Маңызды

Азық-түлік бағасының шарықтап бара жатқанын жазып жүрміз. Кейбір тауар түрлерінің бағасы бірден 80 пайызға өскенін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты. Қоғамның екі бүйірінен қысып бара жатқан қымбатшылық азық-түлік тауарларымен шектелмейді. Тұрмыстық техниканың бағасында да өсім байқалады. Қымбатшылық әсіресе Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында айқын білініп отыр.

Energyprom.kz порталының мәліметіне сүйенсек, тоңазытқыш пен мұздатқыш 15,8 пайызға, асүй плиталары 17,2 пайызға, кір жуғыш және ыдыс жуғыш машиналар 22 пайызға, шаңсорғыш 25,1 пайызға қымбаттаған. Тұрмыстық техника бағасының шарықтауын белгілі экономист Мақсат Халық әлемдегі инфляция мен геосаяси жағдайлармен байланыстырады. «Импорттық инфляция дейді.Сырттағы тауарлардың қымбаттауы.Яғни ол елге келген кезде одан әрі қымбаттауы. Мысалға биыл доллардың өзі құнсызданды. Ол жақта өйткені Америкада инфляция 8,5 процентті құрады. Ол нені көрсетеді, демек Европада да, Америкада да тауарлар бағасы өсіп жатыр» дейді ол.
Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бағаның бұлайша құбылуы әрі қарай да жалғаса береді. Әлемдік саясаттағы оқиғалардың өзі жақын арада аяқталмайтынын аңғартқандай. Сәйкесінше, азық-түлік, киім-кешек және тұрмыстық техника бағасы да жуық арада тұрақталмайды.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың мәселесі – жалпы елдің, қоғамның түйткілді түйіні. Жастар арасында мәселе де жоқ емес. Мәселен, соңғы уақытта есірткіге әуес жастардың қатары қалыңдап бара жатыр. Мұны ресми статистика дәлелдеп отыр.

Есірткімен күрес қаншалықты қарқынды жүргенімен, жастарды ғасыр індетінің құрығынан толық құтқару мүмкін болмай тұр. Күн сайын есірткі саудасымен айналысатын сайттар ашылып, саны көбеюде. Арнайы лабораториялар да көптеп анықталып жатыр. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстанда есірткіге тәуелді адамдардың саны азайып келеді. Десе де арқаны кеңге салып, бұны оң өзгеріс деп санауға болмайды. Өйткені олардың саны шын мәнінде өсіп жатыр дейді мамандар.
«Олар көбінесе біздің орталықтарға келмеуге тырысады. Өзіңіз білесіз біздің орталықта есепте тұрса, жұмысқа тұруы қиын. Қиын болғанда ешкім алмайды да оны. Сондықтан жекеменшік клиникаларға барып емделгенді дұрыс санайды» дейді психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев. «Тездік», «экстази», «метамфетамин», «тұз» — мұның бәрі жастар арасында кеңінен танылған психотроптық заттардың түрлері. Бұрын ол елімізге заңсыз жолмен Қытай немесе Ресейден кіргізілетін. Соңғы жылдары елімізде де әзірлене бастаған. Айта кету керек, Қазақстан бойынша 18 мың есірткіге тәуелді азамат есепте тұр. Оның 2500-і әйел болса, 94-і – жасөспірім. Тіркеудегілердің басым бөлігі – 14 пен 25 жас аралығындағылар. Қазіргі күрес әдісі өз нәтижесін жоғары деңгейде беріп отырған жоқ. Сондықтан тың, жаңа күрес әдісі қажет секілді. Себебі сайттар бұғатталғанымен, орнына сайт ашып, сауданы жүргізе беру оп-оңай. Осыны ескерсек екен…

Әлеуметтік желіде біраздан бері оқу жылын ұзарту мәселесі кеңінен талқыланып келе жатыр. Бірі қолдады, енді бірі дұрыс емесін жазып жатыр. Дегенмен жуырда ақпараттың анық-қанығы белгілі болды. Нақтырағы, аталған мәселе күн тәртібінде тұр. «Ашық НҚА» порталында Оқу-ағарту министрлігі бұйрығының жобасы жарияланды.

