Маңызды

«Сыбайлас жемқорлық – заман ағымымен бірге» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әркеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып талапшылдық танытумыз қажет.

 

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды қағидаларын теріске шығарып, құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы» заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарата отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Старатегияда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік әрбір қазақстандық азаматтық ұстанымына, ал адалдық пен сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналуы керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда өскелең ұрпақпен жұмыс істеу қажет. Адамды бала кезінен қазақстандық патриотизм және сыбайлас жемқорлықты қабылдамау рухында тәрбиелеп өсіру керек. Стратегияның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету.
Жергілікті әскери басқару органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша тәжірбиелік жұмыстар үнемі жүргізіледі. Заңнаманы зерделеу бойынша сабақтар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормалары бойынша семинарлар тұрақты түрде өткізіліп отыр.

А. Алибеков,
Шымкент қаласының
мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік
сотының жетекші маманы.

Бесік – дүние есігін жаңа ғана ашқан жас нәрестенің ең алғашқы ұясы, жып-жылы төсегі, мамық отауы. Бесік – қаншама ғасырлар бойы ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. Бесік – қасиетті Құранда аты аталған бұйым. Алла Тағала Иса пайғамбар туралы мынадай аят түсірген. Онда «Сондай-ақ ол бесікте де, ересек-егде шағында да адамдармен тілдеседі әрі ізгі жандардың бірі болады». Ол – сәбидің сүт еметін шағында жататын орны. Құлап қалмауы үшін бала соған салынып қойылады» делінеді.

 

Қашаған ақынның «Пайғамбарлар туғанда, Бесік болған бұл ағаш» деп жырлауы да тегін болмаса керек. Осының бәрін жақсы білген, дұрыс зерделеген ата-бабаларымыз сәбиді бесікке салуды ерекше дәстүрімізге айналдырған. Ілгеріден біте қайнасып, ауыздан-ауызға тарап келе жатқан «Қобыланды батыр» жырында: «Алтыннан бесік ойдырып, Ақ торғынға бөлеген» деген өлең жолдары – осының айғағы. Бұл сөздер біздің жұрттың сол кездегі биік эстетикалық талғамынан хабар берсе керек.
Бесіктің қадірін жете түсініп, жақсы ұғынған халқымыз атасы жатқан бесікке немере, шөберелеріне дейін жатқызуға тырысқан. Мұндағы мақсат – бабасындай текті болсын, аталарының жолын жалғайтын үбірлі-шүбірлі болсын деген ізгі ниет.
Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқының өмірінен ерте кезде орын алған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды.
Қазақта бесік қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. «Ел іші – алтын бесік» деген сөз оның құдіретін көрсетеді. Сол себепті жаңа туған баланы бесікке салу – халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке қатысты қазақ халқының өзіне тән ырымы, салт-дәстүрі болған. Қазақтың бесікке салу ырымы әлі күнге жалғасып келеді.
Бесіктің тағы бір ерекшелігі – оның көшіп-қонуға ыңғайлылығы, алып жүруге жеңілдігі. Бөленген баланы алыс-алыс жерлерге шеру тартқанда ат үстіндегі кез-келген адам алдына өңгеріп алып, емін-еркін жүретін болған. Жаугершілік заманда тұтқиылдан шабуыл жасалғанда бесіктегі сәбиді әке-шешесі ат үстінен оңай іліп алып, дұшпанның тырнағынан тез сытылып кетіп отырған.
Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Бесігімде жатқанда-ақ берген білім» дегенде бесік жырымен құлағына құйылған ана тілі мен ұлттық рухты меңзеген. Бесік жырында айтылатын сөздердің бәрі тұнып тұрған дұға тілек.
«…Қолымыздан іс алып,
Мойынына күш алып,
Бізді бағар ма екенсің?
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?..»
Діни аңыздарда бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деп айтылады. Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: «Алла, Алла, Алла» деп, Алланың атын әдемі әуезге салып әндетеді. Әдемі әуенге елтіген Хауаның бөбектері жұбанып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады. Ол періштелерге «Маған да үйретіңдер» деп өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті. Кейін Хауа ана өзінің барлық балаларын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Бұл әуез дами келе бесік жырына айналған екен. Қазақтағы «Әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың «Алла, Алла, Алла-ай» деген әуеннен шыққан деседі. Ертеде бесік жырын үйретудің арнайы мектебі болыпты. Бесік жырының мазмұнына, әуезіне қатты мән берілген. Тәжірибелі аналар оның иләһи мазмұндарын таза сақтап, келіндеріне үйретіпті. Бесік жыры жайлы «Алла-наме», «Әлдинаме» деген ескіше жазылған кітаптардың да болғанын айтады. «Аналар әлдисіз жасай алмас» деген нақыл сөз содан қалған дейді.
Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында: «… Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті! Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда… » — деп жазады.
Жоңғарлар шапқыншылығы өткеннен кейін тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арақалап келе жатқаны-ай!» – дегенде Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», – деген екен. Ардақты пайғамбарлардан бастап ұлтымыздың небір ұлылары жатқан киелі бесігіміз — тән мен жанның жақсы жетілуіне ыңғайлы етілген қасиетті бұйым. Мұның қадірін біліп, бесікке салу дәстүрлері мен бесік жыры секілді салт-жырларымызды орнымен атқарғанда елдігіміздің ертеңі жарқын болары хақ. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген дана сөз тегін айтылмаса керек.

Талғат ЮСУПОВ,
Насрулла мешітінің имамы.

Өткен тарих бүгінгі саясаттың ығына қарай жығылып зерттелмеуі тиіс. Егер бұл бағытта саясат тұрғысынан еңбек етсек, тарихтың шынайы ақиқатын аша алмаймыз. Мәселен, бұрынғы дәуірлерде біздің арғы ата-бабаларымыздың түп-қазық қоныстары – қазіргі Ресей құрамындығы Алтай өлкесінде, Монғолия мен Қытайдың батыс облыстарында жатыр һәм олар аталған мемлекеттердің иелігіне айналған. Жылқы баққан қазақтың омбы қар кешіп жүріп, «Омбы» деп атаған жерін сол орыстар басып алғанда – Омск боп, «Төмен» деп ныспылаған орманды алқабы – Тюмень боп, Томбы – Томск, Қорған – Курган, Орынбор – Оренбург, т.б. қалалар, өңірлер басқыншылардың «родной городтары» мен «родной крайлары» боп аталып кеткендері де тарихтан мәлім. 1864 жылы қытай-орыс шекарасы белгіленген кезде қазақтың әлімсақ мекені – Тарбағатай мен Алатаудың шығыс тарапы екі алып мемлекеттің жер бөлісу саясатының кесірінен Қытай жағында қалып қойды.

