Маңызды

Үкімет басшысы өңір әкімдеріне дер кезінде дабыл қағу керектігін ескертті

«Жаман айтпай жақсы жоқ». Алдағы күндері ауа райы күрт жылып, қар қарқынды еріп, жауын шашын толассыз жауатын болса, еліміздегі 276 елді мекенді су басу қаупі бар. Қауіп төніп тұрған елді мекендерде 270 мың халық мекен етеді.

Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралған жиында ведомства өкілі орталық және солтүстік өңірлердің әкімдіктері елді мекендерде бас көтермей жауған қарларды шығару жұмыстарын жандандыруды ескертті. Бүгінге дейін елді мекендерде 13 млн. текше метрден астам қар шығарылған.
Қазіргі таңда ірі су қоймаларының орташа толымдылығы 70-75 пайызды құрайды. Еліміздегі 6 мың су шаруашылығы құрылыстарының 500-ге жуығының жөндеу жұмыстарына сұранып отырғаны алаңсыз отырмауға негіз болып отыр.
Айтып келмейтін апатқа дер кезінде қарсы күрес шараларын жүргізу үшін жанар жағармай, инертті материалдар, құм толтырылған қап қорлары қалыптастырылып, шұғыл шығындарға арналған төтенше резервтер қарастырылған. Жалпы саны 38 мыңнан астам адам, шамамен 13 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу және 2500-ден астам су айдайтын құралдан тұратын азаматтық қорғау құралдары айқындалған.
Сонымен қатар төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны кезеңінде тиісті жұмыстарды атқару үшін авариялық құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобы құрылғанын мәлімдеді. Оның құрамында 10 мыңнан астам қызметкер, 1800-ден астам техника, 27 тікұшақ, 330 жүзу құралы және 1,3 мың мотопомпа бар. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде 3 мың адамға арналған шатырлы лагерьлер дайындалған. Сондай-ақ Қазавиақұтқару әуе кемелері нақты бұйрыққа сақадай сай тұр.
Жалпы еліміздегі елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы бекітілді. Қызыл судан келетін қауіпті болдырмайтын жол картасын іске асыру үшін 160 млрд. теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланған.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин су тасқынын алдын алу үшін тиісті министрлік пен өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Асқар Ұзақбайұлы бір ай ішінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мерзімдерін және су қоймаларын толтырудың қауіпсіз көлемін анықтауды тапсырды. Сондай-ақ, қараусыз жатқан гидротехникалық құрылыстар бойынша меншік құқығын беру жұмыстарын түйіндеуді міндеттеді. Аймақ әкімдеріне су басу қаупі мен туындауы кезіндегі іс-қимыл ережелерімен халықты ақпараттандыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар Премьер-Министр елді мекендерде су тасқыны қаупі мүмкін кезде халықты уақытылы хабардар етуді қадап айтты.
Естеріңізде болса, былтыр 1-мамыр күні таңғы сағат 06:00-дер шамасында Өзбекстанда сыйымдылығы 922 млн. текше метрді құрайтын Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, 22 елді мекенді су алған болатын. Тасқын су Өзбекстан территориясынан өтіп, 2-мамыр күні түнгі 00:00-де шамасында іргедегі Қазақстан Республикасы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы бес ауылға кірген. Одан бірнеше сағат бұрын, дәлірегі 1-мамырда кешкі сағат 19:30-да Мақтаарал ауданы әкімдігі өздерінің фейсбук әлеуметтік парақшасында Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылуынан Мақтаарал ауданына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқтығы туралы хабарлама қалдырған. Мақтааралдықтар әкімдіктің сөзіне сеніп, алаңсыз шырт ұйқыда жатқан кезде, ағын су ауылға кіріп келіп, тұрғындарды әуре-сарсаңға түсірген.

А.САТЫБАЛДЫ.

