Маңызды

Ауғанстандағы жағдай күн сайын ушығып барады. «Талибан» ұйымы билікке келген 15-тамыздан бастап 32 миллионнан аса тұрғыны бар Ауғанстан аспаны ашық болмай тұр. Тәліптердің «тәртібіне» қарсы сан мың халық Кабул әуежайына қарай ағылуын тоқтатпай отыр. Олар босқын ретінде елден кетуге әзір. Бірақ британдық және АҚШ әскерлері ол жерден тек Еуропалық Одақ пен АҚШ-тың азаматтарын эвакуациялауда. 

Тәліптер бұған дейін ауғандықтарға елден кетпеуді, олар бұрынғыдай өмір сүретіндерін айтып уәде берген еді. Бірақ тәліптердің мұндай мәлімдемесіне сенген ауғандықтар аз болды. Және ол бекер болмады. Қазірдің өзінде «Талибан» билігі ақылға сыймайтын әрекеттерге барып, адам құқын таптайтын талаптар қоюда. Айталық олар қазірдің өзінде әйелдердің әуезді ән тыңдап, сыртта жалғыз жарым жүруіне қатаң тыйым салуда. Олар төмен етектілердің толық тұмшаланып барып, сыртқа күйеулерімен ғана шығуына рұқсат беруде. Сондай-ақ олар кезінде жаза басып жаңылып, қолын былғап, қылмысқа барған 340 саяси тұтқынды, жазасын өтеп жатқан 40 адамды босатып, Лашкаргах түрмесіндегі 350 тұтқынды абақтыдан үйлеріне жіберген. Бұдан бөлек олар, билік тұғырына кеше келсе де алпауыт ел АҚШ-қа қарай азу көрсетуде. «Талибан» лидерлері егер АҚШ әскерлері айдың соңына дейін елден кетпесе, күш қолданамыз деп сес көрсетуде. Бірақ АҚШ Президенті Джо Байден тәліптердің бұл талабын екі сөзге келмей орындайтын түрі жоқ. Өз кезегінде ол 31-тамызға дейін Ауғанстандағы АҚШ азаматтарының барлығын шығарып үлгермейтіндері мүмкін екенін, тіпті бұл операцияның сәтті аяқталатынына кепілдік бере алмайтынын айтуда.
Жалпы «Талибан» билікке келгелі талап айтып, елді үрейде ұстаудан артық қадамға барып отырған жоқ. Әлі күнге дейін Үкіметін жасақтамаған тәліптер Ауғанстанның екі тізгін, біл шылбырын 12 адамнан құралған кеңес арқылы басқармақшы. Әзірге елді басқарудың механизмі жоспарланғанмен, тәліптер әлеуметтің ахуалын көтеруге қатысты мардымды мәлімет жасап жатқан жоқ. Салдарынан елдегі жағдай күн сайын құлдырап барады. Билікке тәліптер келгеннен бастап елде әлеуметтік маңыздағы азық-түліктердің бағасы аспандап кеткен. Себебі елдегі ұлттық валюта бірден әлсіреген. Ауғанстандағы ахуалға байланысты банктер мен валюта айырбастау мекемелері қызмет көрсетпейтін болған. Осыдан соң жұрттың көбі банкте жиған қаржыларын ала алмай әлек. Өткен аптадан бастап Вестерн Юнион ( Western Union) компаниясы Ауғанстандағы жұмысын тоқтатуына байланысты елде шетелден ақша аудару операциясын жүзеге асыру қолжетімсіз болып отыр.
Болашағы беймәлім Ауғанстанда мекен етуден баз кешіп отырған этникалық қазақтар да жетерлік. Отандық БАҚ арқылы Қазақстан Үкіметінен елге қайтуды сұранып отырған бірнеше қазақа отбасы туралы материалдар үздіксіз беріліп келеді. Осыған орай 24-тамыздан бастап Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келетін қазақтарға көмектесу үшін «Отандастар қоры» Кабулдағы елшілікте арнайы комиссия құрып, азаматтардың құжаттарын рәсімдеуде. Бұған дейін «Отандастар қорының» өкілдері 450 этникалық қазақты анықтап, Сыртқы істер министрлігіне шұғыл ақпарат жолдаған.
Елдегі ахуалды түзеуден бұрын, әйелдердің құқын шектеуге барынша екпін түсіретін «Талибан» ұйымының билікке келуі туралы мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейлінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек» деген-тін.
Президент өз сөзінде қандай қауіп қатерді меңзеп отырғаны туралы сарапшылар түрлі пікір білдіреді. Мысалы, тәуелсіз саясаттанушы Расул Арин тәліптер Ауғанстанды азық-түлікпен қамтамасыз ету, су мәселесін реттеу бойынша мемлекеттік жүйені қалпына келтірмесе ел іштен іріп, іргесі сөгілетінін, салдарынан сырттан ИГИЛ (Қазақстанда тыйым салынған) секілді өзге лаңкестік және экстремистік күштердің келу қаупі туындауы мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар ол, Ауғанстанда басқару механизмінде баяндылық болмаса жұт жайлап, жүз мыңдаған адам босқын ретінде көршіліс елдерге қарай ағылуы мүмкін деп болжайды. Расул Арин босқындарға пана беру Еуропа елдеріне ауыр бола қойғанмен, Еуропадан әлеуеті төмен Орталық Азияға оңайға соқпасы анық екенін айтады.
Тағы бір саясаттанушы Қазбек Майгелдинов «Қазақстанның Ауғанстанмен ортақ шекарасы жоқ. Дегенмен, Түркіменстан мен Ауғанстан шекаралары осал шекаралардың бірі боп саналады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Тәжікстанда Ресейдің арнайы әскери базасы орналасқан. Өзбекстан мен Ауғанстанға келер болсақ, қазір Ш.Мирзеевтің келуімен соңғы 5-6 жылда ауған келіссөздеріне Өзбекстан тікелей араласып, өзінің қандай да бір тәжірибесін көрсетті. Көбінесе олар экономикалық мүддені көздеп отыр. Әсіресе, Пәкістанға ауған дәлізін қолдану. Сонымен қатар, Өзбекстанның әскери қуаты Ауғанстаннан мықты. Түркіменстанның шекаралық мәселесі қазір алаңдатушылық тудырып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазір ел Үкіметіне, ел басшылығына ортақ мүдде мәлімдемесіне келу керек. Қауіпсіздік мәселесіне келгенде, Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары ортақ бір қағиданы ұстануға тиіс»,-дейді «Азаттық рухына» берген мәлімдемесінде.
Сәрсенбіден бастап тәліптер Кабулдағы әуежайды да өз бақылауына алды. Осыған сәйкес олар әуежайдан бірнеше шақырым жерден бақылау-өткізу орнатып, одан тек НАТО мүшелері мен батыс елдерінен шақырту алған және визасы бар ауғандықтарды ғана өткізуде. Бұл көңілі күпті ауған халқын одан сайын үрейлендіріп отыр. Өне бойы үрейге толы халық тәліптерден қайырым не қаталдық көретіні алдағы уақыттың еншісінде.

