Маңызды

Қолданыстағы  заңнамаға сәйкес елімізде өткен үлкен саяси науқаннан соң Үкімет отставкаға кетуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10-қаңтарда елордадағы Оқушылар сарайы ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне келіп, дауыс берген соң, журналистерге айтқан мәлімдемесінде осылай деді. Өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлау аяқталғаннан соң Парламентке барып, фракция жетекшілерімен, Мәжілістің жаңа құрамымен Премьер-министр мен үкімет мүшелерінің кандидатурасы жөнінде кеңесетінін жеткізді. 

Парламенттегі мандаттылар мен мемлекет басшысының Үкімет басшысына лайықты деген кандидатурасы кім болатыны әзірге жұмбақ. Бірақ көптеген сарапшылар министрлер кабинетін уысында ұстайтын кадрды алыстан іздеудің қажеті жоқ екенін, жаңа басшы қазіргі саясат сахнасында ел алдында жүрген азаматтардың бірі болуы әбден мүмкін екенін айтады. Мысалы саясаттанушы Данияр Әшімбаев алдағы уақытта қайта жасақталатын Үкімет құрамы айтарлықтай жаңара қоймайтынын, көпшілігі қайта тағайындалуы бек мүмкін екені туралы пікір білдіреді.
Саясаттанушы мұны еліміздегі тәжірибелі кадрлардың тапшылығымен түсіндіреді. Сондай-ақ ол, бірқатар министрлер ауысуы мүмкін деп те болжайды. Бірақ оның сөзіне сенсек, Үкіметтің отставкіге кетуінен жұмыссыз қалған министр болмақ емес.
Орнынан алынған министрлер аймақтарға жіберілуі әбден мүмкін. Мұны ол соңғы уақыттарда әкімдіктердің жұмысындағы біраз олқылықтардың табылуымен тығыз байланыстырады. Данияр Әшімбаев ендігі Үкімет басшысы Асқар Маминнің өзі болуы да ғажап екенін алға тартады. Себебі ол барлық саяси күштердің көңілінен шығып келеді-міс. Сонымен қатар ол, мемлекет басшысы мен Парламенттің таңдауы Бауыржан Байбекке түсуі де кәдік екенін айтады. Қазіргі таңда Бауыржан Байбек Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары екенін ескерсек, Үкімет басшысы болуға мүмкіндігі мол, беделі жетерлік екенін болжау қиын емес. Бұдан бөлек, саясаттанушы алтыншы шақырылымдағы Мәжілістің төрағасы Нұрлан Нығматтулиннің де асығы алшысынан түсіп министрлер үйін басқаруы мүмкін деп біледі.
Саясаттанушы қайткен күнде де министрлер үйі мен Үкімет басына жаңа адамдар келмейді деп санайтынын ашық айтады.
Қ.ҚАЛИЕВ.

Еліміздің бірқатар өңірінде коронавируспен тіркелген науқастар саны көбейді. Осыған орай Қазақстан Республикасы «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа ауысты. Ел аумағында екі өңір атап айтқанда Қостанай мен Ақмола облыстары «сары» аймақтан «қызыл» аймаққа өтті.

Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді.
Бас санитар дәрігер қазіргі таңда «сары» аймақта – Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, СҚО, Павлодар, Атырау облыстары бар. Сондай-ақ, қаңтар айында Батыс Қазақстан облысы «жасыл» аймақтан сары аймаққа көшкенін айтты. Қалған өңірлер «жасыл» аймақта. Сонымен қатар ол, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында ауруды жұқтырғандар көрсеткіші көбейіп отырғанын, сондықтан да халықтың көп жиналуын азайтуға бағытталған карантиндік шараларды күшейту қарастырылғанын айтты.
Жалпы елімізде пандемия басталғалы коронавирус жұқтырған науқастар саны 164 477-ні құрады. Оның 150 мыңнан астамы емделіп шықты. Өкінішке орай 2 377 адам қайтыс болды. Тамыздан бері коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония диагнозымен 46 499 науқас тіркелген.

