Маңызды

ЦИФРЛАНДЫРУ САЛАСЫН ДАМЫТУ – ЖАСТАРҒА БАҒЫТТЫ ДҰРЫС КӨРСЕТУДЕН БАСТАЛАДЫ

Газетіміздің өткен санында «Шымкентте керемет жобалар жасап жатқан жалынды жастарды көрдім» атты мақала жарияланған болатын. Онда еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Шымкенттегі Silkway Халықаралық университетінің базасындағы инновациялық жобаларды жасап жүрген жастардың белсенділігіне тәнті болғаны айтылған. Біз сандық технологияға негізделген инновациялық жобаларды жасауда аталған ведомства басшысының көңілінен шыққан оқу орнына арнайы барып, университеттің цифрландыру жөніндегі проректоры Нұрлыбек Срайұлы Жұматаевпен әңгімелесіп қайтқан едік.

– Нұрлыбек Срайұлы өткен жылдың қараша айында Шымкенттегі Silkway Халықаралық университетінің базасында «Smart Hub» ІТ орталығы ашылды. Оқу орны базасындағы бұл орталық арнайы конкурстарға қатысу арқылы елордадағы «Астана Hub» ІТ орталығының Шымкент қаласындағы өкілі де атанды. Орталықтың ашылғанына төрт айдан аса уақыт өтті. Қандай жұмыстарды қолға алдыңыздар? Жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Жалпы осы Silkway Халықаралық университетінің базасында орналасқан «Smart Hub» IT орталығы ашылғанда алға қойған ең басты мақсат –шығармашыл және жаңашыл жастардың басын қосу болды. Таңдау критерийлеріне сай біз өзін еркін сезінетін, жаңаша ойлай білетін, алға қарай ұмтылатын жастарды іріктеп, оларды ортақ мақсатта жұмыс істеуге жұмылдыруды дұрыс жолға қойдық деп сенемін. Қазір біздің орталықта 22 жас жұмыс істейді. Олардың барлығы ІТ бағдарламаны меңгерумен қатар, заманауи әдістерді де жетік біледі. Бұдан бөлек, орталықта арнайы оқу курсы ашылған. Онда 60 тыңдаушы бар. Олардың жартысы өзіміздің студенттер болса, қалғаны оқушылар немесе өзге мекемелердің мамандары. Олар үш ай бойына бағдарламалау, анимация, робототехника бағыты бойынша шеберліктерін шыңдайды. Бүгінде олар курстың екінші айына аяқ басты. Біз олардың арасынан іріктелген мықты мамандарды командамызға қоссақ деп отырмыз. Мейлі олар оқушы болсын, мейлі басқа жерде жұмыс жасасада да бізбен шығармашылық байланыста болса болғаны.

– Жалпы осы орталықтың жұмысына тартылған университет жастары қандай жобаларды жасап шығарды?

– Орталық ақылды технологияларды жасауға екпін түсірген. Ақылды технология дегеніміз не? Ол адам сияқты ойлай алмайды. Бірақ адам ойламаған дүниелерді автоматтандыратын жүйелер. Немесе біздің күнделікті өмір дағдымыздағы жұмыстардың сапасын арттыра отырып, автоматтандырылған жүйелерді айтамыз. Осы мақсатта біздің ең алғашқы жемісті жұмысыздың бірі – «Ақылды күнбағыс» жобасы. Өздеріңізге белгілі телефонды қуаттап беріп, тегін интернет тарататын «Ақылды күнбағыс» құрылғылары Шымкентте 30 жерде орналасқан. Бұл жоба өзіміздің авторлық бағдарламамыз болып табылады. Және идея авторы Қожақан Дәулет, Болат Бағдауләт және Ерназар Байдуллаев есімді студенттеріміз. Алғаш «Ақылды күнбағысты» саябақтарға орналастырған кезде, «бізде мұндай құрылғыларды тиімді пайдалануға тұрғындар әлі дайын емес. Бөлшектеп ұрлап кетуі мүмкін» деген ескертулер болды. Өкініштісі бұл сөздер шындыққа айналды. Құрылғылардың басым көпшілігінің кейбір бөліктері вандализмнің құрбаны болды. Бұзақылардың құрылғының мониторларын сындырып, аккумуляторларын пайда көріп, алып кеткен жайттар болды. Бірақ олардың барлығын біз қалпына келтірдік. Мәселен, 30 құрылғының 16-сы қалпына келтірілді. Мониторлардың барлығын алып тастап, оның орнына QR кодтарды қойдық. Яғни, сайттағы мәліметтер енді QR код арқылы қол жетімді болады. Осылайша біз «Ақылды күнбағыс» жобасын дамытып, кем-кетігін реттеп отырмыз.