С.НҰРАЙ.

Биыл әлем бойынша саяхат пен туризнен түскен табыс көлемі 385 миллиард долларға жетеді. Мұндай болжамды америкалық қаржы сарапшылары жасаған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп болатын болғанмен, 2019 жылғы кіріс деңгейінің жартысына да жетпейді. Десе де, сарапшылар пандемияға байланысты тұралаған туризм 2023 жылға қарай түзеліп, саладан түсетін табыс көлемі 738 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін алға тартып отыр.

Өткен жылы пандемияға байланысты әлем бойынша туристік сектордың саны 60 пайызға төмендеп, кіріс көлемі 298 миллиард долларды құраған-тын. Коронавирусқа қарсы препараттар шығарылып, карантин талаптары біршама жеңілдеуіне байланысты туристердің саяхаттауы қарқын алды. Бірақ барыс-келіс 2019 жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз. Мысалы, биыл туристік жолдамамен саяхаттау 115,7 миллиард доллар әкеледі деп болжануда. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 54 пайызға аз. Демалыс үйін жалға беруден түсетін табыс 71,1 миллиард долларды құрайды деп күтілуде. Ал бұл эпидемияға дейінгі деңгейден 15 пайызға төмен.
Айта кетейік, Америка сарапшылары АҚШ, Қытай, Германия, Жапония, Ұлыбритания елдерін туризм индустриясы дамыған елдер деп санайды.

«Уақыт».