«УАКЫТ».

Қазақстан елі үшін осы жылдың 10-қаңтары  елеулі күннің бірі болды. Қаңтардың екінші жексенбісіне түскен бұл датада жұрт Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты. Соңғы он алты жылдан бері алғаш рет конституциялық  мерзімінде өтіп жатқан жетінші шақырылымдағы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы күнінде еліміздің 14 өңірі мен республикалық маңыздағы үш қалада азаматтардың дауыс беруі қалай өткізілді?  

 

Дауыс беру дер кезінде басталды

Ағымдағы жылдың 10-қаңтарына белгіленген Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауына дауыс беру елорда уақыты бойынша таңғы сағат 07:00-де басталды. Уақыт айырмашылығына байланысты бес аймақ, атап айтқанда, Ақтөбе, БҚО, Атырау, Маңғыстау мен Қызыл-орда облыстарындағы сайлау учаскелері жұмысқа елорда уақыты бойынша бір сағаттан соң яғни, таңғы сағат 08:00-де кірісті. Еліміздің барлық сайлау учаскелерінің жұмысы Әнұранның орындалуынан соң бастау алды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы таратқан деректерге сүйенсек, барлық сайлау учаскелеріне тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 12 млн.ға жуық.
Сайлау учаскелерінде дауыс беру барлық жерде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-ден бастап, кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасты. Тұрғындар өз таңдауын жасауы үшін 10060 сайлау учаскесі жасақталды. Өңірлер бойынша сайлау учаскелерінің саны да әртүрлі. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында -505 сайлау учаскесі бар болса, Атырау облысында -265, Маңғыстау облысында -231, Ақтөбе облысында -517, Қызылорда облысында — 376, Қостанай облысында -747, СҚО — 650, Ақмола облысында -722, Павлодар облысында -532, Қарағанды облысында — 778, ШҚО -1039, Түркістан облысында -911, Жамбыл облысында -492, Алматы облысында -1053 сайлау учаскесі тіркелді. Ал еліміздің үш ірі қалалары Нұр-Сұлтанда — 283, Алматыда -581, Шымкентте — 312 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Науқанда әрбір адам өзінің тіркелген жері бойынша тіркелген сайлау учаскесінде ғана дауыс берді. Ал басқа елді мекендегі сайлау учаскелерінде дауыс беру үшін азаматтардың қолында есептен шығару куәлігі болуы тиістігі алдын ала ескертілді. Сол ережеге сүйене отырып, сайлау комиссиялары сайлаушылардың өтініштері бойынша азаматтарға дауыс беру құқығын беретін 10599 есептен шығару куәлігін табыстады. Осы куәліктер негізінде азаматтар кез келген учаскеде дауыс бере алатын мүмкіндікке ие болды.

Өзге елдегілер де
өз таңдауын жасады

Жалпы осы сайлауда жасақталған 10 мыңнан астам сайлау учаскелерінің 66-сы әлемнің 53 елінде орналасқанын айта кетейік. Олардың барлығы сол мемлекеттердің ішіндегі Қазақстан елшілігінде орналасқан. Өзге елдерде ең бірінші болып азаматтық міндетін Жапония мен Кореядағы қазақстандықтар орындағанын айта кетейік. Елорда уақыты бойынша таңғы сағат 08:00-де өзге елдегі сайлау учаскелерінің 12-сі іске кірісті. Ал Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 09:00-де шетелде өз жұмысына кіріскен сайлау учаскелерінің саны 17, сағат 12:00-дегі жағдай бойынша 20-дан астам сайлау учаскесі ашық болды. Осылайша уақыт белдеуіне байланысты бірқатар елдердегі сайлау учаскелерінің жұмысы бірнеше сағат кейін іске кірісті. Ал дауыс беру уақыты ең соңынан аяқталатын мемлекет АҚШ пен Канада болды. Онда жерлестеріміздің дауыс беру уақыты елорда уақытымен 11-қаңтарда таңғы сағат 07:00-де аяқталды. Шетелдегі сайлау учаскелерінде сол мемлекетте оқитын, мекендейтін, жұмыс істейтін отандастарымыз дауыс бере алды. Сондай-ақ, жұмыс бабымен немесе қыдырып барған жерлестеріміз де осы учаскелерде дауыс берді. Жалпы консулдық есепте 11 мың азаматымыз тұр.