Көңіл жабырқататын мұндай тарихи фактілер Кеңес Одағы тұсында да көптеп орын алды. 1955 жылы Жоғары кеңестің қаулысымен Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданының жалпы көлемі 7049 гектар оңтүстік бөлігі РСФСР-ға қарасты Астрахань облысының Владимир ауданына берілді. Ал 1932 жылдың өзінде-ақ коммунистер ықылымнан қазақ жері болған, тұрғындарының жартысынан астамы қазақтар боп табылатын Қарақалпақстанды Өзбекстанға қосқан-ды. 1936-37 жылдары Өзбек КСР-ына уақытша берілген Мырзашөл каналының оң және сол жағалауларындағы 329 мың гектар жерді қазақ жазған со кезде-ақ уысынан шығарған. 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Киров, Келес, Сарыағаш аудандарының оңтүстік, оңтүстік-батыс бөліктерінен жалпы көлемі 421300 гектар жер Өзбекстанға бөлініп берілді. Ол аздай, 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын жер жәннаты – Бостандық ауданын, 1963 жылы ұланғайыр алапты алып жатқан Киров, Мақтаарал, Жетісай аудандарын сол республиканың қарамағына өткізді. 1971 жылы соңғы үш аудан кері қайтарылғанымен, бір кездері оларға қараған орасан көлемдегі аумақ түгелімен бері өтпеді. Жызақ маңындағы күллі Мырзашөл аймағы өзбектерге қалып қойды да, олар сол өңірлерден жаңадан екі облыс, ондаған аудандар ашып алды. Ал тұрғындарының 95 пайызы қазақ боп келетін Бостандық ауданы жат елдің құрамында мәңгілік қалды.
Бұл – қазіргі жұрттың көбі білетін ащы тарих. Десек те, осы өңірге қатысты бүгінгі базбір тарихшылар мен кейбір білімпаз жандар болмаса, жалпы жұрттың бәрі бірдей біле бермейтін тағы бір сырлы тарих бар. Ол – Ташкенттің қазақтың көне шаһары екені, оның өңірі қазақ жері болғандығы жайында айтылмай жүрген сыр.
Әлбетте, Ташкентті қазақтар тұрғызған деп кесіп-пішіп айтпаймыз. Оның негізі түркі тектес халықтардың әрқайсысы өз алдарына ұлт болып қалыптаспай тұрғанда қаланған. Заманымыздың басында Сыр мен Шыршық алабын жайлаған Қаңлылардың бір тармағы сол кезде суы мол Салар бұлағының бойында үйлері ылғи таспен қаланған қыстақ тұрғызған. Уақыт өте келе, ол қыстақ үлкейіп, Тастыкент (Тасты қала) атанған. Осы Тастыкент атауы алға озған заманның тілдік үйлесімділігіне орай – Таскент, кейін қарлұқ диалектісіне сай Ташкент боп қалыптасқан.
Кейбір жазбагерлер Ташкенттің байырғы атауы Шаш болған деп шатасып жүр. Шаш – Ташкенттің іргесінде болған басқа көне қала. Ол Шыңғысхан шабуылы кезінде қиратылған. Шаш қиратылған соң оның тұрғындарының көпшілігі одан он-он бес шақырым жерде орналасқан Ташкентке орныққан. Осы себепті Ташкентте халық көбейіп, көлемі кеңейеді. Ақсақ Темір дәуірінен кейін оның солтүстік бөлігі бұрынғы Шаш қаласының орнына дейін жетеді. Сөйтіп Шаш атауы бірте-бірте ұмытылып, Ташкенттің аты жаңғыра бастайды.
Ташкент ХІІІ-ХҮ ғасырларда қолдан-қолға өтіп, біресе Шағатай ұлысына, біресе Ақсақ Темір әулеттеріне қараған. ХҮ ғасырдың екінші жартысында, яғни Қазақ хандығы жаңа құрылып жатқанда, ол – Моғолстан хандығының шаһары болатын. Халқының дені сол заманнан 12-16 ғасыр бұрын (б. з. б. 2-ғасыр мен б. з. 3-ғасыр аралығы) бүкіл Сыр бойы мен Ферғана жазығында жеке мемлекет құрған Қаңлы жұртының ұрпақтары еді. Керей мен Жәнібек қазақ хандығының туын алғаш көтергенде өздерімен ілесіп келген және де орда тіккен Шу бойындағы рулар болмаса, басқа жақтағы ру-тайпалар бірден олардың жанына ұйыса қоймағаны секілді, Ташкент маңындағы қаңлылыр да әп дегенде Алаш ұлысына қосыла қойған жоқ. Бұл кезде Ташкенттің айналасында арғы да, бергі де тегі қазақ боп есептелетін өзге рулар да көп-ті. Бірақ олардың бәрі қаңлымен қатар тағы бір үлкен топ – қатаған-шанышқылылардың көлеңкесінде қалып, аттары онша шықпайтын.
Керей мен Жәнібек жеке елдің отауын көтергеніне он жылдан аса уақыт өткенде, нақтысы, 1468 жылы бұрынғы Алтын Орданың шығыс бөлігіндегі Көк Орда аталған ұлыстың билеушісі Әбілхайыр өзінен бөлініп кеткен қазақ жұртын шауып алу мақсатымен қисапсыз әскер ертіп, Шуға қарай аттанады. Әбілхайыр Сырдың төменгі ағысымен бойлай жүріп, Созақ шегіне жеткенде аялдайды да, Моғолстан билеушісі Жүніс ханға бағынышты болғанымен, одан дербестік алуды ойлап жүрген Ташкент қаңлыларына «Қазақтарды бірлесіп шабайық» деп жаушы жібереді. Алайда қаңлы-шанышқылылар бұл аттанысқа ермейді. Осы бір тарихи деректі өзбек тарихшылары былай деп сипаттайды: «Ол кез – Моғолстан билеушілері өзара қырқысқа түсіп, ұлыс бірнеше бөлікке бөліну жолына түскен уақыт еді. Қаңлылар да Ташкент аймағын жеке уәлаят етуге әрекет етіп жатқан. Осы себепті қаңлылар Әбілхайырдың айтқанына жүрмеді». Анығында қаңлылар Әбілхайырға еріп, түбі бір туыс ел – қазақтарды шабудан бас тартқан.
1487 жылы Моғолстан ханы Жүніс қайтыс болғаннан кейін Ташкент аймағы үшін Жүніс хан ұрпақтары мен Темір әулетінің арасында үздіксіз соғыс басталады. Бұған үшінші жақтан бұл өңірді көптен бері басып алуды жоспарлап жүрген Мұхамед Шайбани араласады. Ол Жүніс хан ұрпақтарымен келісімге келіп, 1470 жылы қазақ ханы Керей барлық өлкелердегі тегі Алаш боп келетін руларды өз ордасына қаратып алу мақсатымен басып алған Созақ пен Сауран қалаларына шабады. Көп ұзамай Жәнібектен кейін хан болған Бұрындық Сырдың сол жағалауындағы қалалардың барлығын қазаққа қайта қаратады.
ХҮ ғасырдың аяғында Түркістанның батыс бөлігін қайтадан Шайбандықтар басады. Ал Ташкент өңірі мен Сауран қаласының маңы қаңлылардың көмегімен билік басына келген Жүніс ханның ұрпағы Махмұд сұлтанның құзырына өтеді. 1530 жылдары Ташкент Шайбандықтарға да, Моғолстан билеушілеріне де бағынбайтын қаңлы-қатағандар иелігіне айналады. Содан 1567 жылы Бұқар хандығының тарихында ең құдіретті хан боп есептелетін екінші Абдолла басып алғанша, бұлар дербестікте болады. Бірақ осы 37 жыл ішінде қаңлы-қатағандардан қандай билеушілер шыққаны жөнінде ешбір тарихи дерек жоқ.