Шымкентте 44 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша баспана кезегінде тұрған сол азаматтардың 1700-ге жуығы заң талаптарына сәйкес кезектен шығарылған.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.

Сала мамандары бұл азаматтардың үй кезегінен автоматты түрде шығарылуына олардың көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаттарына сәйкес баспанамен қамтылған және санатын жоғалтқан, атына тұрғын үй тіркелген, қайтыс болған, басқа елдi мекенге тұрақты тұру үшiн кеткен, несиелік бағдарлама арқылы пәтермен қамтылғанымен түсіндіреді.
Айта кетейік кезектен шығарылған 1679 азаматтың 234-і кезінде көпбалалы отбасы санаты бойынша баспана кезегіне тұрған болса, 383-і халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жатқызылған. Ал жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша 32, бюджеттік ұйым және мемлекеттік қызметкерлер санаты бойынша 1030 азамат тіркеуге қойылған.
Айта кетейік, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 73 бабының талаптарына сәйкес кезектен шығару тұрғын үй басқармасымен жүзеге асырылады.

Қ,ҚАЛИЕВ.

Осы сәрсенбіде Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия карантин талаптарын жеңілдету бойынша бірқатар шешім шығарды.

Соған сәйкес, ағымдағы жылдың 28-тамызынан бастап «Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің демалыс күндері сағат 24:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат берілетін болады. Ал «Ashyq» жобасының көшбасшыларына түнгі сағат 02:00-ге дейін жұмыс істеуіне мүмкіндік туып отыр. Тек нысанға келуші азаматтардың «Ashyq» қосымшасындағы мәртебесі жасыл түсте болуы қажет. Ал, 30-тамыздан бастап кәсіпкерлік нысандар жұмыс күндері де, осы уақытпен келушілерге қызмет көрсетеді. Сонымен қатар сенбі күні қоғамдық көліктердің жүруіне рұқсат беріліп отыр.

олардың барлығы қайта қалпына келтіруге келмейді

Елімізде 860 көпқабатты үй апатты жағдайда. Өкінішке орай олардың барлығы қайта қалпына келтіруге келмейді.

Бұл туралы отандық ақпарат құралдары Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап жазады. Сонымен қатар ведомства 18,5 мың көпқабатты түрғын үй күрделі жөндеу жұмыстарына сұранып тұрғанын алға тартады.
Қазіргі таңда Қазақстанда қолданыстағы көпқабаты үйлердің үштен бірі 1970 жылға дейін салынғандар. Ал қалған бөлігі дәлірегі, 65 % немесе 54,5 мыңы 25 жыл бұрын пайдалануға берілген. Айта кетейік, статистикалық деректерге сүйенсек Қазақстандағы тұрғын үй қоры 373 млн шаршы метр немесе 5,4 млн. баспананы құрайды. Оның ішінде қалалық жердегі тұрғын үй қоры 238,8 млн. шаршы метр немесе 3,6 млн. баспана болса, ауылдық елді мекендердегі тұрғын үй қоры — 134,5 млн шаршы метр немесе 1,8 млн баспананы құрайды. Апатты үй мәселесі Қазақстанның барлық өңірлеріне қатысты. Мәселен, Шымкентте апатты үйлер саны 107-ге жетеді. Бұл қаладағы барлық көпқабатты үйлердің 4 пайызына тең.

А.САТЫБАЛДЫ.

Аптаның сәрсенбісінде Шымкентте қала педагогтарының дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысқан кеңеске мәслихат депутаттары мен ұлағатты ұстаздар қауымы қатысты.