Аламан бәйгеге
бес партия ат қосты

Бұл саяси додаға елімізде тіркелген алты партияның бесеуі қатысқаны барлығына мәлім. Олар Nur Otan, Қазақстан халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол», «Adal» партиялары.
Жалпы осы бес партияның атынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылған кандидаттар саны 312-ні құрады. Оның 222-сі ер адам, 90 әйел. Соның ішінде Қазақстан халық партиясы Мәжіліске 113 кандидат ұсынды. Оның 41-і әйелдер мен жастар. Ал «Ауыл» партиясы 19 кандидат ұсынған. Олардың 31,5 пайызы әйелдер мен жастар. «Ақ жол» партиясы 38 үміткерін Мәжіліске лайық деп санаған. Олардың алтауы алтыншы шақырылым депутаттары. «Adal» партиясынан 16 кандидат тіркелген. 2013 жылы «Бірлік» болып тіркелген саяси ұйым бұған дейінгі сайлауда қажетті дауысты жинай алмай Мәжіліске өтпей қалған. Саяси ұйым былтыр қараша айында атауларын «Adal» деп ауыстырған.

Бұл дода бұрынғы
додадан өзгерек…

Расымен де биылғы доданың бұған дейінгі сайлаудан ерекшеліктері бірнеше. Сайлау әдеттегідей мезгілінен бұрын емес, өз уақытында өткізілді. Және бұл тартыста бәсеке жеке кандидаттар арасында емес, партиялар арасында болды. Сонымен қатар, әйелдер мен жастарға 30-проценттік квота енгізілді.
Пандемия жағдайында ұйымдастырылғандықтан сайлау учаскелерінде тиісті сақтық шаралары қарастырылып, санитарлық талаптар қатаң сақталды. Дауыс берушілердің барлығы өз учаскелеріне бетпердемен кірді. Сақтық шаралары үшін сайлау учаскелеріндегі дауыс беру кабиналарына перде ілінбеді.

Шетелдік байқаушылар шағым айтпады

Ел назарындағы сайлаудың әділ өтуін шет мемлекеттермен халықаралық ұйымдардан келген 398 байқаушы келді. Шетелдік байқаушылардың 200-ден астамы бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында болғанын айта кетейік. Өз кезегінде шетелдік байқаушылар елдегі сайлаудың өтуіне таң тамаша болғандығы туралы лебіздерін айтып тарқасты. Олардың сайлау барысы туралы ойлары «Сайлау учаскелерінде санитарлық талаптарда мін жоқ. Дауыс берушілердің белсенділігі жоғары. Демократиялық көрініс айқын көрініп тұр. Сайлау барысы өте жақсы өтуде. Бұл Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Үгіт-насихат жақсы өткізілгендіктен, сайлаушылар қай партияға дауыс беретіндерін жақсы біледі. Жасы да, жасамысы да таңертең ерте келіп жатқаны бізді қуантты. Халықтың шағымы жоқ. Барлығы байыппен, сабырмен өтуде» деген пікірлермен өрілді.
Ал елде сайлау барысын назарда ұстайтын ҮЕҰ-дан 19700-ге жуық бақылаушы болды.

Дауыс беру белсенді
болды ма?