Арқалықтағы қатаң режимдегі түрмеге тағы бір әйел тоғытылды. Естеріңізде болса Қостанай облысындағы 161/12 түзеу мекемесіне 2019 жылдың мамыр айында бірінші рет әйел адам түскен болатын. Оған дейін ол Алматы облысындағы түзету мекемесінде болған. Сол уақытқа дейін соңғы отыз жыл ішінде бұл түрмеде тек ер адамдар ғана жазасын өтеп келген. Ел арасында «қасапшылар түрмесі» деп аталып кеткен түзеу мекемесіне түскен жалғыз әйелдің қасына қосылған екінші келіншек билік өкіліне күш қолданғаны үшін еліміздің Қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан айырылған. Сотталған 32 жастағы келіншек жазасын өтеу үшін алғашында Шығыс Қазақстан облысындағы қауіпсіздігі орташа колонияға жабылған. Алайда жазаны өтеудің белгіленген тәртібін жүйелі түрде бірнеше рет қасақана бұзғаны үшін былтыр желтоқсанда сот үкімімен Қостанай облысындағы ҚАЖД 161/12 түзеу мекемесіне ауыстырылған. Айта кетейік, Арқалықтағы «қасапшылар түрмесінде» қарақшылық, тонау, зорлау және басқа да ауыр қылмыс жасаған аса қауіпті қылмыскерлер жазасын өтейді.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің таратқан дерегі бойынша елімізде темір торда отырған әйелдер саны 25 мыңды құрайды. Қадамын қия басқан төмен етектілердің көбі адам өлтіру, ұрлық, алаяқтық, есірткіні заңсыз дайындау және сақтау қылмысы үшін сотталған.

Қ.ҚАЛИЕВ.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 2020 жылы атқарылған жұмыстардың есебін баяндады. Әкімнің атқарған жұмысы бойынша тұрғындар алдындағы есебі 19-ақпанда Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпфункционалды концерт залында онлайн форматта өткізілді. Облыс әкімі былтыр атқарылған екпінді жұмыстарға шолу жасады. Атап айтқанда, қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге 100 шақырым инженерлік инфрақұрылым тартылды. Ал, рухани-мәдени орталықта құрылысы жүрзілген 9 нысанның жетеуі пайдалануға берілді.
Жыл қорытындысымен облыс орталығына газ құбырларын тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Нәтижесінде 42 мыңнан астам абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Қазіргі таңда барлық абоненттердің 63 пайызы көгілдір отын тұтынуда. Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Қ.А.Ясауи кесенесінің айналасында ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр және мәдени демалыс орындарының қызмет көрсетуі жолға қойылды. Қазақстандағы туризм саласындағы кадрлардың қажеттілігін және қалада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ескере отырып, Түркістанда Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылды.
Өңірде әрбір салаға қатысты қандай жұмыстар атқарылғаны бойынша Өмірзақ Шөкеев төмендегідей созымды жауаптар берді.

Тұрғындар өтініші кеміген… Неге?

Былтыр облыс бойынша мемлекеттік мекемелерге тұрғындардан 63 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 26 пайызға аз. Облыс басшысы тұрғындардан түскен шағымдардың өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге азаюын халыққа көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруымен байланыстырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында былтыр облыс әкімі, оның орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері жергілікті тұрғындардың өтініштері бойынша 4 мыңға жуық азаматты жеке қабылдаған.

Жәрдемақы алатын көп балалы отбасы жүз мыңнан асады

Былтыр облыста «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 24,4 млрд. теңге бөлінген. Нәтижесінде 88 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Аймақта 100 мыңнан астам көпбалалы отбасы ай сайын жәрдемақы алады. 2020 жылы жоспарланған 50 мыңдай көпбалалы отбасының 39 мыңы атаулы әлеуметтік көмекке жүгініп, оларға 14 млрд. теңгеге көмек тағайындалған. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 64,3%-ға аз.
Төтенше жағдай кезінде халықтың осал топтарына жататын азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары да өз деңгейінде орындалған. Жұмысынан айырылып, табысы төмендеген 880 мыңнан астам азаматқа жалпы соммасы 37,3 млрд. теңгеге 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдер ұсынылды. 170 мыңға жуық 6-18 жас аралығындағы АӘК алушы балаларға, мүгедектер мен жұмыссыз азаматқа 3,7 млрд.теңгеге 5 567 теңге көлеміндегі өтемақы түрінде азық-түлік тұрмыстық пакеттері берілді.