– «Ақылды күнбағыс» жобасына қызығушылық білдіріп, тапсырыс беріп жатқандар бар ма?

– Түркістан қаласы мен облыстың өзге аудандары сұрады. Бірақ өзге қалаларға шығарған жоқпыз. Жоғарыда айтып кеткендей, қауіпсіздігі жолға қойылып, кем-кетігінің барлығы реттелген соң барып, тапсырыс қабылдаймыз. Әзірге бұл пилоттық жоба болып саналады.

– «Ақылды күнбағыс» жобасы орталыққа қанша пайда түсірді?

– Жобадан біз теңге жасаған жоқпыз. Бірақ құрылғы арқылы біз өзімізге зор жарнама жасай алдық.

– Бұдан бөлек тағы қандай жобаларыңыз бар?

– Бізде 12 жоба бар. «Ақылды күнбағыс» туралы айтып өттім. Енді «Ақылды жаяу жүргіншілер» жобасына тоқтала кетейін. Ол алдымен пилоттық жоба ретінде қаланың адам ізі суымайтын жаяу жүргіншілер жолағының біріне қойылады. Аталған жобаға сәйкес, түн уақытта арнайы лазерлік сәулелер арқылы жаяу жүргіншілер кедергісі көрсетіледі. Ал күндізгі уақытта жүргізушілердің назарына жаяу жүргіншілер жолағының бар екенін бу арқылы «еске түсіруді» ойластырудамыз. Кейде тұман кезде жүргізушілерге жаяу жүргіншілер жолағы көріне қоймайды. «Ақылды жаяу жүргіншілер» жобасында ауа-райының мұндай режимінде де кедергілерді көрсететін әдістері болады. Жаңбыр жауған кезде де жүргізушілер назарына алда жаяу жүргінші жолағы бар екенін бірден еске түсіретін тетіктері тағы бар. Бізде кейбір жаяу жүргіншілер жолағының бояуы кеткен. Аталған жобада жаяу жүргіншілер жолағының бояуы көшкен болса, оның түсін қанық етіп көрсететін жарықтардың жұмыс істеуі де жолға қойылады. Ол бір айдың ішінде қолданысқа енгізіледі.
Егер бұл жоба оң бағаланатын болса, өзге жерлерге де орнатылатын болады.
Бұдан бөлек, бізде «Anticovid» жобасы бар. Бұл жобаның бағдарламасы күнделікті көріп жүрген банк терминалына ұқсас құрылғыға орнатылған. Мониторы бар. Сіз оған жақындасаңыз мониторда бетпердіңіздің бар немесе жоқ екені көрініп, жазылады. Медициналық маскаңыз болса, құрылғы сізге рахметін айтады. Егер жоқ болса, арнайы қалташасын ашып, бетперде ұсынады. Содан соң құрылғыдағы тағы бір ұяшыққа алақаныңызды жайсаңыз антисептик алып, қолыңызды өңдейсіз. Енді оған дене қызуын автоматты түрде өлшейтін қызметті қоссақ, жоба толық дайын болады.
Қазір көптеген ірі сауда орындарында бетперде болмаса кіруге тыйым салынған. Сондықтан да адамдар маска алу үшін дәріханаларға барып, уақытын жоғалтады. Немесе алып-сатарлардан нарықтағы бағасынан бірнеше есе жоғары сатылып жатқан бетпердені алып шығындалады. Егер «Anticovid» жобасын сондай ірі сауда орындарына қоятын болсақ, тиімділігін аз уақытта көрсетеді деп сенемін.
Қазір мекемелерге кіріп-шығуды бақылап, қадағалайтын «турникет» қауіпсіздік жүйесі бар. Біздегі турникет жүйелерінің ішіндегі бағдарламалар шетелдің өнімдері. Оларға өзгерістер енгізу өте қиын немесе мүмкін емес. Қазір қазақстандық е-қызмет деген портал бар. Ондағы мәліметтерді мемлекеттік қызметкерлерді бақылап отыратын турникет жүйесімен байланыстыру қиындық тудырады. Бұл үшін турникет жүйесіндегі бағдарламалар өзіміздің отандық өнім болу керек. Себебі, өнімді шығарған мемлекет, мысалы, Ресей бізге жүйедегі дайын кодтарын бермейді. Біз осы кодты жасадық. Енді оны пилоттық жоба ретінде Шымкент қалалық әкімдігімен бірге қолданысқа енгізу жұмыстарын жүргізудеміз.