Абдолла Ташкентті алған соң оған өзінің туысы Баба Сұлтанды билеуші етіп тағайындайды. Билік қолына тиген Баба Сұлтан қаңлы-қатағандардың ержүрек һәм мол әскеріне сүйеніп, арада көп уақыт өтпей-ақ, Абдолладан теріс айналады және Ташкент аймағын жеке хандық деп жариялайды. Абдолла оған қарсы екі-үш мәрте ләшкер аттандырады. Бірақ жеңіліс табады. Осыған масаттанған Баба Сұлтан енді қазақ иелігіндегі Түркістан өлкесіне шабуылдайды. Қазақтың сол кездегі ханы Хақназар Абдолламен келісімге келіп, оның көзін жоймаққа кіріседі. Өзінің тығырыққа тірелгенін сезген Баба Сұлтан дереу қулыққа басады да, Хақназарға жаушы шаптырып, бейбіт шартқа отыруға ұмтылады. Сонымен бірге өзі басып алған Түркістан өлкесін у-шусыз қазақтарға қайтарады, сондай-ақ Абдолла ханды бірлесіп шабуға Хақназарды көндіреді. Бұрынғы хандар сияқты қалайда Ташкент өңіріндегі қазақ руларын Алаш ордасына қосуды армандаған һәм Бұқар ханын әлсіретпейінше бұл арманға жету ауыр болатынын білген Хақназар оның ұсынысына қолдау көрсетеді. Сөйтіп ол Ташкентке әскерімен алаңсыз барады. Бірақ алдамшы Баба Сұлтанның жендеттері Шыршық бойында түнемелікке түскен хан шатырына тұтқиылдан шауып, Хақназарды өлтіреді.
Хақназарға опасыздықпен ажал құштырған Баба Сұлтан қайтадан Түркістан тарапты жаулайды. Қазақ билігін қолына алған Шығай хан онымен аяусыз күреске түседі. 1582 жылы Тәуекел бастаған қазақ сарбаздары Түркістан түбінде оның айтулы ләшкерінің тас-талқанын шығарады. Баба Сұлтанның басы кесіледі. Бұған разы болған Абдолла Шығай мен Тәуекелге Ходженд қаласын, Зарафшандағы Адыркент аймағын сыйға тартады. Дегенмен Тәуекел хан сайланғанда Ходженд пен қазақ даласын бөліп тұрған, ілкі заманнан қазақ рулары жайлаған, тұрғындарының бәрі Қазақ Ордасына бүйрегі бұрып, өзінен бұрынғы хандардың дерлігі бауырына басуды армандап өткен, сауда ісі мен қолөнері дамыған Ташкентті Алаш жұртының құрамына қосуды ойлайды. Алайда ол үшін құдіреті күшті Абдолла ханмен текетіресу керек. Бірақ тәуекелсіз мақсаттың орындалуы екіталай. Тәуекел өз әскерінің айбындылығымен қатар Ташкент, Шахрухиа (бүгінгі Тойтөбе), Ходженд маңындағы қазақ руларының өзіне көмек көрсететініне сенеді. Осы сеніммен 1588 жылы аталмыш аймақтарға жорық бастайды. Расында, «Тәуекел Бұқарға соғыс ашқанда Ходженд, Шахрухиа, Әндіжан төңірегіндегі баяғы Мұхамед Шайбаниға еріп келген керей, найман, қыпшақ, қоңыраттар, Ташкенттегі қаңлы-қатағандар, дулат-сіргелілер қазақ жағына шығып кетті» деп өзбек тарихшысы Н. Икрумов жазғандай, Тәуекелдің жорығы сәтті шығып, аталған жерлер қазақтарға өтеді. Осы тараптағы қауіпсіздікті біржолата орнықтырып кету мақсатымен Тәуекел жорығын ары қарай жалғастырып, Абдолланың жеңілмейтін делінетін әскерін ұрыстың бар даласында тұқыртып, Самарқан мен Бұқар қаласына дейін жетеді. Бұқар түбінде өзі ауыр жараланады. Осыған және бұқарлықтардың бітім туралы жасаған ұсыныстарына байланысты әскерін кері қайтарады. Бұл бітімнің негізінде Ташкент қаласы бүкіл уәлаятымен, Ферғана жазығының солтүстік бөлігі Қазақ Ордасының құрамына кіреді.
Сонау Керей-Жәнібектен бастап соңғы ханымыз Кенесарыға дейінгі қазақ билеушілерінің қайсысының болмасын, тарихы мен іс-әрекетіне зер салсаңыз, ешқайсысының да жат жерді, бөгде елді жаулап алуды ойламағанын, сол жолда соғыс жүргізбегенін байқайсыз. Өзінің төрт жүз жылға таяу тарихында қазақ хандары өз жері мен елін қорғау мақсатында сыртқы басқыншыларға қарсы айқасумен өткен. Жат жерге басып кірген жаңа біз жоғарыды айтқан Тәуекелдің, сол бұқарлықтармен жиырма жыл ұдайы соғысып, ылғи жеңіске жеткен Есім мен Тұрсын хандардың жорықтары ғана. Дегенмен бұлар көбіне қарсы шабуылға шықты және есте жоқ ескі заманнан қазақтар жайлаған, Алаш ұлының атамекені болған жерлерге иелік етуге талпынды һәм басынған жауды қайта бас көтерместей күйретуді жоспарлады. Десек те, бұрынғының ақылман хандары аманаттап қалдырған, бекітіп берген талай-талай қала-шаһарлардан, дала-алаптардан кейін күш-қуатымен қатар береке-бірлігі азайған, түрлі шапқыншылықтардан зәразәп болған, оған қоса, ғасырлар бойы сыртқы елдер тарапынан жасалынған қысым мен саясаттың, кейде баққұмар төре-сұлтандардың елдік мұраттан гөрі жеке бастың мүддесін көбірек ойлайтын таяздығы кесірінен рухы төмендеген жазған қазақ мәжбүрлі-мәжбүрсіз түрде айырылып қалды.
Ежелден шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке кіре тартқан керуендер жолының торабы, бір кездері ұлы Жібек жолының кіндік тармағы атанған, қай заманда да Орта Азияда стратегиялық һәм экономикалық маңызы аса жоғары болған, ал уақыт өте бүкіл бір географиялық аймақтың орталығы санала бастаған Ташкентті иелену – кімге болмасын, басты мұрат болғаны тарихтан мәлім.Тәуекелден кейін бұқарлықтармен үздіксіз соғыс жүргізген Есім ханның жорықтары да көбіне-көп осы Ташкентті қорғау мүддесінен туындаған. Бірақ Есім хан игеріп отырған аймақ тым байтақ еді. Сол байтақ жердің ең қауіптісі, өзбек хандары түгілі сонау Иран шахтары да көз қадап отырған сол Ташкент уәлаяты-тын. Сондықтан жан-жақтан жау қысқан қазақ жерін қорғау жолында бір тыным таппай, біресе шығысқа, біресе батысқа аттанатын Есімге Ташкент тарапты мекем ұстап тұру үшін ол шаһарға бір сенімді адамды бек етіп қою керек болыпты. Ол бұл лауазымға өзінің туысы Тұрсынды таңдапты. Тұрсынның кезінде Ташкентте қаңлылардың дәрежесі төмендеп, үстем орынға қатағандар шыққан болатын. Міне, осы қатағандардың бек-оғландарына арқа сүйеген ол, 1624 жылы Шахрухиа түбінде өзінен жеңілген Бұқардың Имамқұлы ханымен келісім жасасып, Ташкентті жеке уәлаят, ал өзін хан деп жариялайды. Көп ұзамай Ташкентте өз атынан теңге шығарады, Есімнің Шығыс Түркістанда жүргенін пайдаланып, Түркістан, Сайрам қалаларын шабады. Оның бұл әрекеті – жер аумағы біршама айқындалып, тегі бір жұрттың бір ұлтқа, яғни қазаққа біріккен кезде елді екіге жарып, алауыздық тудырған кешірілмес опасыздығы еді. Бірақ ұлт ұйытқысын бұзған сатқынға қашанда зауал табылған. 1627 жылы Есім хан оның басын найзаға шаншиды, оған жақтас қатағандардың тоз-тозын шығарады. Ташкентке хәкім етіп, қаңлы Бақтышты (өзбектер Пахташ деп жазған) тағайындайды.
