КӨЛІК САЛЫҒЫН ТӨЛЕМЕУ ҮЛКЕН МӘСЕЛЕ ТУДЫРУЫ МҮМКІН
Көлік салығы бойынша берешек болған жағдайда жеке сот орындаушыларының есепшот пен елден шығуға бұғат салатыны белгілі. Мемлекеттік кірістер комитеті жоғарыда аталған қолайсыздықтар туындамауы үшін маңызды жайттарды ескеру керегін айтады. Жалпы жеке тұлғалардың 2021 жыл бойынша көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2022 жылдың 1 сәуірінде аяқталды. Ал 2 сәуірден бастап салық сомасын уақытылы төлемеген жеке тұлғаларға салық берешегі туралы хабарламалар жіберілген.
«3 063 теңгеден (1 АЕК) асатын берешек сомасы бойынша хабарлама түскеннен кейін 30 жұмыс күнінен соң берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық ұйғарымы құрылады және борышкерге жіберіледі. Берешек өтелмеген жағдайда, салық өкімі жеткізілгеннен кейін бес жұмыс күні өткен соң жеке сот орындаушыларына беріледі. Бұл ретте, жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа, шоттарды бұғаттау және елден шығуға шектеу қоюды қоспағанда, салық берешегі сомасының 25 пайызына дейінгі мөлшерде төлемді қосымша өндіріп алады» делінген Мемлекеттік кірістер комитеті хабарламасында.
Сондықтан Мемлекеттік кірістер комитеті артық шығын мен мәселе тумауы үшін берешегі болған жағдайда хабарламаны жеке сот орындаушыларына бергенге дейін, яғни мамырдың үшінші он күндігіне дейін салықты төлеуге кеңес береді. Салық берешегі туралы ақпаратты e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады. Айта кету керек, қазіргі салық берешегі PUSH-хабарлама түрінде банктердің мобильді қосымшалары арқылы пайдаланушыларға жіберіледі.