Ел аумағындағы сайлау учаскелеріне дауыс берушілердің келу легі елімізде таңертеңгі уақыттарда белсенді болды. Орталық сайлау комиссиясының сағат 10:00-дегі дерегі бойынша ел аумағында дауыс беру құқына ие барлық электораттың 11,6 пайызы дауыс беріп үлгерген. Ал сағат 12:00-дегі дерек бойынша сайлаушылардың 28,8 пайызы дауыс берсе, 14:00-де бұл көрсеткіш 43,9 пайыз болды. Түс ауа адамдардың легі саябырсығаны айтыла келе, сағат 16:00-дегі мәлімет бойынша сайлаушылардың жартысынан астамы яғни, 52,5 пайызы дауыс беріп үлгергені хабарланды.
Ал 18:00-дегі мәлімет бойынша сайлаушылардың 58,2 пайызы дауыс берді. Ал сайлау учаскелеріне сайлаушылардың келуі туралы ұсынылған қорытынды ақпаратта өз таңдауын жасағандардың үлесі 63,3 пайызды құрайтыны мәлімделді. Онда саяси белсенділігі жағынан ең жоғары аймақтар СҚО, Алматы, Ақмола облыстары екені аталып өтті. Сонымен қатар ШҚО, Жамбыл мен Қызылорда облыстарында да сайлаушылардың сайлау учаскесіне келу көрсеткіші жоғары екені айтылды.
Ал Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында сайлаушылардың сайлауға қатысуы төмен болды.

Қорытынды

10-қаңтарда өткізілген сайлаудың түпкілікті қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы науқан өткізілгеннен кейінгі он күн ішінде жариялайтыны хабарланды.
Кейбір деректерде Орталық сайлау комиссиясы соңғы нәтижені 17-қаңтарға дейін жариялауы тиістігі айтылды. Дегенмен де, Орталық сайлау комиссиясы 12-қаңтарда түпкілікті қорытындыны жариялады. Комиссия дерегі бұл жолғы дода да Nur Otan партиясы тағы жеңіске жеткенін көрсетеді. Билеуші партия сайлаушылар дауыстарының 71,09 пайызына ие болса, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы — 10,95 %, «Қазақстан Халық партиясы» -9,10 %, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 5,29 %, «ADAL» саяси партиясы — 3,57 пайызға ие болды. Айтпақшы 10-қаңтардан 11-не қараған түні Exit-Poll нәтижесі жарияланған болатын. Exit-Poll жариялаған қорытынды бойынша Nur Otan сайлауға қатысқандардың — 71,97 % дауысына ие болғаны көрсетілді. Ұйым бұл қорытындыны шығару үшін барлығы 24 мың респонденттің арасында сауалнама жүргізілгенін, және ол орталық сайлау комиссиясының ресми қорытындысымен қарайлас болатынын да мәлімдегенін айта кетейік.
Сайлау қорытындысы бойынша додаға қатысқан бес партияның ішінде «Ауыл» мен «Adal» 7 пайыздық межені бағындыра алмады. Осылайша Қазақстанда осымен жетінші рет жасақталатын Мәжіліс депутаттарының құрамы бұрынғысынша үш партияның ғана өкілдерінен құралатын болды. Яғни, Мәжілістегі 107 депутаттық мандаттың 98-ін үш партия өзара бөліседі. Ал қалған 9 депутат Қазақстан халық Ассамблеясы атынан сайланады.

Сайлау өткізілген келесі тәулікте, яғни 11-қаңтарда елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясы шеңберінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне 9 депутатты сайлау ың-шыңсыз өткізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінінің шешімімен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ұсынылған 9 кандидаттарға дауыс беру пункті сессия өткізілген ғимаратта жүзеге асырылды. Дауыс беруге Ассамблеяның барлық 504 мүшесі емес 351-і қатысты.
Олардың арасында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бар. Ереже бойынша әрбір кандидат Ассамблея мүшелерінің тең жартысынан астамының даусына ие болуы тиіс. Яғни үміткер 252-ден кем емес дауыс жинауы қажет.
Сайлау қорытындысына сәйкес желтоқсан айында Орталық сайлау комиссиясына ұсынылған 9 кандидатта, атап айтқанда Сауытбек Абдрахманов, Аветик Амирханян, Ильяс Буларов, Наталья Дементьева, Юрий Ли, Вакиль Набиев, Шамиль Осин, Владимир Тохтасунов, Абилфас Хамедов депутаттыққа өтті. Ассамблея атынан сайланған бұл 9 депутаттың 5-уі Nur Otan партиясының мүшесі екенін айта кетейік.