Міне, осы Бақтыштан бастап 1784 жылға дейін Ташкент қазақ билерінің иелігінде болды. 1720 жылы оның тағына ұлы жүздің ханы Жолбарыс отырды. 1729 жылы Ташкентті қалмақтар алғаш рет жаулады. 1731 жылы оны қазақтар азат етіп алады. Дүрбін-Ойраттың екінші шабуылы 1735 жылы іске асады. 1739 жылы қазақтар қайтадан өздеріне қайтарады. 1740 жылы қалмақтарға сатылған Ташкенттегі аз ғана сарттар мен қырғыздардың тобы Жолбарысқа у беріп өлтірді. Сол жылы Абылай сұлтанның қолдауымен қала билігі Төле бидің қолына көшеді. Осы жылы күзде қалмақтар шаһарды үшінші рет басады да, өздеріне жақтас қырғыздар арасынан Көкім дегенді қала биі етіп қояды. Көкімнің билігі алты айға да жетпейді. Оны Төленің туысы Бәйтік өлтіргенімен, ондағы қалмақ билігі төрт жарым жылға созылады. Қазақтар тек 1745 жылы ғана оларды қаладан түпкілікті қуады.
Осы жерде мынадай сұрақ туындайды: егер Ташкент әлімсақтан өзбектердікі болса, неге олар қалмақтармен соғыспайды? Өзбек тарихында өзбек-қалмақ соғысы деген дерек атымен жоқ. Қалмақтар Ташкенттен асып, Ферғана жазығының солтүстігіне бір рет барған. Осы соғыс қана қоқан-қалмақ шайқасы делініп, аз ғана дерекпен кейінгі өзбек тарихына енген. ХҮIII ғасырдағы Қоқан бегінің хаткерлерінің өздері жазбаларында «Ташкент тараптағы қазақ жерінде қыпшақ-қазақтар мен қалмақтардың жойқын соғысы жүріп жатыр» деп бірнеше мәрте жазады. Тіпті Ташкенттің ХҮIII ғасырдың бірінші ширегі мен ХIХ ғасырдың алғашқы жартысындағы кезеңінің тарихын тәптіштеп жазған Мұхамед Салық Ташкандидің «Тарихи-жәдидә-Ташкент» атты еңбегінде де аталмыш шаһар үшін қалмақтарға қарсы тек қазақтардың соғысқаны туралы жазылған.
1745 жылдан кейін Ташкент билігі Төле бидің қолына толық көшеді. Ташкенттен бастап сонау Жетісуға дейінгі қазақ жері қалмақтардан азат етілген осы кезден былайғы уақытта жерге таласудан туындаған қазақ-қырғыз қақтығысы белең алады. Төле ғұмырының соңына дейін жеті сайын қайталанатын осы қақтығысты реттеумен күн өткізеді. Өзі өмірден өтер алдында «Мәйітімді осындағы Шайхантәуір әулиенің жанына жерлеңдер. Бейітім – Ташкент қазақ жерінің төрі екенін оған таласып жүргендерге білдіріп жатсын» деп өсиеттейді. Төленің қаупі бекер емес екен. Ол қайтыс бола салысымен , шаһарда сол тұста әжептеуір көбейіп қалған өзбектерге тілімен де, түр жағынан да сіңісе түскен Шағатай, Жошы, Хажы-Тархан әулеттері мен Қоқан хандығына арқа сүйеген сарт-қашғарлықтар тобы арасында билікке талас басталады. Бірақ Төленің орнына шаһар бегі сайланған оның кенже ұлы Қожамжар алғашқыда оларға дес бермейді. Алайда қала ішіндегі тартыстармен қатар, сырттан үздіксіз соққан қырғыз бен Қоқан шапқыншыларының каупі күннен-күнге арта түседі. Қожамжар Абылай сұлтаннан көмек сұрауға мәжбүр болады. 1765 жылы Арқадан Абылай көп қолмен келіп, Піскент жағасында Ташкентке бағыт алған Қоқан қолын тас-талқан етеді. Ташкентте бас көтерген бүлікшілердің көсемдерін жазаға тартады.
Абылай өлген 1781 жылдан кейін шаһар билігі үшін талас-тартыс қайтадан өршиді. Қорытындысында, Ташкент төрт бөлікке бөлініп, әрқайсысын бір-бір билеуші билейтін, атап айтқанда, Қожамжар билейтін – Шайхантәуір, Хажы-Тархан әулеттеріне қарайтын – Бесағаш, Жошы ұрпақтарының иелігіне өткен – Сибзар, Шағатайдан тарағандардың үлесіне тиген – Көкше сияқты төрт қамалға айналады. 1784 жылы бұрын Төленің, кейін Қожамжардың сарайында даруғалық жасаған Жүнісқожа деген қашғарлық ұйғыр бас көтеріп, Қоқан бектерімен жасырын келісім жасаудың арқасында бір-ақ зеңбіректі бес мыңдық қолмен алдымен Шайхантәуір, одан соң басқа қамалдарды басып алады. Төрт қамалды бұздырып, бүкіл Ташкентті қоршайтын биіктігі 4-5 құлаш келген, аумағы 16 шақырымдық жаңа қорған салдырады.
Шайхантәуір билігінен айырылған Қожамжар Ташкенттен 20 шақырым жердегі Төленің жазғы қонысына барып жайғасады. Ұзақ жыл шаһар билігін қайтарудың жолын іздеп, Жүнісқожамен талай рет шайқасады. 1798 жылы Қоқаннан қосымша күш алдырған Жүнісқожа Қожамжар бастаған қазақтарды Ташкент маңынан біржолата аластатуды ойлап, үлкен соғысқа кіріседі. Алдымен қазақ ауылдары үстіндегі Шымған тауының екі жырасының түбінен ағатын өзеннің жоғарғы жағын таспен бөгеп, өте үлкен екі шатқалдың арасын суға тотырады. Су аса аумақты екі жыра-шатқалдың кемеріне келіп толғанда, бөгесін тастар оның қысымына төтеп бере алмай, бірден бұзылады. Содан орасан жылдамдықпен ылдиға жылжыған алапат сел төмендегі қазақ ауылдарын басады. Селден аман қалып, жағаға шыққандарын қаруын кезеніп дайын тұрған жау шеріктері қырады. Жүнісқожаның зұлымдығы соншалық, сонда өлген қазақтардың бастарын кескізіп, тау қылып үйгізеді. Жүнісқожа со жолы неше мыңдаған қазақтарды қырып, Қожамжарды Қазығұрт етегіне көшіріп жіберсе де, ол маңнан қазақ атаулының бәрі түп көтеріліп көшіп кетпеді. Ташкент маңымен қоса, Бегабад, Піскент, Жызақ шегінде қалған 500 жүз мыңдай қазақ оған бас иіп, бағынады.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ.
(Жалғасы келесі нөмірде)