Құжатқа сенсек, 1-сыныптарда оқу жылының ұзақтығы 35 апта болса, 2-11 (12) сыныптарда 36 оқу аптасы болады. Алдағы оқу жылында барлық сыныптарға мынадай каникул кезеңін белгілеу ұсынылады. Күзгі каникул 2022 жылдың 31 қазанынан 6 қарашасына дейін, яғни 7 күнге созылады. Қысқы каникул 31 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында болады. Көктемгі каникул 18-26 наурыз аралығын қамтиды. Бірінші сынып оқушылары үшін де қосымша жеті күндік каникул енгізіледі — 2023 жылдың 6 ақпаны мен 12 ақпанын қоса алғанда.
«Қосымша екі оқу аптасын қосу арқылы оқу жылының ұзақтығын арттыру күніне сабақтар санын азайтуға, күрделі тақырыптарды оқу қарқындылығын төмендетуге, білім беру процесін дамытатын оқыту қағидаттарында ұйымдастыруға мүмкіндік береді» делінген хабарламада. Айта кету керек, бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 2 тамызға дейін жалғасады.

Ғаламтор қоғам өмірін жеңілдетумен қатар, өзіндік зардаптарын да әкеліп жатыр. Бұрындары қулық-сұмдықтың түрі аз болса, ғаламтор қолданысқа енуімен олардың саны күрт артты. Бүгінде қылмысты экранның арғы бетінде отырып-ақ жасайтындар көбейген. Ең өкініштісі, көп жағдайда олар анықталмай жатады. Олардың әдісі де сан түрлі. Жақында алаяқтар баратын тағы бір әдіс әшкере болды.

Бұрындары олар алаяқтардың «банктен» қоңырау шалуы кең қолданылса, енді азаматтардан халықты алдап жүрген кредит менеджерлерін әшкерелеуге көмектесуді сұрайтын болған. Мәселен, 48 жастағы Юрий Фоминых күтпеген жерден қарызға батты. Ер адам 4 миллион теңгеге екі кредитті қалай рәсімдегенін түсінбей отыр. Енді ол ай сайын банктерге 120000 теңге төлеуге мәжбүр. Оның мұндай төлемге шамасы келмейді. Жәбірленушінің айтуынша, ол адамдарды аяусыз алдайтын интернет-алаяқтарды әшкерелеймін деп қарызға батқан. Бейтаныс біреулер телефон соғып, өздерін Ұлттық банктің қызметкерлеріміз деп таныстырған, сыпайы сөйлесіп, көмек сұраған. Юрий бұл әрекеттің астарында алаяқтардың арам пиғылы жатқанынан сезіктенбей, көмектесуге келіскен.
«Олар банк қызметкерлерін тексеру керек деп түсіндірді. Олар өздерін таныстырып, аты-жөнін, жеке куәлік нөмірлерін, байланыс телефондарын айтты. Егер күмәндансам, рас-өтірігін анықтауыма болатынын жеткізді. Мен қайта хабарласқанымда, расында да мұндай адамдар жұмыс істейтінін айтты. Сондықтан сеніп қалдым» дейді жәбірленуші. Алаяқтар ұялы телефонға қоңырау шалып, өздерін банктегі қауіпсіздік қызметінің мамандары немесе полиция қызметкері деп таныстырады. Кейін адамдарды алдап жүрген кредит менеджерлерін әшкерелеу үшін арнайы операцияға атсалысуды сұрайды. Алаяқтардың айтуынша, мұндай менеджерлерді анықтау үшін кредит алып, ақшаны арнайы есепшотқа аудару керек. Ал полицейлер халықтан бейтаныс адамдардың қоңырауына сенбеуді, оларға кредит алып бермеуді сұрайды.
«Ішкі істер органдары жүргізіп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, азаматтардың аңғалдығы таңғалдырады. Біздің облыста жұмыс істеп тұрған банктердің қызметкерлері банктен ешкім телефон соқпайтынын жақсы білсе де, өздері алаяқтардың құрбаны болған. Күдіктілердің көп жағдайда Қазақстаннан тыс жерде болуы қылмысты ашуды қиындатып отыр. Сондықтан жәбірленушілер кредитті төлеуге мәжбүр болады» деді СҚО ПД аға жедел уәкілі Андрей Акопян.