Жиында сөз алған қала басшысы дәстүрлі форматта өтетін алдағы оқу жылында балалардың денсаулығын сақтауға екпін түсіруді баса айтты. Өз кезегінде ол көкірек көзі ашық, санасына сәуле түсіре білген ұрпақ тәрбиелеу басты стратегиялық міндет болып белгіленгенін атап өтті.
Білім саласына мемлекет тарапынан қамқорлық жыл санап артып отырғанын мәлімдеген қала басшысы, педагогтардан тек білім сапасын арттыру ғана күтілетінін айтты. Сондай-ақ мегаполис басшысы оқушыларымыз білім олимпиадалары мен ұлттық тестілеу көрсеткіштерінен оқ бойы озық тұруы керек деген талабын жеткізді. «Бүгін мектебіне үлес қосқан бала, ертең еліне үлес қосатын болады. Зияткерлік бәсеке орныққан бүгінгідей кезеңде балаларымыз өздерін күнделікті жетілдіруі тиіс»,-деп, ұстаздарды балаларды жан-жақты дамытуға шақырды.
Кеңесте білім сапасы сыналатын қазіргі уақытта ұстаздар да біліктілігін үнемі шыңдау қажеттігі басты талап болып отырғаны сөз етілді. Кәсіби тұрғыда дайындығы мықты педагог қай кезде де жоғары сұраныста болатыны да ескертілді. Мектептің бала тәрбиесіндегі роліне тоқталған қала әкімі, оқушылардың қосымша біліммен, тәрбие шараларымен қамтудың маңызы зор екенін айтты. Бұл бағытта спорттық және шығармашылық үйірмелер жанданып жатқанын, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын атап өтті. Және сынып жетекшілеріне осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.
Технологиялық мүмкіндіктер тұрмысымызды барынша жеңілдетіп жатқанын атап өткен қала басшысы, интернет кеңістіктің бала тәрбиесіне теріс ықпал ететін факторларын да ескеруді сұрады. Балаларды киберкеңістіктегі нашақорлық бизнесінен барынша қорғап, олардың әлеуметтік желідегі белсенділігін бақылауда ұстауды тапсырды.
Мұрат Дүйсенбекұлы колледждер еңбек нарығына қажетті техникалық мамандар даярлаудың орталығы болуы тиіс екендігін де сөз етті. Бұл бағытта сала жетекшілеріне қала колледждерінде құрылысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлауды тапсырды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі берілген тапсырмалар қаланың білім сапасын жаңа деңгейге шығарады деген сенімін білдірді.
Дәстүрлі тамыз кеңесінде Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасындағы білімге берілген басымдықтар туралы баяндама жасады. Партия өкілі аталған сайлауалды бағдарламада жаңа білім ошақтарының салынуы мен ондағы балалардың білім алуына басымдықтар берілгенін алға тарта отырып, «бес жылда 42 мектеп құрылысы жүреді. 24 мектеп, 3 интернат, 1 колледж және 13 балабақша күрделі жөндеуден өтеді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында жоғары және бірінші санатты мұғалімдер үлесін 30%-ға дейін жеткізу үшін жұмыстар жүргізіледі. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 15 075 дана компьютер, 18 000 дана парта сатып алу жоспарланып, жүзеге асуда. Бұдан бөлек бағдарламада үш ауысымда білім беретін 19 мектептің мәселесін шешу, кәсіптік білім беру саласында мамандар даярлау, дуальді оқыту моделін енгізу, 17 мектепке спорт алаңдарын салу, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды материалдық көмекпен 100 пайыз қамту және т.б мәселелер қарастырылған»,-деді.
Өз кезегінде Жанар Әлібекқызы бес жылға межеленген бұл жүйелі жоспарлар аясында жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Шымкентте 800 орындық 1 мектеп, 350 орындық 5 балабақша салынып, пайдалануға берілгенін атап өтті

Бүгінде Шымкент аумағындағы интернет сапасы төмен 30 тұрғын алап анықталып, оптика тарту жұмыстары жүргізілуде. Қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде «Нұртас», «Тассай», «Таскен», «Пахтакор» шағын аудандарындағы 4 көшеге (400 үйге) кабель жүргізіліп, интернетке қосылды. Ал «Ақжайық» және «Достық» шағын ауданына талшықты оптика желісі толық жүргізілді.

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов мәлімдеді.
Өз кезегінде басқарма басшысы жеке инвестор «Fishnet» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келіссөздер жүргізу нәтижесінде инвестор есебінен 2021-2023 жылдары қаладағы шалғай орналасқан елді мекендерді сапалы интернетпен қамтуға қаржы қарастырылғанын, нәтижесінде, 80 000 үй сапалы интернет желісімен қамтылатынын, бүгінде инвестор тарапынан интернетпен қамтуға қажетті құрал-жабдықтар алынып, монтаждау жұмыстары Рысқұлов-Адырбеков, Қонаев-Желтоқсан мекенжайларында басталғанын атап өтті.
Бұдан бөлек ол, биыл базалық станциялардың санын ұлғайту және байланыс сапасына толық талдау жүргізу мақсатында басқарма өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесіп қала аумағындағы 45 елді мекен мен шағын аудандарға арнайы құрылғылармен байланыс сапасын тексеру жұмыстарын жүргізгенін айтты. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде Абай, Әл-Фараби, Қаратау ауданына қарасты бірқатар мекенжайларда интернет сапасы талапқа сай еместігі анықталған. Соған сәйкес айыппұлдар салынған.
Аталған брифингте Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұловта қатысты. Өз кезегінде азаматтар Ержан Дәулетұлы байланыс саласындағы мәселелер бойынша өтініштерді Шымкент қаласы, М.Дулати көшесі 3, үшінші қабат, 19а кабинет мекенжайына келіп немесе 54 01 00, 53 49 52 нөмірлері және Е-өтініш бағдарламасы бойынша «egov» порталы арқылы жаза алатындарын жеткізді.