Ағымдағы жылдың 10-қаңтарында өткізілген сайлау күнінде сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің белсенділігі бақыланып отырды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сол күнгі күндізгі сағат 10:00-ден бастап әр екі сағат сайын өңірлер бойынша сайлаушылардың белсенділігі туралы мәліметтерді жариялап отырды. Аталған уақытта елімізде дауыс беру құқына ие 12 млн.ға жуық сайлаушылардың 11,6 пайызы дауыс беріп үлгергені айтылды. Кешкі сағат 22:00-дегі қорытынды бойынша сайлаушылардың 63,3 пайызы өз таңдауын жасағаны хабарланды. Аймақтар бойынша сайлаушылардың белсенділігі жағынан Солтүстік Қазақстан облысы 75,5 пайыз көрсеткішпен көш бастады. Одан соң Қызылорда облысы 73,9, Алматы облысы 73,5 пайыз көрсеткішпен алдыңғы қатардан көрінді. Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары да 72 пайыздан аса көрсеткішті көрсетіп, сайлаушылары белсенділер сапынан табылды. Ал еліміздің батыс өңірлерінде дауыс беру құқына ие азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі төмен болды. Атап айтқанда Маңғыстау облысында сайлаушылардың 55 пайызы таңдау жасаса, Атырау облысында 56,4, Ақтөбе облысында 58,8, Батыс Қазақстан облысында 62,8 пайызға жетті. Жалпы батыс аумақтағы өңірлерде сайлаушылардың белсенділік жағынан өзге аймақтардан көш кейін келе жатқаны науқан басталғаннан кейінгі бірер сағаттан соң-ақ айтылып, хабарланып жатты. Сарапшылар мұны аталған өңірлердегі уақыт белдеуіндегі айырмашылықпен тығыз байланыстырған. Алайда сайлаушылардың дауысы саналған қорытындының нәтижесі уақыт айырмашылығында тұрған дәнеңе жоқтығын ап-айқын көрсетіп берді. Аймақтардан бөлек, еліміздің ірі қалаларындағы сайлаушылардың белсенділігі туралы көрсеткіштер де көңіл қуантарлық емес. Мәселен, ірі мегаполис Алматы қаласында сайлаушылардың белсенділігі 30,3 пайызды құраса, Нұр-Сұлтан қаласы 45,1 пайыз болды. Ал 617 мыңнан астам азамат үшін 312 сайлау учаскесі жасақталған Шымкентте дауыс берушілердің белсенділігі 56,5 пайызға ғана жеткен.
Жалпы аймақтармен салыстырғанда дербес қалалардағы сайлаушылардың белсенділігі неге төмен? Мұны кейбіреулер ауа-райының қолайсыздығымен байланыстырса, бірі қала халқының жұмысбастылығынан деп түсіндіруде.
Сонымен қатар, пандемия мен қыс мезгілін ескеріп, 63,3 пайызды жаман көрсеткіш емес деп жатқандар да жоқ емес. Арагідік Мәжіліс пен мәслихат сайлауы президент сайлауы сияқты қоғамның аса үлкен қызығушылығын тудырмайтындықтан сайлаушылардың белсенділігі жоғары көрсеткішті бағындармауы заңдылық деп түсінетіндер де табылады. Ал саясаттанушы Индира Рыстина болса «Республикалық маңыздағы ірі қалалардың аймақтармен салыстырғанда сайлауға келу көрсеткішінің әлдеқайда төмен болуы урбанистикаға байланысты. Яғни, ірі қалалардағы тұрғындардың уақыты, жұмыс күні басқаша. Облыс орталықтарында, аудандарда, ауылдарда баяу өмір болады. Ондағы тұрғындар таңертең тұрады. Сайлауға барады. Олар үшін сайлау саяси үлкен құбылыс. Олар соны сезінеді. Ал ірі қалаларда өмір қарқыны ерекше. Үлгермей жатқан адамдар көп. Қала неғұрлым іріленетін болса, соғұрлым саяси белсенділік төмендейді», -деп түсіндіреді Қазақстан ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» студиясында. Бірақ маман дәл сол күні жұмыс күні емес, демалыс болғанын қаперіне алмаған сыңайлы.