Пробация қызметі — бұл қылмыстық-құқықтық институт. Ал оның негізгі мақсаты – бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық және психологиялық көмек көрсету.

Пробация қызметінің құрылымы әлем елдерінде сан алуан құрылымды болып келеді. Ұлыбритания елінде пробация қызметі ІІМ-нің құрамында болса, АҚШ-та сот жүйесіне, Нидерландыда — прокуратура, ал Польша және Швеция елдерінде әділет министрлігінің құрамында.
Бүгінгі таңда Қазақстанда пенитенциарлық жүйені реформалауда пробация қызметінің өзіндік нұсқасы қалыптастырылды. Оны дамыту бағытында 2014 жылы «Пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету Ережесін бекіту туралы» 23.10.2014 жылы Үкіметтің қаулысы қабылданған болатын.
Пробация қызметі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталғанға, шартты түрде сотталғанға, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және кәмелетке толмағандарға қатысты бақылауды жүзеге асырады. Пробациялық қадағалау соттың заңды күшіне енген үкімінің, қаулысының негізінде бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталғанның тұрғылықты мекен-жайы бойынша сотпен жүктелген міндеттердің атқарылуын қадағалайды және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді.
Еліміздегі қылмыстық саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі істі болған адамдарды бас бостандығынан айырмай жазаға тарту болса, пробация сөзі қазақшаға аударғанда «сынау, байқау» дегенді білдіреді. Яғни сынаудың негізі — адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың бәрін орындауы керек. Осылайша байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түзеу мекемесіне отырғызбай қайта тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелері болса шешуге ықпал жасайды.
Шартты түрде сотталғандар мен бақылаудан бөлек бас бостандығынан айырылғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге ықпал етудің маңызы зор. Осыған орай, ҚАЖ қызметкерлерін пробацияның қалыптасқан сотқа дейінгі, үкімдік, ювеналдық, бұрынғы пенитенциярлық секілді бағыттарымен таныстыру, сондай-ақ өзге елдердегі пробация қызметінің тәжірибесімен алмасу және үйретуге де ерекше мән беріліп отыр. Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметінің енгізілгеніне көп бола қойған жоқ. Дегенмен әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын бұл қызмет шетелдерде бірнеше бағыттан тұратын үлкен жүйеге айналған. Алғашында Қазақстанда шартты түрде сотталғандарға қатысты шартты үкімдік пробация қалыптастыру көзделген. Өйткені шартты түрде сотталғандар сынақ мерзімінде жүреді. Ал сынақ мерзімін беру — пробацияның негізгі белгісі. Пробация қызметкерлері шартты түрде бас бостандығынан айырылғандардың сот міндеттемелерінің орындалуын қатаң қадағалаумен қатар, әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсетеді. Оның негізгі бағыттары шартты түрде сотталғандарға білім алып, кәсіп меңгеріп, жұмысқа орналасуына ықпал жасап, ауырып қалса, дәрігерлік көмек көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Әлеуметтік-құқықтық көмек әрқайсының қажеттілігіне байланысты көрсетіледі. Пробациялық қызметке ҚР Үкіметінің «пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 23 қазандағы №1131 қаулысына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік немесе үкіметтік емес ұйымдар жәрдемдесуі керек.
Сонымен қатар еліміздегі өзекті мәселенің бірі — жұмысқа орналасар кезде сотталмағаны жөнінде жұмыс берушіге анықтама өткізу қажеттілігі. Ал түзеу мекемесінен жазасын өтеп шыққан немесе түзеу мекемесінен жазасының өтелмей қалған бөлігін сот қаулысымен жеңіл жазаға ауыстырылып шыққан, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған азаматтарымыз қоғамға қайта оралып тұрақты жұмысқа орналасу үшін осы анықтама үлкен кедергі келтіретіні рас. Осы сынды маңызды мәселелер қазіргі таңда жан-жақты қарастырылып жатыр.
Пробация қызметінің негізгі бағыты — сотталғандарға білім алуда, мамандық игеруде, еңбекпен қамтуда, ем алуда сонымен қатар құқықтық көмекпен қамтамасыз етуде қолдау көрсету. Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету барысында жеке бағдарламалар көшірмесі жергілікті атқару органдарына, денсаулық сақтау органдарына, білім беру және басқа да мемлекеттік органдарға, сонымен қатар мемлекеттік емес ұйымдарға жолданады.
Пробация қызметтерінің есебіндегі барлық кәмелеттік жасқа толмаған сотталғандар орта білім беретін мектептерде, колледждерде оқиды, сондай-ақ мектептегі спорттық үйірмелерге қатысады. Бұл ретте Ордабасы аудандық пробация қызметі бөлімі жергілікті атқару органдарымен басқа да ұйымдармен жеке дайындалған бағдарламаға сәйкес әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуде ауқымды жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар сотталғандар тарапынан құқық бұзушылықты және қайта қылмыстың алдын алуда бірнеше іс-шаралар жүргізілуде. Олардың мекен-жайын және жұмыс орны бойынша тексеру, профилактикалық әңгімелесулер, жұмыспен қамту бойынша және әрбір бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталғандармен жеке жұмыстар ұдайы түрде жүргізілуде.

