ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ АЛАЯҚТАРҒА ТОҚТАУ БОЛА АЛА МА?

Бүгінде ғаламтор арқылы өзгенің атынан несие рәсімдеп, сазға отырғызып кететін алаяқтардың саны артқан. Атынан алынған несиені жаба алмай, талай табалдырық тоздырып жүрген азаматтар турасында да жиі оқитын болдық. Әрине, көп жағдайда әлгі алаяқтардың құрыққа ілінбей кететінін жасырын емес. Бір емес бірнеше несие алса да жауапқа тартылмай, жалғанды жалпағынан басып жүргендері қаншама. Десе де енді олардың мұндай айласы алысқа апармауы мүмкін. Толығырақ тоқталайық…

Парламент Мәжілісінің депутаттары біреудің атынан бірнеше банктен заңсыз несие алатын алаяқтарға тоқтау болатын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Демек енді банктер Бірыңғай кредиттік бюроға кредиттер туралы ақпаратты қазіргідей 15 жұмыс күні емес, 1 жұмыс күні ішінде беруге міндеттеледі. Мұндай норма сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын реттеу және дамыту мәселелері туралы заң жобасында қарастырылған.
Мәжіліс депутаты Дания Еспаева елімізде несие алу саласында алаяқтық фактілердің жиілеп кеткенін айтады. Себебі бүгінгі заң жобасы олардың заңсыз әрекеттеріне тоқтау бола алмай тұр. Нақтырақ айтсақ, қолданыстағы заңға сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары кредиттер туралы ақпаратты бірыңғай кредиттік бюроға 15 күн ішінде береді. Ал депутаттардың түзетуінен кейін берілген кредиттер туралы мәлімет бір күн ішінде тіркеледі. «Бұрын бір күнде бес-алты банктен кредит алып келген азаматтар енді олай істей алмайды. Себебі Бірінші кредиттік бюродан қарыз алушының бір банктен несие алғаны көрініп тұрады. Әлгі адамның борыш жүктемесі есептеледі. Банк кредиттік бюро базасынан оның басқа банктен несие алып қойғанын көріп, ай сайынғы табысы оны төлеуге жетпесе, кредитті мақұлдамайды» деп түсіндірді Мәжіліс депутаты. Қош делік, төлем қабілеті төмен азаматтар үшін жақсы жаңалық екені даусыз. Ал несие тарихы жақсы, айлық жалақысы жоғары қазақстандықтар үшін бұл заң жобасының пайдасы көп деп айта алмас едік. Демек қаржылық сауатты арттырып, қалтадағы қаражат пен банк картасын жиі тексеріп тұрудан басқа шара жоқ.