Осы сайлауда Мәжіліске баратын партияларға дауыс беруде «Ауыл» партиясы тиісті 7 пайыздық көрсеткішті бағындыра алмады. Яғни, саяси ұйымның бірде бір мүшесі Мәжіліске бара алмайды. Десе де, аймақтар мен еліміздің ірі қалаларында «Ауыл» партиясының бірқатар өкілдері депутаттық мандатқа ие болады.
Мәселен, Қызылорда облысында сайлауға қатысқандардың 8,70 пайыз дауысы, Маңғыстау облысында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 8,51 пайызы «Ауыл» партиясына тиесілі болған.
Сондай-ақ, республикалық маңыздағы Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында да «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар партиясы межелі 7 пайыздан жоғары дауысқа ие болған.
Енді бұл өңірлердегі мәслихат құрамында «Nur Otan», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясымен қатар «Ауыл» партиясының да өкілдері болмақ.

Сайлау қорытындысы бойынша Түркістан облысында барлық деңгейдегі мәслихат үшін 320 депутаттық мандат берілетіні белгілі. Оның ішінде 45 мандат облыстық мәслихатқа бөлінсе, қалалық мәслихатқа-47, аудандық мәслихатқа-228 кандидат барады. Саяси партиялар арасында «Nur Otan» партиясына-263, «Ауыл» партиясына-32, «Ақ жол» партиясына-24, «Қазақстан халық партиясына
1 мандат бөлінді.
Бұл туралы Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте мәлімдеді.
Өз кезегінде Әлібек Қаденұлы 13 қаңтар күні мәслихаттағы мандатқа ие болған саяси партиялар депутаттыққа ұсынатын мүшелерінің тізімдерін облыстық сайлау комиссиясына ұсынатынын айтты. Алғашқылардың бірі болып, Nur Otan партиясы өз үміткерлерінің тізімін жариялады. Тізімде 37 адам бар. Жаңа құрамда облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылымында депутат болған Өмірзақ Мелдеханов, Ерлан Нұрмаханов, Мағауия Тұрысбеков, Қайрат Балабиев, Дулат Әбіш, Нұралы Әбішев және тағы басқалар бар. Ал жаңа есімдердің арасында белгілі журналист Ғалымжан Елшібай, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков пен Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және тағы басқаларды кездестіруге болады.
Облыстық мәслихаттың жетінші шақырылымының жаңа құрамының алғашқы сессия отырысы 15-қаңтарда өткізіледі деп күтілуде. Жетінші шақырылымның алғашқы сессиясы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының басқаруымен ашылатын болады. Сол кезде жаңадан сайланған мәслихат депутаттары таныстырылып, оларға депутаттық куәліктер мен төсбелгілер табыс етілмек.
Естеріңізге сала кетсек, 10-қаңтар сайлау күні Түркістан облысында 911 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Өңірде жалпы саны 1 млн. 160 мыңнан астам сайлаушы тіркелді. Тіркелген сайлаушылардың 65,8 пайызы немесе 763 454 азамат өз таңдауын жасады. Нәтижесінде сайлау учаскесіне келгендердің 74,43 пайызы «Nur Otan» партиясын таңдаса, 10,21 проценті «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына, 6,57 проценті «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясына, 3,75 проценті Қазақстан Халық партиясына, 5,04 проценті «ADAL» саяси партиясына дауыс берген.