Мади Даулетов,
Ордабасы аудандық пробация қызметі бөлім бастығының міндетін
атқарушы әділет капитаны.

Көлік салығы бойынша берешек болған жағдайда жеке сот орындаушыларының есепшот пен елден шығуға бұғат салатыны белгілі. Мемлекеттік кірістер комитеті жоғарыда аталған қолайсыздықтар туындамауы үшін маңызды жайттарды ескеру керегін айтады. Жалпы жеке тұлғалардың 2021 жыл бойынша көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2022 жылдың 1 сәуірінде аяқталды. Ал 2 сәуірден бастап салық сомасын уақытылы төлемеген жеке тұлғаларға салық берешегі туралы хабарламалар жіберілген.

 

«3 063 теңгеден (1 АЕК) асатын берешек сомасы бойынша хабарлама түскеннен кейін 30 жұмыс күнінен соң берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық ұйғарымы құрылады және борышкерге жіберіледі. Берешек өтелмеген жағдайда, салық өкімі жеткізілгеннен кейін бес жұмыс күні өткен соң жеке сот орындаушыларына беріледі. Бұл ретте, жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа, шоттарды бұғаттау және елден шығуға шектеу қоюды қоспағанда, салық берешегі сомасының 25 пайызына дейінгі мөлшерде төлемді қосымша өндіріп алады» делінген Мемлекеттік кірістер комитеті хабарламасында.
Сондықтан Мемлекеттік кірістер комитеті артық шығын мен мәселе тумауы үшін берешегі болған жағдайда хабарламаны жеке сот орындаушыларына бергенге дейін, яғни мамырдың үшінші он күндігіне дейін салықты төлеуге кеңес береді. Салық берешегі туралы ақпаратты e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады. Айта кету керек, қазіргі салық берешегі PUSH-хабарлама түрінде банктердің мобильді қосымшалары арқылы пайдаланушыларға жіберіледі.

Бүгінде ғаламтор арқылы өзгенің атынан несие рәсімдеп, сазға отырғызып кететін алаяқтардың саны артқан. Атынан алынған несиені жаба алмай, талай табалдырық тоздырып жүрген азаматтар турасында да жиі оқитын болдық. Әрине, көп жағдайда әлгі алаяқтардың құрыққа ілінбей кететінін жасырын емес. Бір емес бірнеше несие алса да жауапқа тартылмай, жалғанды жалпағынан басып жүргендері қаншама. Десе де енді олардың мұндай айласы алысқа апармауы мүмкін. Толығырақ тоқталайық…