Түркістан – бизнесті жүргізуге ыңғайлы өңір

Былтыр күнгейде өнеркәсіп өнімінің көлемі 535,2 млрд.теңгені құраған. Облыста 258 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2019 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 3,5%-ға артқан. Өңірде жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 141 мыңға жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 14 мыңға көбейген. Осы салада 218 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл секторда 555 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен кезеңмен салыстырғанда 15,6%-ға ұлғайған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 29 млрд. теңгені құрайтын 287 жоба қаржыландырылған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыруда Түркістан облысы өңірлер арасында көш бастап тұрғанын алға тартқан облыс әкімі «Кәсіпкерлердің өндірістік қуатын қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасының бюджеті 23%-ға ұлғайып, 2,9 млрд. теңгеге жетті. Нәтижесінде 400-ге жуық кәсіпорынға қолдау көрсетіліп, қаржыландырылды. Бизнес ахуалды жақсарту мен қолдау мақсатында облысымызда «Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай сервисі іске қосылды. Кәсіпкерлерге 33 мыңнан астам қызмет түрлерін көрсетіп, 1 мыңнан астам бизнес жоспарлардың 78%-ы қаржыландыру деңгейіне дейін сүйемелденді. Нәтижесінде, облысымыз 2020 жылдың қорытындысымен «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» рейтингі бойынша республикада бірінші орынды иеленіп, бизнесті жүргізу бойынша үздік өңір болып атанды»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

Тартылған инвестиция көрсеткіші бойынша көш басында

2019 жылы облысқа 443,5 млрд.теңге инвестиция тартылса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 703,3 млрд.теңгеге жеткен. Тартылған инвестициялардың өсу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орынға ие болды. Тартылған инвестициялардың 112,4 млрд. теңгесі сыртқы инвестициялар болып табылады. Жеке инвесторлар есебінен жалпы құны 154 млрд. теңгеге 37 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 800 жаңа жұмыс орны ашылды. Жүзеге асқан ең ірі жобалар ретінде құны 31,2 млрд. теңге болатын «KZT Solar» (HEVEL Kazakhstan) және жоба құны 19 млрд. теңге болатын «ЮКСЭС 50» серіктестіктерінің күн электр станцияларының құрылысын атауға болады. Сонымен қатар, Түркістан облысына ірі инвестиция құйған «Ecoinvest» ЖШС-нің өнеркәсіптік жылыжай кешені құрылысының бірінші кезеңі жүруде. Жоба құны 6,8 млрд. теңге. Сондай-ақ, жоба құны құны 1,5 млрд. теңге «Стандарт Ресурсис» ЖШС-нің көмір химиялық комбинатының құрылысы және әлеуметтік «Turkistan Textile» БК» ЖШС-нің тігін фабрикасының құрылысы мене «АБН Альянс» ЖШС-нің пластикалық құбырларды өндіру кәсіпорындары бар.
Сонымен қатар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі жағынан республика бойынша үшінші орынды түйіндейді. Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 2020 жылы 729,7 млрд. теңгені құрап, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1%-ға артқан.
Былтыр аймақта 848 мың гектарға жуық алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылдан 19 мың гектарға ұлғайған.

Жедел жәрдем көліктері толық жаңарды

Сынаққа толы болған 2020 жылда медициналық қызмет сапасын жақсарту жұмыстарына көп көңіл бөлінді. Жұқпалы коронавирус дертіне қарсы күресті күшейтіп, індеттің ілмегіне түсетіндердің қатарын мейлінше азайту және науқастарға сапалы ем көрсету бағытында қарқынды жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, пандемия басталғаннан бастап өңірде өкпені жасанды желдету аппараттарының саны артып, қосымша төрт оттегі станциясы орнатылды. Оттегі концентраторлары мен оттегі нүктелерінің саны артты. Облыстық бюджет есебінен компьютерлік томография пен үш дана сандық рентген аппараты алынды. Үкімет тарапынан 12 бірлік жылжымалы медициналық кешен жиынтығы алынып, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ды құрады. Жедел-жәрдем қызметі 122 автокөлікпен қамтамасыз етілді. Бұл автокөліктер жедел-жәрдем қызметі паркін толық жаңартуға мүмкіндік берді.
Өткен жылы денсаулық сақтау саласына 13,7 млрд. теңге бағытталды. Бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау мен жедел жәрдем қызметін күшейтуге екпін берілді. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жабдықтау мақсатында 2,5 млрд. теңгеге 205 дана медициналық техника сатып алынды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 9 фельдшерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, оның 5-і пайдалануға берілді. Қалғаны осы жылы іске қосылады.
Былтырдан бастап өңірде денсаулық сақтау саласында 78,5 млрд. теңгеге 7 нысан салу қолға алынды.
Қазіргі таңда Түркістан облысы COVID-19 көрсеткіші бойынша елімізде 17-ші орында, яғни «жасыл аймақта». Десе де, сақтық шараларын сақтау басты назарда. Өңірде дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың екі айлық қоры құрылған.

