқабатты үйдің «А» және «Б» блогын инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын көрді. Бүгінде аталған тұрғын үйлерде тұрғындарға жағдай жасау үшін байланыс, жарық, су және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүріп жатыр. 2022 жылы үйлердің маңы толық реттеліп, заман талабына сай болады.

Қазіргі таңда қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы №9 көшесіндегі 9-12 қабатты 32 үйдің де инфрақұрылымын жақсарту, абаттандыру, ауыз су, кәріз, байланыс және электр қуатымен қамту жобалары қолға алынған. Бүгінде әкімшілік-іскерлік орталығында аталған нысандардан бөлек көпқабатты тұрғын үйлер салынуда.
Өмірзақ Шөкеев мердігер компания өкілдерімен және құрылысшылармен тілдесіп, нысандарды дер кезінде әрі заман талабына сай салып, елге тапсыру міндеті тұрғанына тоқталды. Әкімшілік тарапынан өзекті мәселелерді шешуге қолдау көрсетілетінін айта келе құрылысқа жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.
Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталықта 2020 жылдан бастап 7, 9 және 12 қабатты жалпы 82 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Ондағы пәтерлер саны 5313-ке жетеді. Оның ішінде 4039 пәтер кредиттік негізде үлестірілетін болса, 1274 пәтер баспана кезегінде тұрғандарға беріледі. Құрылыс жұмыстарының барлығы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Сол 82 тұрғын үйдің 45-і 12 қабатты (210,5 мың ш.м, 3237 пәтер), 5 үй — 9 қабатты (14,02 мың ш.м, 225 пәтер), 32 үй — 7 қабатты (116,4 мың ш.м, 1851 пәтер).

Пікір жоқ

Пікір қалдыру