Парламент Мәжілісінің депутаттары біреудің атынан бірнеше банктен заңсыз несие алатын алаяқтарға тоқтау болатын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Демек енді банктер Бірыңғай кредиттік бюроға кредиттер туралы ақпаратты қазіргідей 15 жұмыс күні емес, 1 жұмыс күні ішінде беруге міндеттеледі. Мұндай норма сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын реттеу және дамыту мәселелері туралы заң жобасында қарастырылған.
Мәжіліс депутаты Дания Еспаева елімізде несие алу саласында алаяқтық фактілердің жиілеп кеткенін айтады. Себебі бүгінгі заң жобасы олардың заңсыз әрекеттеріне тоқтау бола алмай тұр. Нақтырақ айтсақ, қолданыстағы заңға сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары кредиттер туралы ақпаратты бірыңғай кредиттік бюроға 15 күн ішінде береді. Ал депутаттардың түзетуінен кейін берілген кредиттер туралы мәлімет бір күн ішінде тіркеледі. «Бұрын бір күнде бес-алты банктен кредит алып келген азаматтар енді олай істей алмайды. Себебі Бірінші кредиттік бюродан қарыз алушының бір банктен несие алғаны көрініп тұрады. Әлгі адамның борыш жүктемесі есептеледі. Банк кредиттік бюро базасынан оның басқа банктен несие алып қойғанын көріп, ай сайынғы табысы оны төлеуге жетпесе, кредитті мақұлдамайды» деп түсіндірді Мәжіліс депутаты. Қош делік, төлем қабілеті төмен азаматтар үшін жақсы жаңалық екені даусыз. Ал несие тарихы жақсы, айлық жалақысы жоғары қазақстандықтар үшін бұл заң жобасының пайдасы көп деп айта алмас едік. Демек қаржылық сауатты арттырып, қалтадағы қаражат пен банк картасын жиі тексеріп тұрудан басқа шара жоқ.

Бұған дейін мемлекет тарапынан тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтар үшін жалдамалы пәтер ақысының 50%-ы төленетіні турасында жазған болатынбыз. Десе де жауапты министрлік өтінімдердің нақты қай уақыттан бастап қабылдайтынын айтпаған еді. Қала берді, аталған көмекті алғысы келетін көптің қайда барып өтініш білдіретінінен де хабарсыз болатынбыз. Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің telegram-арнасында аталған бастаманың анық-қанығы жазылды.

«Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Осылайша, 18 сәуір күні біз жалдамалы пәтер ақысын субсидиялауға өтінімдер қабылдауды бастап кеттік. Алайда, бұған дейін бағдарламаны 2022 жылдың мамыр айында іске қосу жоспарланған болатын. Аталған бағдарлама отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы айына бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлеуді көздейді. Бағдарламаның операторы — «Отбасы банкі», — деп жазды ведомство. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 590 мыңға жуық кезекте тұрған азамат бар. Олардың 210 мыңға жуығы әлеуметтік осал топтарға жатады. Ал енді оның ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтар саны – 70 мың. Осыған орай мемлекет басшысының тапсырмасымен жалға алынатын тұрғын үйлер үшін төлемдер тағайындау қағидалары әзірленген.
«Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында әріптестерім тұрғын үй төлемдеріне өтінім беру механизмі және субсидиялау қағидалары туралы егжей-тегжейлі айтып берген болатын. Осылайша, көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мемлекет тарапынан қолдауға ие бола алады. Халыққа ыңғайлы болу үшін біз өтінімдерді қабылдау бойынша цифрлық платформаны іске қостық. Осылайша барлық процесс otbasybank.kz порталында онлайн жүзеге асырылады. Өтініш берушілердің барлық талапқа сәйкестігі басқа ведомстволардың деректер базасымен интеграциялау арқылы тексерілетін болады», — министр Қайырбек Өскенбаев. Бұдан бөлек, келген өтінімдер бойынша мониторинг жасалмақ. Не де болса, игілігін көп көрсе болғаны…

Елімізде кәсіпкерлік саланың дамуы үшін барлық жағдайлар қарастырылып келеді. Бүгінде бизнес бастап, нанын жеймін дегендерге мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар да бар. Енді мемлекеттік кірістер комитеті «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын іске қосып жатыр. Мұның қандай артықшылығы бар? Қалай жүктеп алуға болады? Таратайық…

Ведомство мәліметіне сүйенсек, аталған «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын App Store, Play Market және App Gallery-ден жүктеп алуға болады. Қазіргі уақытта оны 27 мыңнан астам кәсіпкер пайдаланып жатыр. Қосымшада бизнес өкілдеріне арналған ыңғайлы сервистер топтастырылған. Мәселен, салық органдарының жіберген хабарламасын алуға, бір төлем құжатымен бірнеше салықты төлеуге, артық төленген салықтарды алдағы салықтар есебіне жатқызуға немесе қайтарып алуға болады. Сонымен қатар бірқатар анықтамаларды да алу мүмкіндігі бар. Мысалы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу туралы, жұмысшылардың табысы туралы анықтамаларды алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұлардың барлығы талап етілген жерге ұсынуға арналған.
Бұдан бөлек, ведомство таратқан хабарламада мобильді қосымша арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, кассалық чектің орнына мобильді қосымшаның чегін беруге, қосымшада берілген чектер негізінде кәсіпкердің кіріс есебін жүргізуге, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге, жалдамалы қызметкерлердің және олардың табыстарының есебін жүргізуге, оңайлатылған декларацияны тапсыруға, кәсіпкерлік қызметті оңайлатылған тәртіпте тоқтатуға мүмкіндік беретіні де айтылған.

Ағымдағы жылдың наурыз айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында билік институттарын қайта құрылымдауды шегелеген болатын. Осы бағытта партиялық заңнаманы өзгерту бойынша түрлі бастамалар көтеріліп келеді. Бұл өз жұмысын жүргізуде заман ағымына сай ілесіп отыруды көздеген AMANAT партиясының құрылымына оң өзгерістердің орын алуына ықпал етуде. Осы аптада өткен партия құрылтайында айтылған мәселелер соның жарқын мысалы.