Қашықтан оқытуды ұйымдастыру жұмысы қалай орындалды?

Облыс әкімі білім саласында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Өз сөзінде аймақ басшысы мектеп оқушыларын қашықтан оқытуды ұйымдастыру мақсатында балаларды компьютер құралдарымен толық қамтамасыз ету жұмыстары өз деңгейінде атқарылғанын атап өтті. Үкімет резервінен қаралған қаржыға 7 711 планшет, 6 мыңға жуық компьютер, 43 527 ноутбук, барлығы 57 190 компьютер сатып алынған. Құрылғылардың барлығы аудан, қалаларға таратылып берілген. 2020 жылы 15,8 млрд. теңгеге 52 білім нысандарының құрылыстары жүргізіліп, жыл қорытындысымен 16 нысан пайдалануға тапсырылған. Осыған сәйкес, аймақтағы 1 апатты және 1 үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 300 млрд. теңгені құрады

Былтыр облыс аумағындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 300 млрд. теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 65,8%-ға артқан. Жыл қорытындысы бойынша нақты 735,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тапсырма 18,6%-ға артығымен орындалған.
Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 54 нысанның құрылысына 18,3 млрд. теңге қарастырылып, 28 нысан пайдалануға берілген. Нәтижесінде 19 елді мекен жаңа ауыз су жүйелерімен қамтылып, бес елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылған. Бүгінде облыс халқын ауыз сумен қамту деңгейі 92,1%-ды құрады. Осы жылы бұл көрсеткішті 93,3 пайызға жеткізу жоспарлануда.
2020 жылы 41 табиғи газ нысанының құрылысына 14,1 млрд. теңге бағытталып, жылдың қорытындысымен 23 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған.
«Түркістан облысы елді мекендерін сапалы тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етудің 2020-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарына» сәйкес 172 елді мекенді сапалы электр қуатымен толығымен қамту жоспарлануда. Ескі трансформаторлар мен ауыстыруды қажет ететін ағаш электр бағаналары жаңартылады. Өткен жылы 26 нысанның құрылысына 4,4 млрд.теңге қаржы бағытталып, 17 нысан пайдалануға берілді. Биыл жүріп жатқан 26 нысанның 17-сі жақын уақытта пайдалануға беріледі. Қалғаны 2022 жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен, 27,7 мың тұрғын сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтылатын болады.

Екі мың шақырымға жуық жолдарда құрылыс жүргізілді

2020 жылы автомобиль жолдарын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 54,8 млрд. теңге қаралған. Бөлінген қаржыға 2 мың шақырымға жуық жолдар мен көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның 1 525,4 шақырымы пайдалануға берілсе, қалғаны осы жылға өтпеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыста жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 74,1%-дан 79%-ға дейін артты. Биыл 609 шақырым жол мен елді мекен көшелерін жөндеу жоспарлануда.
Облыс әкімі өңірдің әлеуеті мен туризм саласын көтеретін бірден-бір ірі жоба ретінде Түркістан қаласының халықаралық әуежайының құрылысы екенін атап өтті. Түркістан халықаралық әуежайы былтыр еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ашылған. 1-желтоқсан –Тұңғыш Президент күнінде әуежайдан Нұр-Сұлтан қаласына алғашқы әуе рейсі ұша бастады. Бүгінде әуежайдан Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына әуе рейстері орындалуда. Алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларына және шетелге әуе рейстерін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, жеке салымшылар тарапынан «Керуен-Сарай» кешені, халықаралық стандартқа сай «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan», «НұрӘлем» қонақ үйлері сынды ірі жобалар салынып, оның «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan» қонақ үйлері құрылысы толық аяқталды.

