ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУ УАҚЫТЫ БІР ЖЫЛ МА?

Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында азаматтардың өз зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алу, емделу, қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалануға құқық беретін мүмкіндікті қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Президенттің бұл тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдың басынан бастап Қазақстан азаматтары зейнетақы жинағының белгіленген нақты шекті сомаларынан асқан бөлігін жоғарыдағыдай мақсаттарға жаратуға қол жеткізген. Тоқаевтың тың бастамасының арқасында біраз азаматтар жылдар бойы бас ауыртқан баспана мәселесін реттеп алды.

Ағымдағы жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында азаматтардың жинақтағы қаражатының бір бөлігін белгілі бір мақсаттарға жарата алатын бұл бастаманың осы жылғы нәтижесі туралы «Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрғын-үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты»,-деп мәлімдеген еді.
Мемлекет басшысы осы мәліметтерді келтіргенде алдағы уақытта тұрғын үй жағдайын жақсартатын азаматтардың саны еселей түсер деген үмітке толы болжамдар болған. Алайда…
Осы айдың басынан бастап билікте отырғандар қарапайым халықтың зейнетақы жинағының бір бөлігін алуын қиямет қайымға айналдыратын ережені жайып салды. Соған сәйкес келер жылдан бастап зейнетақы қорында қалуы тиіс теңгенің шекті мөлшері бастапқыдан екі есеге бір-ақ көтерілді. Мәселен, биыл қолданылған ереже бойынша 20 жастағы азамат үшін зейнетақы қорында қалуы тиіс теңгенің шекті мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап бұл сома 3 140 000 теңге болуы керек. Жиырмаға енді кірген, қолында дипломы жоқ жас қорға 3 миллионнан астам қаржы салым салуы үшін қанша жастан бастап және қай жерде жұмыс істеуі керек деген сұраққа бас қатырмаған жауаптылардың 30 жастағы азаматтың зейнетақы қорында қалуы тиіс теңгесінің шекті мөлшері биылғыдай 2,5 млн емес, 4 370 000 болуы керек деген талабына не айтуға болады? Қырыққа келген кісіде 5 790 000 (2021 жылы – 3 420 000) теңге, елуді еңсерген азаматта 7 430 000 (4 470 000) теңге, алпысты алқымдағандарда 9 120 000 (5 560 000) теңге болуы керек.
Мұндай тосын талап жинақталған қаражатының бір бөлігін шешіп алу үшін құжаттарын рәсімдеп, әні-міне үй аламыз деп жүрген талай азаматтың көңілін күпті етті. Жауапты министрліктің мұндай шешімді ескертпестен бұрқ-сарқ етуін халық наразылықпен қабылдап отыр. Ал экономистер болса, бұл қадамды қордағы қаражаттың түгесілуінен туындаған шұғыл шешім деп болжайды. Кейбір сарапшылар мұны халыққа ақша бермеудің амалына балайды.
Ал «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов болса шекті соманың өсуін төмендегіше түсіндіреді.
«ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты біржолғы зейнетақы төлемін алудың шекті мөлшерін есептеу жыл сайын аталған көрсеткіштердің өсуін ескере отырып жүргізіледі».
Осы ретте ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сынды әлеуметтік көрсеткіштер екі есеге бір-ақ өспегені Жанат Құрмановтың ойына да кіріп шықпайтын сыңайлы.
Бастапқыда Үкімет пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «жеті рет кесіп, пішкен» шешімі деп, сүттен ақ, судан таза болғысы келіп көрінген зейнетақы қорындағылардың жауабының қисынсыз екенін экономист Айдар Әліпбаев та қуаттайды. Өз сөзінде ол «Қордың айтқан жауабы логикаға келмейді. Жай ғана мәселеден сытылып шығу. Себебі жұрттың жалақысы онсыз да аз. 100 мың айлық алатындар бар. Менің ойымша, шартты бұлай күрделендіру азаматтар өз зейнетақы жинағын шеше алмасын дегенге саяды» дейді.
Зейнетақы қорындағылардың шекті соманың өсуін ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңға тіреп қоюы логикаға сыймайтынын Мәжіліс депуттары ашық айтты.
Төменгі палата депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев жұрттың наразылығын тудырған бұл шешім зейнетақы қорындағылардың салымшылармен кері байланысының жоқтығының көрінісі деп есептейтінін айта отырып, «Бұл ақша – миллион адамның маңдай тері. Екіншіден, жұрттың зейнетақы қорының табыстылығына қатысты сұрағы көп. Халық өз қаражаты құнсызданып бара жатқан соң, Қордан алып, қажетіне жұмсап жатыр. Соған байланысты Қор қаражатты басқару жөнінде ашық жұмыс істеуі тиіс. Салымшылар оған сенуі тиіс. Өкінішке қарай ондай әрекет көріп тұрған жоқпыз» деп айтады.
Мәжілістегілер қор шекті қаражат мөлшерін жарияламас бұрын қоғамдық талқылау жүргізуі керектігін қадап айтқан.
Бұл мәселеге қатысты қордағылардың жауабының сиқы әлгіндей болса, жауапты министрлік жұмған аузын ашар емес. Ал қарпайым халық болса тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асқан қаражатын «Отбасы банкіне» аудару үшін қаржы ұйымына қарай ағылып жатыр. Қазіргі таңда қордағы қаражаттың шекті мөлшерінен асқан сомасын шешуде уәкілетті оператор болып табылатын «Отбасы банкінің» алды ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Шекті соманың өсуі туралы шешім шыққаннан бері елімізде 82 мыңнан астам азамат қордағы қаражатын «Отбасы банкіне» аудару үшін өтініш беріп үлгерген.
Яғни осыншама жұрт жыл соңына дейін тұрғын үй жағдайын жақсартуға толық мүмкіндігі бар деген сөз. Ал баспанаға деген сұраныстың артуынан, баға еріксіз аспандай түсетіні тағы анық. Мамандар мұндай дүрбелеңді құрылыс компанияларының өз пайдасына шешіп, олардың баспана бағасын бірнеше есеге өсіріп жіберуі қалыпты құбылыс екенін алға тартады. Сондықтан да олар онсызда қымбатшылық қысқан қазіргі уақытта қиналып жүрген халықты тығырыққа тіремес үшін мемлекет шұғыл шара қолдану қажет деп санайды.
Бірақ мемлекет шара қолданатын сыңай танытар емес. Кеше Үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смайылов дәл осы мәселеге қатысты журналистер сұрағына жауап берді. Өз сөзінде ол зейнетақы қорында қалуы тиіс теңгенің шекті мөлшері ең төменгі жалақыға негізделіп есептелетінін алға тарта отырып, «Өздеріңіз білесіздер, ең төменгі жалақы өсті және бұл дұрыс. Соның нәтижесінде жеткілікті шек те көтерілді. Ең төменгі айлық шамамен 41%-ке артты. Тиісінше, соның артынан жеткілікті шек те өсіп отыр», -деді ол.
Ал Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысының зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеруді 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін созғанын хабарлады. Мұның өзі зейнетақы жинағын пайдаланып үлгермеген көпке демеу болғаны жасырын емес. Әйткенмен көкейде сауал сайрап тұр.
Сонда Президент тапсырмасының орындалу уақытының шекті көлемі бір жыл болғаны ма?

С. НҰРАЙ.