 

Жыл басынан бері үшінші рет өткізілген AMANAT партиясының кезекті ХХІІI съезіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Онлайн режимде өткен жиын барысында Ақорда төрінен сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын, бұл жүйелі өзгерістерге AMANAT партиясы белсенді араласып келе жатқанын айтты. Дегенмен де арқаны кеңге салуға болмайтынын, әлі де толғақты мәселелердің түйінін тарқатуда партияға артылған міндет пен сенім зор екенін атап өтті. Бұл туралы ойын мемлекет басшысы «Азаматтарға əлеуметтік əділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті əділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды. Сондықтан AMANAT партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасында дəнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек»,-деп жеткізді.
Сонымен қатар алқалы жиында партия тарихында елеулі оқиғалардың бірі ретінде жазылып қалатын үш мәселе айтылды. Оның ең алғашқысы ADAL партиясының AMANAT партиясына қосылуы болды. Өткен жылдың басында Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны кезінде ADAL партиясы белсенділігімен әрі түрлі тың бастамаларды көтеруімен ерекшеленгені жалпақ жұртқа жақсы мәлім. Сол үшін де біраз жұрттың сенімі мен ыстық ықыласына кенелген партия өкілдерінің ендігі кезекте AMANAT партиясының мүшесі болып атануы бірлігімізді күшейтіп, ұйымның саяси салмағын нығайта түседі деп сенемін. Жалпы жетекші партияға саяси ұйымның зор сенім артып, бірігу бойынша осылай риясыз қадам жасауы бүгін ғана жүзеге асып отырған жоқ. Мұндай оқиғалар партия тарихында бірнеше рет орын алған. Партия құрылған жылдан бастап осы күнге дейін оның құрамына Қазақстан халық бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстанның либералдық қозғалысы, «Қазақстан – 2030 үшін» қозғалысы кірген. Сонымен қатар 2006 жылы «Асар», Қазақстанның Азаматтық партиясы жəне Қазақстанның аграрлық партиясы қосылған. Мұндай саяси қадамдар партия жоспарын жүйелендіріп, жұмысын сапалы ете түсетіні анық.
Партияның кезекті ХХІІI съезінде атап өтетін тағы бір елеулі жаңалық – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың AMANAT партиясынан шығатынын ресми түрде мəлімдеуі болды. Президент бұл тұрғыдағы жоспарын осыдан біраз бұрын айтқан болатын. Кешегі өткен құрылтайда сол бастамасын іске асыратын уақыт келіп жеткенін айтты. Және мұндай шешімін «Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым», -деп түсіндірді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі билеуші партия құрамынан шығып, төрағалықтан бас тарту туралы қадамын сайлауға қатысатын барлық күшке тең мүмкіндік туғызып, саяси жүйеде əділдіктің орнауына жол ашатынын, партия атқарушы билікке тəуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі биіктей түседі деп есептейтінін жеткізді.
Кезекті құрылтайдағы тағы бір маңызды жаңалық – партияға жаңа төраға болып Мəжіліс Спикері Ерлан Қошановтың сайлануы болды.
AMANAT партиясының 26-сәуірде өткен кезектен тыс ХХІІI съезі әділетті қоғам орнатудың бір көрінісі болды.
Партия тарихындағы бұл түбегейлі өзгерістер уақыт талабы деп білеміз. Уақытқа ілесу үшін соған лайықты қадамдар жасалуы керек. Соның ішінде саяси өзгерістердің болуы да заңды нәрсе.
Елімізде жаңа өзгерістер болып жатыр. Заман да, адам да өзгереді. Уақыт өте келе тарихи шындыққа негізделмеген, үстіртін ой пікірлер ығысып, дәйекті жаңа тұжырымдарға орын беріліп жатады. Себебі бұл – өмір заңы, онсыз қоғам дамуы жөнінде сөз болуы да мүмкін емес.
Ендеше съезде қабылдаған шешімдермен бастамалар халықтың қызу қолдауына ие болатындығына кәміл сенеміз.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік
Қазақстан университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор.

Соңғы уақытта өндірісте болатын жазатайым оқиғалардың саны артып келеді. Жұмыс іздеп туған жерден жырақта жүрген азаматтар қаза тауып, отбасы қара жамылып жатады. Оқыс оқиға орын алса, жұмыс берушілердің марқұмның өзін кіналай кететін жағдайлар да бар. Сондықтан өндіріс орындарындағы қауіпсіздік мәселесі ешқашан да күн тәртібінен түскен емес. Ал енді жұмысшылардың қауіпсіздігіне бей-жай қарайтын жұмыс берушілер жазаланады. ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте адам өліміне себепкер болған жауапсыз жұмыс берушілер қандай жаза арқалайтынын айтты.

 

«Бүгінгі таңда еңбек инспекциясының жергілікті органдары шетелден 30-дан астам адамнан тұратын жұмыс күшін тартқан 64 кәсіпорында тексеру жүргізіп жатыр. Тексеруде өткен жылдың нәтижесі сарапталады. 9 айдың қорытындысы бойынша, өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны жоғары болғанын ескере отырып, біз прокуратура органдарымен бірге осы органдарды тексеруге бастамашы болдық. Бас прокуратура бүгін бізге өз мәліметтерін беріп отыр. Иә, өкінішке қарай, құқық бұзу фактілері, жазатайым оқиғаларды жасыру фактілері бар. Еңбек кодексіне арнайы норма енгіздік. Егер кез келген азамат травматология бөліміне немесе басқа медициналық бөлімге түскен кезде, қандай да бір ұйыммен еңбек қатынасында екенін айтса, медицина мекемесі үш күннің ішінде ол жұмыс істейтін ұйымға, мемлекеттік органдарға, мемлекеттік еңбек инспекциясына және туыстарына бұл жайында міндетті түрде хабарлауға тиіс. Яғни, бүгінгі күні жазатайым оқиғаларды жасыру өте қиын» деді Төлеген Қабақұлы.
Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген жұмыс берушілердің жаза арқалайтынын айта кеткен жөн. Нақтырағы, адам өміріне жауапкершілікпен қарамайтын басшылар бас бостандығынан айырылады. Мәселен, кәсіпорында жазатайым оқиға болып, кісі өлімімен аяқталған жағдайда жұмыс беруші тарапы кінәлі деп танылса, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуге дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал 2 немесе одан да көп адам қаза болса, онда 7 жылға дейін сотталады. Қош делік, заңмен шегелеп, жазаны қатаңдатқаннан бірлі-жарым жұмыс беруші аяқ тартып, қауіпсіздік мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарар. Ал өзінің құқығын білмейтін қарапайым жұмысшыға оны қалай түсіндірмекпіз? Кінәлінің жазадан сытылу үшін сан түрлі сылтау тауып, құйтырқылыққа баратыны тағы белгілі. Бастама біраз мәселеге тоқтау болғанымен, түпкілікті шеше алмай ма деген күдіктің барын жасыра алмасымыз анық…