Жоспарланған жұмыс одан да көп

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев былтыр атқарылған жұмыстар бойынша осындай сан деректерді келтірді. Сонымен қатар ол, өткен жылдың өкінішті жағдайларын еске алып, болған оқиға нақты шараларды қолға алуды үйреткенін алға тартты. Облыс әкімі былтыр мамыр айында «Сардоба» су қоймасының жарылуына байланысты Мақтааралдағы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Достық, Өргебас елді мекендеріндегі 1030 тұрғын үй, үш мектеп, бес бала бақша, 4 денсаулық сақтау, бір мәдениет үйі, 10 сауда нысандары, автомобиль жолдары, бір көпір, 5 695 га егістік пен жайылым жерлер су астында қалғанын еске алды. Көрші Өзбекстан елінің Сардоба су қоймасының бұзылған бөгетінен аққан қызыл судан келген апаттың салдары бүгінде толық қалпына келтірілген. Атап айтқанда, техногендік сипаттағы төтенше жағдайға байланысты ел Үкіметі тарапынан 100 мың теңге көлемінде зардап шеккен бес елді мекеннің 6 мыңнан астам тұрғынына 628 млн. теңге төленсе, Алишер Усмановтың қоры есебінен су басқан ауылдар мен эвакуацияланған 8 елді мекендегі бес мыңнан астам отбасыға 1000 АҚШ доллары көлемінде 2,2 млрд. теңге қаржы берілген.
Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінің тұрғындары үшін Мырзакент кентінде жаңа қалашық бой көтерді. 400-ге жуық баспана салынып, тұрғындар көшіп келді. Ал, Фирдоуси мен Өргебас елді мекендерінде 504 отбасы жаңа үйге қоныстанды.
Дегенмен де, болған жағдайға байланысты ел аумағында тұңғыш болып Түркістан облысында төтенше жағдайдың алдын алу бойынша Антикризистік карта жасалды. Өмірзақ Естайұлы облыс әкімдігі жанынан құрылған Ситуациялық орталық пен облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып жасалған картаға сәйкес, облыс аумағында 200-ден аса орын алуы ықтимал төтенше жағдай сипатталғанын айтты.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы наурыз мейрамы қарсаңында Түркістан облысында 17-ші «Сауран» ауданы құрылатынын атап өтті. Дәл осы наурыз айында Елбасы тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті өтетінін хабарлады. Сондай-ақ, әкімшілік-іскерлік орталығында 28 гектар аумаққа дендросаябақ құрылысы басталатынын жеткізді. Осы жылы Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес құрылған «Жасыл белдеуінде» көшеттер егу жұмыстары қорытындыланатынын жеткізді. Жалпы аумағы 7 700 га аумақты алатын «Жасыл белдеудің» былтыр 2400 га аумағына 1 млн-нан астам көшет отырғызылған.
Облыс әкімі биыл туристер ағыны мен келушілер санын 2 миллион адамға дейін артатынын айтты. Осы жылы «Керуен Сарай» туристік кешені ашылып, Түркістан, Шымкент және Ташкент арасында жоғары жылдамдықты теміржол жобасы жүзеге асатынын хабарлады.

С.ИБРАГИМОВА.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы бойынша Түркістан облысында атқарылатын жұмыстардың жол картасы бекітілді.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңірдегі өзекті мәселелер қамтылған жол картасының орындалуын бақылауға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев және аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары жауапты болып бекітілді.
Құжатқа сәйкес, Түркістан облысында бес жыл көлемінде 111 медициналық нысан, 266 мектеп, 15 балабақша, 236 спорт, 27 мәдениет нысаны салынады. Сонымен бірге 214 туристік нысан бой көтеріп, осы арқылы өңірімізге келушілер саны 1,5 есеге артып, 2 миллионға жетеді деген жоспар бар. Инфрақұрылымды дамыту да назарда болмақ. Өңірде 5656,11 шақырым жол жөнделеді. 2300 шақырымға жуық таза ауыз су жүйесі жүргізіледі. 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 152 жаңа кәсіпорын ашу және кеңейту арқылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 350 мыңға жуықтайды. Ауыл шаруашылығына қолдау күшейеді. 53 ферма, 900 мал бордақылау алаңы құрылады. Бес жылда 21 мыңнан астам пәтер ел игілігіне беріледі.
Осы және өзге де мәселелер қамтылған құжат туралы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Жол картасындағы әрбір міндетті жүйелі әрі талапқа сай орындау мемлекет басшысының тікелей қадағалауында екенін, бұл бағыттағы жұмыстарға фракция мүшелері, жергілікті атқарушы органдар белсенді түрде қатысатынын жеткізді.

Өткен жұмада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев онлайн форматтағы халық алдындағы есептік кездесуінен соң, жеке қабылдауына жазылған азаматтарды қабылдады. Онлайн қабылдауға жазылған өңір тұрғындары сан алуан мәселені көтерді. Әкім назарына жеткен мәселелердің көбі оң шешімін тапты.

