ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ҚАРСЫ ОҚУ -ЖАТТЫҒУ АЙ САЙЫН ӨТЕДІ

2019 жылы Арыстағы оқ дәрілер сақтайтын қоймадағы жарылыс, былтыр Мақтарал ауданындағы сел мен Төлеби ауданындағы толассыз жауған жаңбырдан кейінгі су тасқыны  табиғаттың тосын мінезіне дайындықты қазірден бастау қажеттігін үйретті.

Осы мақсатта Отырар ауданында көктемде орын алуы мүмкін төтенше жағдайлармен күрес бойынша оқу-жаттығу шарасы өткізілді. Оған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты. Өңірде алғаш рет өткізіліп отырған оқу жаттығу жиынына осы жылғы төтенше жағдайлармен күреске пайдаланатын 83 техника мен 466 жеке құрам дайындығының жұмыстары көрсетілді. Айтып келмейтін апатға қарсы шаралар көрсетілген жиында сала мамандары халықты эвакуациялау жұмыстары мен қорадағы төрт түлікті қауіпсіз жерге көшірудің оңай жолдарын таныстырды. Ветеринариялық ұйымдар да төтеннен келетін төтенше жағдайға толық дайын екендерін баяндады. Айта кетейік, Сырдария өзенінің бойында орналасқан елді мекендер аумағында 32 014 бас ірі қара мал, 196 349 бас ұсақ мал, 2 134 бас түйе және 10 392 бас жылқы бар. Барлық ауылдардағы ауыл шаруашылығы жануарлары су алу қаупі туындаған жағдайда құмдағы 113,5 мың га. жайылымға айдалатын болады.
Айтпақшы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдаймен күрес бойынша кешенді оқыту алдағы уақытта ай сайын өтетінін ескертті.