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті биыл жыл басынан 366 білім беру ұйымының 181-іне аттестаттау жұмыстарын жүргізген. Оның ішінде 106 балабақша, 73 мектеп, 2 колледж бар. Нәтижесінде 14 білім беру ұйымы аттестатталса, талаптарға сәйкес келмегені 167 болды. Бұл көрсеткіш мемлекеттік аттестаттау жүргізілген білім беру ұйымының 92,2% құрайды. Бұл туралы департамент басшысы Ғалымжан Алматов мәлімдеді.

«Жыл басынан бері электрондық үкімет веб-порталының www.egov.kz, www.elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы 130 мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініш түскен. Қаралған 130 өтініштің 22-сі қанағаттандырылып, біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 108 өтініш кері қайтарылды. Сондай-ақ, 7 білім беру ұйымына және жаңадан ашылған 9 білім беру ұйымына лицензия және лицензия қосымшалары қайта рәсімделіп берілді» деді департамент басшысы.
Департамент алдағы уақытта білім беру ұйымдарының жаңа 2022-2023 оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізуді жоспарлауда. Оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешенімен қамтамасыз ету, «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, мектеп құрылысы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен жабдықтау, мұғалімдердің кәсіби қызметін қамтамасыз ету бойынша білім басқару органдарына мониторинг жұмыстарын жүргізеді.

Кентау қаласында заңнан аттап, табиғатқа қасақана зиян келтірушілермен күрес күшейді. Нақтырағы, қала көлемінде жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларды анықтау мақсатында қала әкімі Рашид Аюповтың өкімімен жұмысшы топ құрылған. Сонымен қатар қала әкімінің орынбасарымен Кентау қаласы аумағында және қалаға қарасты 4 ауылда жер қойнауын өз бетінше пайдалануды болдырмау жөніндегі мобильдік топтар құрылып, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

«Кентау қаласында заңсыз жер қойнауы пайданушылар «Астана», «Қаратау» мөлтек аудандарында және «Қосқорған», «Ырмақ өзен» су қоймаларының жанында жиі фактілер анықталады» дейді бөлім басшысы. Жыл басынан бері қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, қалалық полиция бөлімі, қалалық жер қатынастары бөлімі және БАҚ өкілдерімен бірлесіп 23 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Нәтижесінде қала аумағындағы Бала Бургем мөлтек ауданы, «Қызыл әулие мазары», «Байылдыр қалдық қоймасы», Қаратау мөлтек ауданы және Су қоймасы маңдарынан жер қойнауын заңсыз тасымалдап жүрген ауыр жүк көліктері анықталды. Анықталған фактілер бойынша заң талаптарына сәйкес шара көру үшін қалалық полиция бөліміне жолданған. ҚПБ тарапынан 22 ауыр жүк көліктеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы шара көру мақсатында, Түркістан облысының экология департаментіне жолданған. Аппараттық жиында атқарылған жұмыстар барысын баяндаған бөлім басшысына қала басшысы бірқатар тапсырмалар берді. Әлі де бұл жұмыстар баяу жүріп жатқанын тілге тиек етіп, жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларды тоқтату жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бөлім басшысына соңғы ескерту жасалды. «Тексеру және тиісті шаралар көрілу жұмыстары жандануы тиіс» деді.

Түркістан қаласының климаты баршаға бірдей қолайлы емес. Жаз ыстық әрі ұзаққа созылады. Сондықтан қаланың ауа райын жақсарту мақсатында жергілікті әкімдік тарапынан қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда экологияны жақсарту мақсатында қала маңына 13 мың га аумақта «Жасыл белдеу» жобасы мен «Азық-түлік» белдеуі жобасы іске асырылған. Екіншісінің нәтижесі көгалдандырумен бірдей. Онда тамшылатып суғару технологиясы қолданылады.

Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Астананың климаты енді көбіне белгілі. Көп адам былайша айтқанда күмәнмен қарады. Бірақ Астанада осы көгалдандыру арқылы климатты шамалы болса да өзгерту мүмкін екенін дәлелдедік. Сол тәжірибені пайдаланып Түркістанда да біз соған кірістік» дейді. Аталған бастаманың тарихына үңілсек, 2020 жылғы 1 кыркүйектегі мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасын орындау мақсатында 2 млрд ағаш егу жұмыстары бекітілген. Кешенді жоспарға сәйкес, облыс көлемiнде бес жылдың iшiнде мемлекеттiк орман қоры жерлерiнде 110 мың га алқапқа 170 млн ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. 2021 жылы 14 619,4 га жерге 18,707 млн ағаш-көшеттері отырығызылып, жоспар толығымен орындалды. 2022 жылы 16 940 га жерге 22 млн ағаш-көшеттерін отырғызу жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласының айналасынан құрылған «Жасыл белдеудің» жоспарланған 29 511 гектар жер көлемiнiң, бүгiнгi таңда 13 629 гектары орындалған. Жасыл белдеу құру жұмыстарына облыстық бюджеттен тиiстi қаржылар бөлініп, әуежай және рекреациялык аймақта 400 гектардан астам жерге тамшылатып суғару жүйесі және көшеттерге тiрек толығымен орнатылды. Қазіргі кезде абаттандыру және тазалық жұмыстары жүргiзiлуде.
Сонымен қатар жаңа әкімшілік іскерлік орталығындағы 50 гектар алма бауы жаңартылып, тамшылап суғару жүйесi және көшеттерге тірек орнатылып, қоршау және абаттандыру жұмыстары жургiзiлуде. ҚР Орман кодексiнiң 54 бабының 1.1 тармағына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн уран өндiру үшiн пайдаланған кезде, екі есе мөлшерде орман екпелерiн отырғызу және орманға айналған алқапқа ауыстырылғанға дейін оларды күтіп-ұстау жұмыстары мiндеттелген. Осыған байланысты, «ҚазАтомПром» мекемелерiмен 20 024,5 гектар жерге орман екпелерiн отырғызуға, оның iшiнде жапырақты ағаш-көшеттерін 2 974,5 гектарға, ал сексеуіл көшеттерін 17 050,0 гектарға отырғызуға келiсiмшарт жасалған. Бүгінгі таңда 4 500 га, оның iшiнде, жапырақты ағаш-көшеттер 764 га, сексеуіл 3 736 гa отырғызылған. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 30 млн-ға жуық көшет ендiрiлдi. Алдағы уақыта тиісті сала басқармасына қарасты мекемелердiң күшiмен 60 млн ендіріледі.

«Жасыл ел» — 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы елордада «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып, өңір-өңірде бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді. Аталған бағдарлама күні бүгінге дейін көптеген жастың Отанға деген сүйіс-пеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстырып келеді.

Аталған бағдарлама аясында 2017 жылы «Jasyl el» жастар еңбек жасақтарының Түлкібас аудандық штабы құрылған. Белсенді жастардың басын қосқан ұйым осы уақытқа дейін көгалдандыру мен абаттандыру ісіне айрықша үлес қосып, еңбек етіп келе жатыр. Қазіргі уақытта жасыл ел сарбаздары аудан орталығында орналасқан саябақтар, аллеялар, тұрғын үй аулаларында, көше бойларында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың белсенділігі жоғары. Жұмысы да жемісін беруде. Мұны аудандағы тап-таза саябақтардан көруге болады. Бұдан бөлек, жастар халықтың экологиялық сауатын арттыру бағытында да жемісті еңбек етіп келе жатыр. Аталған жастар жасағына қосылуға ниеттілердің де қарасы қалың.
Қазығұрттық жастар да абаттандыру жұмыстарында белсенділік танытуда. Нақтырағы, Қазығұрт аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары аптаның сейсенбі және жұма күндері, ауданға керемет көрік беріп тұрған сәндік ағаштарын суғарып тұруды жөн көріп, перзенттік парыз деп санап, өз үлестерін қосуда.