Мәселен, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылының тұрғыны шаруа қожалықтарының егістік жерлеріне су жетпей жатқанын көтерді. Осыдан 7 жыл бұрын ауылдағы
1 500 га жерге су жеткізу мақсатында «Біресек» су қоймасы салынған. Алайда су қоймасының құрылысы тиісті ережелерге сай жүргізілмегендіктен іске қосылмаған. Осылайша шала жұмыстың зардабын шаруалар тартып отыр. Бұдан хабардар болған облыс әкімі олқылықты орнына келтіру үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастыру мәселесі қаралатынын айтты.
Аймақ басшысына толғандырған мәселесін көлденең тартқанның бірі Бәйдібек ауданы, Шаян ауылының мүмкіндігі шектеулі азаматы болды. Құлағы тосаң азамат есту аппаратына зәру. Оның бұл тілегі өз шешімін тапты. Сондай-ақ ол табиғи отынды пайдалану үшін үйіне газ құбырын тартып беру туралы көмек сұрады. Азаматтың бұл өтініші кәсіпкерлер көмегі арқылы жүзеге асатын болды.
Түркістан қаласының тұрғыны баспана тауқыметін тартып жүргенін айтты. Ол әлеуметтік жағынан осал топтар санатында, толық емес отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде 2019 жылы тіркелген. Қолданыстағы заңға сәйкес, оған тұрғын үй кезегі келгенде беріледі. Бірақ облыс әкімі өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға өңірлік «Халық берекесі» жобасы енгізілетінін, соның аясында тұрғын үйлері жоқ отбасыларға 3 жылға тегін баспана ұсынылатынын мәлімдеді.
Онлайн қабылдауында Өмірзақ Естайұлы барлық өтініштерге заң аясында толыққанды жауап берді. Елдегі пандемияға байланысты жеке қабылдаулар мен жиындар онлайн форматында көшкені белгілі. Тұрғындарды қабылдау – халықпен байланысты тиімді ұйымдастырып, тұрғындар мәселесінің шешілуіне сеп болары сөзсіз.

С.ИБРАГИМОВА.

оның көбі жер қатынастары саласына тиеселі

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті былтыр өңірдегі мемлекеттік қызмет көрсету заңнамасын сақтауға қатысты 35 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 1 157 заң бұзушылықты анықтады.

Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 32 пайызға аз.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов мәлімдеді.
Оның айтуынша, заң бұзушылықтардың жартысынан көбі дәлірегі 632-сі жер қатынастары саласына тиесілі. Ал халықты әлеуметтік қорғау саласында- 377, ауыл шаруашылық саласында-70, сәулет және құрылысы саласында-52 заң талаптарын бұзу орын алған.
«Департамент тарапынан әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты 47 әкімшілік хаттама түзіліп, 1 807 525 теңге айыппұл мемлекет кірісіне өндірілген. Өз кезегінде, құқық бұзушылықтардың ішінде көп кездесетін жағдайлар рұқсат беру мерзімін бұзу, рұқсат беруден негізсіз бас тарту, әкімшілік жаза қолданғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер», — деді департамент басшысы.
Түркістан облысында 610 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оларда қазіргі таңда 6 624 мемлекеттік қызметші жұмыс атқаруда. Бос лауазымдар саны 388 бірлік. Облыста кадр тұрақтылығы артқан. Айта кетерлігі, жалпы Түркістан облысында қызмет беруші мекемелер тарапынан 2020 жылы көрсетілген 18 027 462 қызметтің 91,1%-ы электронды түрде көрсетілген.
«Өтініштердің негізінде департаментпен 24 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, арыздардың 66,6%-ы қанағаттандырылып, 8 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Облыста мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілікке тартылу дейгейі өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға азайған. Сонымен қатар, 2020 жылы өткен жылмен салыстырғанда Әдеп нормаларын бұзу дерегі бойынша тәртіптік істер 43%-ға кеміген», — деді Айбек Ақбергенұлы.

С.ИБРАГИМОВА.

Ауыл тұрғындары жайылым жер таба алмай жүр. Ал бұл мақсаттағы жерлердің көпшілігі бос тұр. Оны дұрыс кәдеге жарата алмай жүргендерден жыл соңына дейін қайтарып алып, тұрғындардың игілігіне беру керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде тиісті орган мен өңір әкімдіктеріне осындай тапсырма берген болатын.