– Жалпы Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп, қандай жобаларды қолға алғансыздар?

– Естеріңізде болса, былтыр көктемде пандемияға орай енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты елімізде бірқатар санаттағы азаматтар үшін коммуналдық төлемдерге өтемақы төленген болатын. Бұл мақсатта азаматтардан өтінім қабылдайтын порталды жасап шығару бізге жүктелді. Біз сол кезде «НұрКомтТел» компаниясымен бірге арнайы бағдарламаны жасадық. Сол кездегі қалалық әкімдіктің тапсырмасына сәйкес біз үш күн ішінде өтінімдерді қабылдап, өңдейтін бағдарламаны жасап шығардық. Оған өзім жетекшілік еттім. Сол кезде үлкен мәселелер туындады. Мәселен, жергілікті коммуналдық мекемелердің бірегей базасы жоқ екені анықталды. Мысалы, белгілі бір үйдің тұтынылған ауыз су ақысын төлеуі үшін ашылған дербес шот сол үйдің әйелінің атында болса, ал көгілдір отын үшін ашылған дербес шот күйеуінің атына тіркелген. Яғни, жүйеленбеген. Жүйеленсе де жеке сәйкестендіру нөмірі реттелмеген. Ал келіп түскен өтінімдердің саны 30 мың. Оның барлығын газ үшін ашылған 200 мың дербес шотпен, су үшін ашылған тағы 200 мың дербес шотпен сәйкестендіріп шығу көп уақытты талап етті. Бұл мәселені өз жауапкершілігіне алған қалалық тұрғын үй басқармасы екі күнде 200 адамның өтінімдерін ғана анықтай алды. Бірақ біз бұл тығырықтан шығу үшін арнайы математикалық формула арқылы бар болғаны 15 минуттың ішінде 30 мың өтінімді сараптап, қажетті мәліметтерді анықтай алдық. Автоматтандырудың нәтижесінде біз бір жарым айға созылатын жұмысты бірер сағатта түйіндедік. Сол кезде дәл осы коммуналдық қызметтер бойынша дербес шоттардың ортақ базасын жасап беру туралы ұсыныс айтқан болатынмын. Бірақ әлі күнге дейін тапсырыс түскен жоқ.

– Университетте прототип ретінде робот сатып алғаны белгілі. Ол Сіздерге қандай көмек көрсетіп жатыр?

– Біз сол роботтың негізінде қазақстандық роботты құрастыруды қолға алдық. Бұл жобаға ден қойғанымызға екі ай уақыт толды. Қазір 30 пайыздық жұмыс аяқталды. Осы жылдың желтоқсан айында роботты түгел жасап шығарамыз. Қазіргі таңда оның екі қолы және басы жасақталып бітті. Ішіндегі бағарламалары параллель түрінде жүзеге асырылуда. Бұл бастамамызды еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қолдады. Бірақ ол жасалып жатқан робот қазақ тілін түсініп, сол тілде сөйлесін деген талап қойып отыр. Егер робот толық жасақталса, ең әуелі ол бізге ақпарат береді. Сосын бізде телеграм-боттар бар ғой. Ол жерде интеллектуалды жүйелер қосылған. Енді сол жүйені біз роботқа енгізетін боламыз. Қажетті ақпараттарды адамның кейпіндегі робот арқылы қол жеткізетін болсақ әсерлі әрі қызық болады. Екіншіден бұл жоба маркетингтік имидж. Қазіргі таңда роботты екі оқытушы және үш студентіміз жасауда. Бұл робот ең әуелі университетіміз үшін қызмет атқарады. Мұндай робот Қазақстанның басқа өңірлерінде жасалған. Ал Шымкенттегі оқу орындары арасында бірінші болып біз жасап отырмыз.

– Әкімдік тарапынан тағы қандай әлеуметтік бағдарламаға атсалыстыңыздар?