Қоршаған ортаны қорғау мен таза ұстау – әр азаматтың желкесіне жүктелетін жауапкершілік. Ал бастамаға мұрындық болу мен ұйымдастыруды жергілікті әкімдіктер атқарады. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта өңірлердің тазалығын насихаттап, қоршаған ортаны қорғауды мақсат еткен шаралар жиі өткізіліп келе жатыр. Азаматтардың экологиялық сауатын арттыратын осындай игі бастаманың бірі Келес өңірінде өтті.

Нақтырағы, өткен аптада Келес ауданында «Қоршаған ортаның тазалығы – денсаулық кепілі» атты сенбілік ұйымдастырылды. Аталған сенбілік жұмыстары «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалының мұрындық болуымен өтті. Тазалық шарасына Келес ауданының ауыл, ауылдық округтерінің қызметкерлері де қолғабыс болып, белсенді атсалысты. Санитарлық тазалық жұмыстарының басым бөлігі республикалық маңызы бар А-15 «Жиззах-Гагарин-Жетісай-Киров-Қызыләскер-Абай-Сарыағаш-Жібекжолы» автомобиль жолының Келес ауданы аумағындағы бөлігінде өтті. Тазалық шарасына 6 техника жұмылдырылды.
Жалпы Келес өңірінде мұндай игілігі мол бастамалар ұдайы ұйымдастырылып келе жатыр. Әуелгіде шараға қолдау көрсетушілер саны аз болса, уақыт өте келе қатары қалыңдаған. Қала берді тұрғындардың да экологиялық сауаты артып, қоршаған ортаны ластамау мен қорғауға айрықша үлес қосып келе жатыр. Оның ішінде жастардың белсенділігі айрықша екенін баса айта кеткен дұрыс. Сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасады. Жергілікті әкімдік мұндай шараларға тұрғындардың жиі қатысуы керегін айтады. Сонымен қатар қоршаған ортаны ластамаудың өзі – табиғатты қорғаудың ең алғашқы қадамы дейді ұйымдастырушылар.

Түркістан облысы электр қуатының негізгі бөлігін сыртқы көздерден алады. Сондықтан аталған мәселе күні бүгінге дейін өз өзектілігін жойған жоқ. Өңірде баламалы энергияға көшу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатыр. Жуық арада облыстағы энергия тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілмек. Толығырақ тоқталайық…

Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындармен кездескен болатын. Жүздеген адам жиналған жиында өңір басшысы алдағы уақытта атқарылатын бірқатар жұмыстар жайына тоқталып өтті. Айрықша айта кетерлігі, өңірге инвестиция тарту мақсатында үлкен жоба іске асырылуда.
Соның бірі – «Өгем өзенінде су электр станциялары каскады». Бұл жоба бойынша облысқа 293,3 млрд теңге жеке инвестиция тартылады. Жобаның болжамды құны 722,8 млрд теңгені құрайды. Құрылыс 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады. Бұл туралы облыс әкімі «Аталған жоба іске асқан жағдайда облыстың оңтүстігіндегі тұрғындарды түбегейлі ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз. Өздеріңізге белгілі жыл сайын елімізде электр дефициті байқалып келеді. Облысқа қажетті электр қуатының 80%-ы сыртқы көздерден тасымалданады (қажеттілік 320 МВт). Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, 1000 МВт Газ станциясын (ПГУ) салуды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылдың 15 шілдесінде аукцион өткізіліп, жеңімпазы болып «ПГУ Түркістан» ЖШС-гі анықталды. Құрылыс кезінде 2000-2500, пайдалану кезінде 200-250 тұрақты жұмыс орны ашылады» деді.
Бастама жүзеге асса, облыстағы энергия тапшылығы мәселесі толық шешіледі. Дегенмен мұның өзі жарық пен қуатты ретсіз пайдалануға болатынын аңғартпайды. Талғамы биік оқырман қауым мұны айқын біледі деген сенімдеміз.