Бұл мақсатта Түркістан облысында қандай шаралар қолға алынды?
Газетіміздің өткен санында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекетке кезең-кезеңімен қайтарудың нақты жоспарын ұсынуды тапсырып, іске кірісуді тапсырғанын хабарлаған болатынбыз. Апта басында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте осы бағытта атқарылатын жұмыстардың барысы пысықталды.
Түркістан облысында 3 млн. 200 мың гектар жайылымдық жер бар. Жыл соңына дейін халық пайдаланатын жайылым жердің көлемі 742 мың га немесе 21% көбейту көзделіп отыр. Бұл үшін облыс аумағындағы жайылым жерлерді қайтарудың 5 бағыттық қадамдық алгоритм жобасы әзірленген. Облыс әкімінің тапсырмасымен дайындалған алгоритм бойынша жайылым жердің тапшылығы айқын сезіліп отырған аумақтардағы мәселені шешу үшін 152 елді мекен маңындағы халықтың мұқтажына алынатын учаскелер анықталған.
Жиында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Самат Рамазанов жыл соңына дейін 130 мың гектарға жуық жайылымдық жерді халықтың мұқтажына алу жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның сөзінше елдің ен байлығы бекітілген іс-жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 66,4 мың гектар, екінші жартыжылдықта 63,2 мың гектар жайылымдық жер тұрғындар игілігіне тапсырылатын болады. Қазіргі таңда алынатын учаскелер нақтылану үстінде.
Жиын соңында аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстар халықты жайылым жермен толық қамтылғанша тұрақты бақылауда болатынын айтты.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Түркістан облысында Қазақстан халқы достығын дәріптеуге арналған «Шаңырақ» байқауы басталады. Жарыс әлеуметтік желі қолданушылары арасындағы үздік жазбалар бойынша өтеді. Байқауға 2021 жылдың 1-наурызынан 10 маусымға дейінгі жарияланған материалдар қабылданады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев мәлімдеді.
Байқаудың негізгі мақсаты – әлеуметтік желідегі жазбалар арқылы Қазақстан халқы арасындағы ынтымақ-бірлікті, достықты қалыптастыруға атсалысу. Түркістан облысы ҚХА журналистер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек «Жазбаларға қойылатын талап этносаралық қарым-қатынасты нығайту, еңбек адамы мен үлгілі отбасын насихаттау, қазақ тілінде өлең оқып, ән айтып, ізгі тілек жолдау, жол сапардан позитивті мақала жазу, тікелей репортаждар жасау болып табылады. Байқауға кез-келген әлеуметтік желі қолданушылары, журналистер мен блогерлер, баспасөз орталықтарының мамандары қатыса алады. Байқауға қатысу үшін жарыс ережесіне сай келетін материалды әлеуметтік желідегі Facebook, Вконтакте, Instagram парақшаларының бірінде жариялау қажет», — деп атап өтті.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Эльмира Жанғазиева байқау шарттары туралы «Байқауға қатысуға жолданған мәтіндік материалды «Шаңырақ» сөздерінен бастау қажет. Материалдарды жариялау жиілігі аптасына 3 жазбадан кем болмауы тиіс. Жалпы жазба саны 30-дан аз болмауы керек. Желіге жүктелген жазба міндетті түрде мемлекеттік тілде болуы қажет. Материалдың көлемі 100 символдан аз болмауы, мәтіндік материалға суреті бар мақала жайлы хабарды қосу керек. Жазбаңыз #Шаңырақ хэштегін қолдану арқылы жүктелуін қаперден шығармаңыз. Жарияланған материалдардың скриншоттарын арнайы файл папкасына жинақтап, байқауды ұйымдастырушыларға 2021 жылдың 10-12 маусым аралығында тапсырылуы тиіс. Байқау жұмыстары мемлекеттік тілде қабылданады», — деді.
Айта кетерлігі, байқауға ұсынылған жұмыстар әлеуметтік желілерде немесе блог-тұғырнамаларда көп дауыс жинағаны, ең көп лүпіл басылғаны, ең көп бөлісілгені арқылы бағаланады. Желі қолданушысының өз жазбасы арқылы қаншалықты оқырманның көңілін аудара білгендігіне де мән беріледі. Сондай-ақ, материалдың әсерлілігі және дұрыс бағыты да ескеріледі. Байқаудың жүлде қоры да қомақты. Бірінші орын үшін сыйақы көлемі 150 000 теңге болса, екінші орынға 100 000, үшінші орынға 80 000 теңге беріледі. Сонымен қатар, жеңімпаздардан басқа, байқауға қатысқан өзге де үміткерлерге ынталандыру сыйлықтары тағайындалады. Байқаудың қорытындысы 2021 жылы маусым айында БАҚ мерекесі күні қарсаңында жарияланады. Байқау туралы толық ақпаратты төмендегі байланыс телефондары арқылы біле аласыздар.
Тел.:8-775-820-36-92; 8-771-594-72-34. электронды пошта shanyrak_turkistan@mail.ru.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында алма өсіру жылдан жылға қарқын алып келеді. Тәтті жемістің бұл түрін өсіруге ауданның климаты өте қолайлы. Ауданда алма бау көлемі 2001-2019 жылдары мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2578 гектарға жеткен.

