270 МЫҢ ХАЛҚЫ БАР 270-ТЕН АСТАМ ЕЛДІ МЕКЕНДІ СУ БАСУ ҚАУПІ БАР
Үкімет басшысы өңір әкімдеріне дер кезінде дабыл қағу керектігін ескертті
«Жаман айтпай жақсы жоқ». Алдағы күндері ауа райы күрт жылып, қар қарқынды еріп, жауын шашын толассыз жауатын болса, еліміздегі 276 елді мекенді су басу қаупі бар. Қауіп төніп тұрған елді мекендерде 270 мың халық мекен етеді.
Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралған жиында ведомства өкілі орталық және солтүстік өңірлердің әкімдіктері елді мекендерде бас көтермей жауған қарларды шығару жұмыстарын жандандыруды ескертті. Бүгінге дейін елді мекендерде 13 млн. текше метрден астам қар шығарылған.
Қазіргі таңда ірі су қоймаларының орташа толымдылығы 70-75 пайызды құрайды. Еліміздегі 6 мың су шаруашылығы құрылыстарының 500-ге жуығының жөндеу жұмыстарына сұранып отырғаны алаңсыз отырмауға негіз болып отыр.
Айтып келмейтін апатқа дер кезінде қарсы күрес шараларын жүргізу үшін жанар жағармай, инертті материалдар, құм толтырылған қап қорлары қалыптастырылып, шұғыл шығындарға арналған төтенше резервтер қарастырылған. Жалпы саны 38 мыңнан астам адам, шамамен 13 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу және 2500-ден астам су айдайтын құралдан тұратын азаматтық қорғау құралдары айқындалған.
Сонымен қатар төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны кезеңінде тиісті жұмыстарды атқару үшін авариялық құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобы құрылғанын мәлімдеді. Оның құрамында 10 мыңнан астам қызметкер, 1800-ден астам техника, 27 тікұшақ, 330 жүзу құралы және 1,3 мың мотопомпа бар. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде 3 мың адамға арналған шатырлы лагерьлер дайындалған. Сондай-ақ Қазавиақұтқару әуе кемелері нақты бұйрыққа сақадай сай тұр.
Жалпы еліміздегі елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы бекітілді. Қызыл судан келетін қауіпті болдырмайтын жол картасын іске асыру үшін 160 млрд. теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланған.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин су тасқынын алдын алу үшін тиісті министрлік пен өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Асқар Ұзақбайұлы бір ай ішінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мерзімдерін және су қоймаларын толтырудың қауіпсіз көлемін анықтауды тапсырды. Сондай-ақ, қараусыз жатқан гидротехникалық құрылыстар бойынша меншік құқығын беру жұмыстарын түйіндеуді міндеттеді. Аймақ әкімдеріне су басу қаупі мен туындауы кезіндегі іс-қимыл ережелерімен халықты ақпараттандыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар Премьер-Министр елді мекендерде су тасқыны қаупі мүмкін кезде халықты уақытылы хабардар етуді қадап айтты.
Естеріңізде болса, былтыр 1-мамыр күні таңғы сағат 06:00-дер шамасында Өзбекстанда сыйымдылығы 922 млн. текше метрді құрайтын Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, 22 елді мекенді су алған болатын. Тасқын су Өзбекстан территориясынан өтіп, 2-мамыр күні түнгі 00:00-де шамасында іргедегі Қазақстан Республикасы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы бес ауылға кірген. Одан бірнеше сағат бұрын, дәлірегі 1-мамырда кешкі сағат 19:30-да Мақтаарал ауданы әкімдігі өздерінің фейсбук әлеуметтік парақшасында Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылуынан Мақтаарал ауданына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқтығы туралы хабарлама қалдырған. Мақтааралдықтар әкімдіктің сөзіне сеніп, алаңсыз шырт ұйқыда жатқан кезде, ағын су ауылға кіріп келіп, тұрғындарды әуре-сарсаңға түсірген.
А.САТЫБАЛДЫ.