Шымкент қалалық мәслихат корпусындағы 30 мандаттың 24-і «Nur Otan» партиясынан ұсынылған үміткерлерге беріледі. Кеше «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық Саяси кеңесі Бюросының 13-қаңтардағы шешімімен 24 кандидаттың тізімі бекітілді. Ұсынылған үміткерлерді қалалық мәслихаттың депутаттары ретінде тіркеу үшін тізім Орталық сайлау комиссиясына жолданды.
Nur Otan партиясы ұсынған тізімде Алимбек Аслан, Нұрпейіс Анарбеков, Байкен Әшірбаев, Нұрсұлтан Балабиев, Талғат Балтабаев, Нұрғазы Бұхарбай, Әйгерім Жұмағұлова, Альбина Елчиева, Мұрат Жолдыхожаев, Данабек Исабеков, Наргиза Керімбаева, Шыңғыс Козбахов, Бакыт Қыдырбаев, Дария Қожамжарова, Сұлтанғали Қуандық, Ермағамбет Қуатбаев, Айжан Наимбекова, Бахадыр Нарымбетов, Рәшкүл Оспаналиева және т.б. бар.
Қалалық мәслихатта 30 мандат бөлінгенін жоғарыда атап өттік. Оның 24-і Nur Otan партиясының мүшелеріне берілсе, қалған 6 мандатты «Ауыл» мен «Ақ жол» партиясы теңдей бөліседі.

10-қаңтарда өткен сайлау күні Түркістан облысында 135 сәби дүние есігін ашты. Бір тәулікте өмірге келген нәрестелердің 63-і ұл бала, 72-сі қыз бала. Бұл әдеттегі күннен еке есе көп көрсеткіш. Сайлау күніне осылайша мерекелік реңк сыйлаған түркістандық аналар мен олардың сәбилерінің денсаулығы жақсы. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мұны бұрын-соңды болмаған жағдай екенін, бұл рекордтық көрсеткіш екенін хабарлайды. Жалпы өңірде бір тәуліктің ішінде 50-60 бала туылады.
Дәл сайлау күні дүниеге келген сәбилерге ең көп қойылған есімдердің қатарында Сайлау, Сайлаугүл, Нұрсұлтан, Қасым-Жомарт бар.
Саяси маңызы зор осы күні облыс бойынша перзентханада жатқан жүкті және босанған 300-ден астам әйел сайлауға қатысқан.

Соңғы жылдардан бері жылыту маусымы бастала сала Түркістан аспаны көк түтіннен ашылмай қалатыны бірнеше рет мәселе етіп көтерілген. Жергілікті билік мұны жеке үйлер, орталық қазандық пен көптеген кәсіпкерлік нысандардағы пештердің көмірмен қызатындығынан деп түсіндірген. Ауа сапасының нашарлауын болдыратын мұндай күйді келмеске келтірудің жалғыз байлауы – қаланы қатты отыннан арылтып, толығымен газдандыру еді. Осы мақсатта Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов халық алдында сан рет уәделі мәлімдеме жасап, 2020 жылдың соңына дейін жергілікті тұрғындарды отын жағып, күл шығару азабынан біржола құтқаратынын айтқан. Былайғы жұрт та, тұрғындар да мұндай сөзді жадына тез тоқып алатыны жасырын емес. Мұны жақсы білетін Рашид Абатұлы қол астындағы қызметкерлеріне осы бағыттағы жұмыстарды тыңғылықты орындатқызу үшін көп тер төккенін болжау қиын емес сияқты. Ал одан шыққан нәтиже қандай болды?