2020 жылы алма бауы 78 гектар жерге отырғызылған. 2018 жылы ауданда 25150 тонна алма өндіріліп, рекордтық көрсеткішке жеткен. 2019 жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты диқандар 20000 тонна алма жинаған. 2020 жылы түлкібастық шаруалар рекордтық көрсеткішті жаңартып, 33 мың тоннаға жуық алма өндірген.
Ауданда алма жемісін өсіруге қызығушылық танытқан шаруалар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Солардың қатарында «Нұрсәуле» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Шаруа иесі қазірден бастап ауа райының қолайлылығын пайдаланып, көшеттерді отырғызуда. Шаруашылық иесі алманың «Гала», «Голден Делишес», «Старкримсон» сынды сұрыптарын жалпы аумағы 50 гектар жерге егуде. Сонымен қатар, шаруашылық 4 гектар жер алқабына ерте пісетін шие көшеттерін отырғызуда. Қазіргі таңда жерді өңдеп, көшет отырғызу жұмыстарына 60-қа жуық жергілікті тұрғындар тартылған.
Қожалық төрағасы Ештаев Нүридиннің айтуынша, аталған жұмыстар өз қаржысы есебінен жүзеге асырылуда. Ол алдағы уақытта мемлекеттік қолдаулар арқылы алма бау көлемін ұлғайтуда жоспарында бар. Сондай-ақ, алма баудан мол өнім алу мақсатында тамшылатып суару әдісімен израилдік технология енгізілмек. Бұл технологияның ерекшелігі суды үнемдеп қана қоймай, өнім көлемін 2-3 есеге арттырады.

Түристік индустрияны дамытудың тұжырымдамасына сәйкес 2025 жылы Түркістан қаласына 5 млн.-ға жуық турист келеді деп күтілуде. Киелі шаһарға табаны тиген әрбір қонақтың оң әсерге бөленуі гид-экскурсоводтардың кәсібилігіне көп байланысты. Сондықтан да алдағы уақытта сауда-саттығы қайнаған, туристер көптеп ағылған қалада әлеуетті гид-экскурсоводтардың қызмет етуін жолға қою қазірден бастап қолға алынуы тиіс.

Осы мақсатта Түркістан облысының туризм басқармасы «Turkistan Tourism Center» туристік ақпараттық орталығымен бірге әлеуетті гид-экскурсоводтар үшін семинар тренинг өткізді. Ақпан айының 11-23 аралығында өткізілген жиынға қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерін жетік меңгерген 50 жоғары курс студент қатысты. Ұйымдастырушылар оларды болашақта кәсіби гид-экскурсовод деңгейіне көтеруге, республикалық бірыңғай тізімге тіркеуге ниетті.
Оқудың мақсаты – өңірге келетін туристермен жұмыс істейтін гид-экскурсоводтардың біліктілігін арттыру болып табылады.
Семинарға қатысушыларға туризм саласына еңбек сіңірген, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қожа Мұқтар Бақадырұлы және жаттықтырушы гид-экскурсовод, доцент Рахимбекова Майра Жұмағалиқызы дәріс беруде. Олар өз дәрістерінде өңірдің туристік нысандары туралы ақпаратты сапалы ұсыну, білікті кадрларды ұлғайту, туристік индустрия саласында адами ресурстарды дамыту, маршруттарды дұрыс жоспарлау, гид-экскурсовод қызметінің сапасын арттыру туралы кең түсіндіріп берді.