Ағымдағы жылдың мамыр айында Шымкентке қанша туристің табаны тиетінін автоматты түрде есептеп отыратын «eQonaq» бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылған болатын. Қаладағы қонақүйлерге орнатылған жүйе қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы арасындағы екіжақты келісім аясында жүзеге асқан.

Соған сәйкес мегаполиске келген туристер бұған дейінгідей Көші-қон полициясына барып немесе «егов» порталына кіріп уақыт жоғалтпай-ақ, өздері тоқтаған қонақ үйде қызметкерлердің көмегімен немесе өз ықпалымен тіркеле алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл туристерді есепке алу, туристік ағынды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға арналған жүйе. Бүгінгі күнге дейін базада 40 мыңға жуық шетел азаматы тіркелген.
Жалпы Шымкентте туристерді орналастыратын 120 орын бар. Оның жетпісі атап айтсақ, қонақ үйлер, хостелдер және демалыс үйлері «eQonaq» бірыңғай ақпараттық жүйесін қолданып келеді. Жыл соңына дейін барлық нысанға «eQonaq» бірыңғай ақпараттық жүйесін орнату жоспарланған.

Арнайы жүргізілген статистикалық деректерге сүйенсек, күнгейде малдың 95 пайызы тейлериоз және пироплазмоз ауруымен, 40 пайызы анаплазмоз ауруына шалдығады екен. Бұл паразит аурулар төрт түліктің өліміне және одан алынатын өнімділіктің төмендеуіне алып келеді. Мұның өзі өңірге экономикалық залал келтіретіні сөзсіз.

Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мұндай жұтты алдын алып, керісінше мал шаруашылығын дамыту мақсатында түрлі жаңа жобаларды қолға алуда. Соның бірі малдардың тейлериоз, пироплазмоз, анаплазмоз секілді паразит ауруларымен күресуге бағытталып отыр.
Мамандар ұсынылып отырған жобаның мақсаты – эндоглобулярлық паразиттер мен флагеллалардан (пироплазмоздар, тейлериоз) туындаған ауыл шаруашылығы жануарларының қан паразитарлық ауруларының алдын алу, ауруды ерте кезеңде анықтау және тиімді күрес жүргізу деп түсіндіреді.
Енді аталған жобаға сәйкес шаруақожалықтарындағы ірі қара малдардың паразиторлық ауруларын анықтау үшін сараптама алынып, «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнына лабораториялық жұмыстар жүргізуге жолданған. Мұндай сараптама ендігі кезекте ұсақ малдардан алынатын болады.

Шымкентте жүріп-тұруы қиын бірінші, екінші топ пен 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар азаматтар үшін ақысыз түрде әлеуметтік такси мен инватакси қызмет көрсетеді. Арнайы құрылғылармен жабдықталған бұл көліктер мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кез келген уақытта қала ішіне тасымалдай алады. 

Атап айтқанда, инватакси жұмыс, оқу орнына, медициналық мекемелерге, әуежайлар, теміржол вокзалдары және т.б. белгіленген пункттерге апарады. Тек ол азаматтар инватакси қызметіне жүгінетіні туралы өтінішті бір күн бұрын 8 (7252) 57-70-06 телефон нөміріне қосылған диспетчерге қалдыру керек.
Жалпы инватакси қызметі мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жолға қойылған. Жыл басынан бері 500-ден аса азамат инватаксиге тұрақты түрде өтінім қалдырып келеді. Инвактакси қызметі үшін диспетчерге күніне 200-ге жуық өтініш түседі.