Жалпы Түркістан қаласына алаулатып газ жеткізу үшін құбыр тарту жұмыстары 2015 жылдың маусымында басталған. Сол кезден басталған газ құбырларын тарту жұмыстары енді түгесілді. Әсіресе 2019-2020 жылдары осы бағыттағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілді. Нәтижесінде қаланы көгілдір отынмен қамту жұмыстары жүз пайыз аяқталды. Енді қалада көмір жағып отырған кез келген тұрғын үйін көмірмен емес, көгілдір отынмен жылыта алу мүмкіндігіне ие.
Біткен іске орай ұйымдастырылған шарада облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындар өздерінің күнделікті күйбең тұрмысында қолайлы жағдай жасауы үшін іргеде келіп тұрған газды дер кезінде пайдалануға шақырды. Және үй ішіне газ тарту жұмыстарын барынша тез әрі тиімді жүргізудің реті де қарастырылғанын атап өтті.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында газға қосылуды жеделдету үшін жергілікті билік «ҚазТрансГаз» АҚ Түркістан облыстық филиалымен бірлесіп абоненттердің газға қосылу туралы өтініштерін қарау мерзімін бұрынғыдай 1 ай емес, екі жұмыс күні ішінде қарайды. Ал арнайы мамандардың қатысуымен іске асатын тұрғын үйге табиғи газ қосудың жұмыс ақысы 85 000 теңгеге дейін төмендетілген. Бұрын бұл жұмыс үшін тұрғындар 250-350 мың теңгеге дейін шығындалатын.
Қазіргі таңда қалада мұндай жеңілдікті пайдалану мүмкіндігіне ие тұрғындар яғни, үйіне газ қосылмаған абоненттер жетерлік. Мәселен, қазіргі таңда 52 037 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылған. Олардың 62 пайызы, немесе 26 200 үй табиғи газды пайдалануда. Кейбір жер телімдерінің уақтылы тіркелмеуінен 380 абонент бұған дейін жазылып, сызылған жобаларда есепке алынбағаны анықталған. Қазіргі уақытта осы абоненттерге газ жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде. Қала билігі уақыттың бір орнында тұрмайтыны секілді, қалада осы қалпында қалмайтыны, аумағы үлкейіп, халық саны артқан сайын коммуналдық қызметтерге деген қажеттілік артатынын, соған орай көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар әрі қарай жалғасатынын да хабарлайды.
Жоғарыда қаланы газдандыру бағытындағы құрылыс 2015 жылы басталғанын атап өттік. Содан бері атқарылған жұмыс 11 кезеңге бөлінеді. Құрылыстың жалпы құны 20,2 млрд. теңгені құрайды. Бұл мақсатта қалаға халықаралық маңызы бар Бейнеу-Бозой магистральды газ құбыры тартылып, автоматтандырылған газ тарату станциялары іске қосылды. Орындалған жұмыстардың нәтижесі бойынша облыс орталығында 1180 шақырымға жалғасқан газ құбыры тартылды. Ауқымды жоба аясында 4 800 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінде қалада тұрғын үйлерге газ кіргізу жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Түркістан қаласын газдандыру бағытындағы ауқымды жұмыс нәтижесінде «Отырар» ықшамауданындағы 29 және
I және II мөлтекаудандағы 75 көпқабатты үйлерге, тағы 28 әлеуметтік бюджеттік мекеме мен 54 жеке үйді жылумен қамтамасыз ететін «Жылу» орталық қазандығы табиғи газға көшірілді. Нәтижесінде шаһардың экологиялық жағдайы жақсарып, атмосфера қабатының ластануы 65 процентке төмендеген. Сонымен қатар, облыстық Экология департаментінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласы бойынша 2018 жылға атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттардың нақты лимиті 4,5 мың тоннаны құраған. Ал, 2020 жылы Түркістан қаласын газдандыру арқылы бұл көрсеткіш 1,6 мың тоннаны құраған. Эколог мамандардың әркез назарында жүретін бұл көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін қалада газдандырудан бөлек, көгалдандыру жұмыстарына да баса мән беріліп отыр. Атап айтқанда, қала айналасынан 7700 га аумаққа жасыл белдеу құру жоспарланған. Соған сәйкес 4700 га жерге әртүрлі ағаш көшеттері егілді. Қалған 3000 га жерді игеруді осы жылдың соңына дейін аяқтау күтілуде.

Қ.ҚАЛИЕВ.