– Біз идеялар базасы деген жобаны жасадық. Оны Шымкент қалалық әкімдігіне тегін ұсынсақ деген жоспар бар. Осы жоба аясында біз арнайы сайт жасадық. Егер ол сайтты ашық ақпарат көзіне шығаратын болсақ, қаланың кез келген тұрғыны оған өтіп, қалалық әкімдіктің әр басқармасының тікелей міндетіне кіретін мәселелер бойынша өз жобасын ұсынуға қатыса алады. Анонимді емес, өзі туралы мәліметтерді қоса тіркеу арқылы. Егер оның айтқан ұсынысы тиісті басқарма тарапынан қолдау тауып жатса, авторлық құқық сақталады. Егер бұл азаматтың жобасы немесе ұсынысы жұрт көкейіне қонып жаса, оған өзге тұрғындар да дауыс бере алады. Сол арқылы сайтқа жазылған, түскен жобалардың рейтингісі шығарылады. Ал әкімдіктегі басқармалар болса, жұртты толғандырған, жұрт қолдаған мәселелер не екенін көріп, біліп, нақты жұмыстарды қолға алуына жол ашады. Бұл жобаны жақсы ойлар мен ұтырлы ұсыныстар жүзеге асатын мүмкіндік деп атасақ болады.

– Шымкент қалалық әкімдігі Сіздерге қандай қолдау көрсетті?

– Біздің барлық жобаларымыз тек университет тарапынан қолдау тауып отыр. Ал қалалық әкімдік бізге зор ақпараттық қолдау көрсетуде. Бірақ әзірге нақты қаражат төлеген жоқ. Бірақ бірқатар жобалар сәтті қолдау тапса, оған қаржы бөлуге дайын екендіктерін алға тартып отыр.

– Сіз бүгінгі жастардың сандық технология, ІТ жобаларға қызығушылығын қалай бағалайсыз? Жастардың цифрландыру саласын дамытуға қызығушылығын ояту үшін не істеу керек деп білесіз?

– Біздің университеттегі студенттердің 5 пайызы ғана ІТ жобаларға қызығады деп айтуға болады. Яғни, айтарлықтай көп емес. Соның ішінде мүмкіндікке ие, машықты маман болуға лайықтысы 2 пайыз ғана болуы мүмкін. Сандық технологияның тілін жақсы білуге қызығатындар көп. Бірақ барлығының әлеуеті жоғары емес. Олардың бұл білімге деген икемі бұрыннан қалыптаспаған. Сандық технологияда физика, матемиканы жақсы меңгермесе үлкен табысқа жету қиындау.
Сонымен қатар жастармен жұмыс істеу кезінде үлкендер жағы ұжымда жақсы ауан болуына баса назар аудару керек. Сол кезде шығармашылық жеңіс болады. Шығармашылық жұмыста жетекші маман өз қарамағындағыларға басқару, тапсырма берумен үстемдік ете беретін болса нәтиже болмайды. Сіз ұжыммен, командамен бірге жүріп, бірге жұмыс атқарып жүрсеңіз ғана нәтиже болады.
Біз шәкірттерімізге жетістікке жететін бағытты абайлап көрсетуіміз керек. Көп адамдар жастарға дұрыс бағыт көрсетемін деп оның талабын басып қойып жатқанын байқамай қалады. Бұл қауіпті жағдай. Мәселен, бүгінгі жас ІТ мамандар мен бұрынғы фундаменталды ғылымды игерген ғалымдардың арасында алшақтық үлкен. Қазіргі жастар ІТ саласы бойынша нақты дүниелерді білемін деп өздеріне сенеді. Ал аға буындар біз ғалымбыз деп өздерін биік ұстайды. Осылайша екі буынның арасында теңесу болмайды. Небір іргелі оқу орындарында ІТ мамандардың бар болып, бірақ нәтиженің жоқ болуының бір сыры осында. Мен бұл қателікті түзеуді өзімнен бастағанмын. ІТ саласы бойынша білім алып, ізденіп, шетелдерде жүріп тәжірибе жинап келсем де, сандық технология әлеміне енді аяқ басып келе жатқан жас маманның ойына, оның ашқан жаңалығына ықылас аударамын. Және оны жетістік деп санап, оң бағалаймын. Ол қажетке жарамайтын дүние жасаса да, қателік жіберсе де арқасынан қағамын. Себебі, барлық уақытта нәтижеге жету алғашқы қадамнан басталмайды. Қате нәтиженің өзі жетістік. Қателікті мойындай білсек қана, алдағы күні жеңіске жетеміз. Содан соң, шығармашылық ортада мен бастық, сен бағынушы деген болмауы тиіс. Кез келгеннің ойы тыңдалып, қолдау табуы керек.

Сұхбаттасқан: С. ИБРАГИМОВА.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру