Маңызды

ЖАРАСЫМДЫ ЖАНҰЯНЫҢ ИЕСІ

Қазіргі таңда отбасындағы барлық береке мен бірліктің ұйытқысы әйел екені көп айтылады. Иә, әйел заты отбасының шырақшысы. Бірақ отбасы іргесінің берік болуы ер азаматтарымызға да көп байланысты. Отбасындағы әкенің бала тәрбиесіне араласып, олардың болашағы үшін алаңдап, сол жолда тер төгіп еңбек етуі жарасымды жанұяны қалыптастырудың құпиясы.
Дәл осындай ұстанымды ұстанған азаматтың бірі Есенбек Серкебаев. Ол еңбек жолын М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да инженер, ғылыми қызметкер, аға оқытушы болып бастаған. Әртүрлі жылдар бедерінде «Қазақтелеком» АҚ-да жетекші инженер, «TS Engineering Development» ЖШС-нің бас директоры, «Компания ЮгПласт» ЖШС директорының орынбасары сынды жауапты жұмысты атқарған. 2019 жылдан бастап бүгінге дейін Шымкент қалалық №2 ауруханасының бас дәрігерінің әкімшілік-шаруашылық жөніндегі орынбасары, «Амина» клиникасының қаржы директоры қызметін абыройлы атқарып келеді. Жас ұрпаққа айтары бар, үйретері мол азамат ретінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да «Аппараттық технологиялар» факультетінің студенттеріне «Автоматтандыру мен басқару» пәнінен дәріс оқиды. Бірнеше оқулық пен 30-дан аса ғылыми еңбектер пен мақалалардың авторы болып табылады. Бір кездері ол басшы орынбасары болып жұмыс істеген су, кәріз және газ жүйелеріне арналған полиэтиленді құбырларын шығаратын «Компания ЮгПласт» ЖШС еліміздегі үздік бестікке енген зауыт ретінде танылған. Кәсіпорынның мұндай жетістік биігінен көрінуіне Есенбек Серкебаевтың іскерлік қыры көп септігін тигізген.
Ол өзіне артылған жұмысты тиянақты, тындырымды етіп орындайтын азамат ғана емес, жарасымды жанұяның отағасы ретінде де туған-туысқа, дос-жаранға, әріптестерінің ортасында да мәртебеге ие.
Отбасы, ұрпақ тәрбиесі төңірегіндегі сөзін «Әйел – үйдің ұйытқысы. Шаңырақтың сәні. Десе де ер азамат өзіне тән міндетті, жауапкершілікті сезініп, оның үдесінен табыла білмесе әйел адам қанша тырбанып, тырысса да отбасының қамалы берік болмайды»,-деп бастап, былай деп сабақтады.
«Мені жасөспірім қыздар мен бұрымды бойжеткендердің дұрыс бағыт-бағдардың болмауынан жолынан адасып жатқаны, некесіз бала туу үдерісі, аборт жасату, жаңа туылған сәбиін тастап кету сынды жәйттердің көбейгені қынжылтады. Және осындай жағдайлардың орын алуына ер баланың әке тәрбиесінен қағылған, оның бақылауынан қалғаны да әсер етпей қоймайды. Қазақта «бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды» деген жақсы сөз бар. Баланың бойындағы ерге тән қасиет, өжеттілік, мәрттік, ұстамдылық қасиеттер көп жағдайда әке арқылы қалыптасады. Әкенің қатулы қабақпен, қатқыл үнмен балаға айтқан ескертуі оның санасында үнемі сайрап жүреді. Жігітке тән жігерлік, азаматқа тән адалдықты да бала әкесінен үйренеді. Жесірді жылатпау, жетімді жәутеңдетпеу ата-бабамыздан бізге аманат болған міндет. Біз әкелер балаларымызға осыны ылғи да түсіндіріп отыруымыз керек. Сонда ғана үлкен өмірге қанат қаққан ұл қайда жүрсе де ұяда естіген сол сөзді ұмытпай, қаракөз қыздардың тағдырын бұзбай, керісінше оларды қорғап, қолдап жүреді. Айтайын дегенім, дұрыс тағылым тыңдап, дұрыс тәрбиені бойына сіңдірген бала ешкімнің де көңіліне қаяу түсірмейді деп білемін».
Өмірлік жары, білікті гинеколог дәрігер Ләззат Сафарбаевамен бірге үш ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған Есенбек Серкебаевтың бала тәрбиесі төңірегінде айтатын ойы осымен шектелмейді.
– Әкенің қыз бала тәрбиесінде алар орны өте маңызды. Қыз бала елдің көркі. Үйдің гүлі. Мұндай керемет теңеуге әрдайым лайық болу үшін қыз бала үнемі өзін биік ұстауы керек. Бойынан ізеттілік, жанашырлық, адалдық, сыпайылық сынды қасиеттер ешқашан жойылмауы тиіс. Сонда ғана ол үнемі құрметке бөленіп, абыройға кенеліп жүреді. Осы сөзді қызыма айтудан жалықпаймын. Түптің түбінде адалдық, әділеттілік жеңетінін айтып, оны кісінің ала жібін аттамауға шақырамын. Қандай жағдай болмасын оны құрмет тұтып, пікірімен санасамын. Содан болса керек, қызымыз бізге өзінің жоспарын айтып, арман-мақсаттарымен бөліседі. Жуырда қызым Амина Серкебаева Лондон қаласында жанды дауыста өткен халықаралық ән байқауында Қазақстанның атынан жалғыз үміткер болып қатысып, 1-ші орынды иеленіп, келесі жылы Англияның астанасы Лондон қаласында өтетін гала-концертке арнайы жолдамаға шақырту алып отыр. Өзі Шымкенттегі Саз колледжінде білім алады. Оның өмірдегі бұл жетістігі Саз колледжінің ұстаздары берген білімі мен отбасындағы үйлесімді тәрбиенің жемісі деп түсінемін.
Есенбек Серкебаев өмірлік серігі Ләззат жеңгемізбен бірге қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп жатқан қызының орны бір төбе болғанмен, үш ұлының да жетістерімен мақтанатынын айтты.
Үлкен ұлы Серкебаев Қайрат Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқып жүрген кезінде-ақ қалалық және республикалық пәндік олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы болған. Бүгінгі таңда Қазақстан-Британ Техникалық университетінде білім алады.
Кейінгі екі ұлы Қайсаржан мен Қарасай қаламыздағы Ө. Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-лицейінің үздік оқушылары. Қайсаржан математика пәнінен бірнеше рет қалалық және Республикалық олимпиадалардың жеңімпазы. Мектеп мақтаныштары. Бұл туралы ол:
– Балаларымның оқуда озат болуы қолмен қоя салғандай оңай болды десем артық болады. Біз жұбайым Ләззат екеуміз бала кезінен бастап олардың танымын, ойларының көкжиегін кеңейтуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Сол үшін де бос уақытын тиімді пайдалануды үйреттік. Спортқа баулып, түрлі үйірмелерге апардық. Яғни, білім мен спортқа деген қызығушылығын ояту үшін тер төктік. Баланы естияр, жауапкершілікті сезіне білетін, айтқан тілді алатындай етіп өсіру үшін ата-ана жастайынан оның уақытының тиімді өткізуіне көп көңіл бөлу керек дер едім. Сонымен қатар демалыстарда ауылдағы ата-әжесінің де «мектебіне» жіберіп тұрудың пайдасы көп болатынын ұмытпаған жөн,-дейді.
Бала тәрбиесіне баса мән беретін Есенбек Серкебаев өмірлік жары Ләззат Сафарбаевамен бірге жарасым тапқан жанұяның иесі бола білгендерінің басты құпиясы әрдайым түсіністік пен сыйластықты ту ете білулерімен тығыз байланыстырады.
Ал сіздің отбасыңыздағы жарасымдылықтың сыры қандай оқырман?!

М.ӘБДІРАЙЫМ. 

Пікір жоқ

Пікір қалдыру