150-ДЕН АСА ЕЛДІ МЕКЕН МАҢЫНДАҒЫ ЖАЙЫЛЫМ ЖЕРЛЕР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛЕДІ

Ауыл тұрғындары жайылым жер таба алмай жүр. Ал бұл мақсаттағы жерлердің көпшілігі бос тұр. Оны дұрыс кәдеге жарата алмай жүргендерден жыл соңына дейін қайтарып алып, тұрғындардың игілігіне беру керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде тиісті орган мен өңір әкімдіктеріне осындай тапсырма берген болатын.

Бұл мақсатта Түркістан облысында қандай шаралар қолға алынды?
Газетіміздің өткен санында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекетке кезең-кезеңімен қайтарудың нақты жоспарын ұсынуды тапсырып, іске кірісуді тапсырғанын хабарлаған болатынбыз. Апта басында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте осы бағытта атқарылатын жұмыстардың барысы пысықталды.
Түркістан облысында 3 млн. 200 мың гектар жайылымдық жер бар. Жыл соңына дейін халық пайдаланатын жайылым жердің көлемі 742 мың га немесе 21% көбейту көзделіп отыр. Бұл үшін облыс аумағындағы жайылым жерлерді қайтарудың 5 бағыттық қадамдық алгоритм жобасы әзірленген. Облыс әкімінің тапсырмасымен дайындалған алгоритм бойынша жайылым жердің тапшылығы айқын сезіліп отырған аумақтардағы мәселені шешу үшін 152 елді мекен маңындағы халықтың мұқтажына алынатын учаскелер анықталған.
Жиында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Самат Рамазанов жыл соңына дейін 130 мың гектарға жуық жайылымдық жерді халықтың мұқтажына алу жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның сөзінше елдің ен байлығы бекітілген іс-жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 66,4 мың гектар, екінші жартыжылдықта 63,2 мың гектар жайылымдық жер тұрғындар игілігіне тапсырылатын болады. Қазіргі таңда алынатын учаскелер нақтылану үстінде.
Жиын соңында аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстар халықты жайылым жермен толық қамтылғанша тұрақты бақылауда болатынын айтты.