КҮНГЕЙДЕ ДӘРІ-ДӘРМЕК ҚОРЫ ЖАСАҚТАЛУДА

«Жаман айтпай, жақсы жоқ». Түркістан облысы коронавирустың күзде болуы мүмкін екінші толқынына қарсы күреске дайындалуда. Бұл мақсатта дәрі-дәрмек қоры жасақталуда.
Түркия елінен сатып алынып жеткізілген дәрілік заттар ішінде «Осельтамивир», «Азитромицин», «Эноксапарин», «Ривароксабан», «Меропенем», «Рокурония», «Бромид» секілді препараттардың 140 мың данасы бар. Барлығы 253 млн. теңгеге алынған дәрі-дәрмек легі инфекциямен күрес жүргізу мақсатында құрылған облыстық арнайы қорға жеткізіліп, қоймада сақталады.
Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдейді.
«Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, ауруханалар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры толықтырылуда. Бүгін антикоагулянттар, антибиотиктер және өкпені жасанды желдету кезеңінде науқастың жағдайын жеңілдетуге арналған препараттар жеткізілді. Аталған дәрілік заттар 2023 жылға дейін жарамды. Күзде коронавирустың екінші толқыны өтуі мүмкін деген болжам бар. Сол себепті біз қазір арнайы дәрілік қор жасақтаудамыз. Қазіргі таңда облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Коронавирусты 3193 адам жұқтырса, оның 85 пайызы емделіп шыққан»,- деді облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Сонымен қатар ол, облыстағы медициналық жедел-жәрдем қызметінің жұмысын жеңілдету мақсатында «Каспий банк» және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ гуманитарлық көмек ретінде жиырма «Chevrolet Damas» көлігін тарту еткенін мәлімдеді. Портативті жасанды өкпе желдеткіші, дефибриллятор, пульсоксиметр, ЭКГ құрылғысы орнатылған медициналық жедел-жәрдем көліктері облыстағы аудан, қалалардың ауруханаларына тарту етіледі.
Бұдан бөлек, кешегі аптада күнгейге ағымдағы ахуалды жақсарту мақсатында Германия және Украинадан жолданған гуманитарлық көмектің Түркістан облысына бағытталған легі келіп жетті.
Онда медициналық бетперде, «Меропенем», «Левофлоксацин» секілді аса қажетті препараттар бар. Келіп жеткен дәрілік заттарды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті қызметкерлері мен дәрігерлер қабылдап алды. Жалпы саны 4000-нан асатын медициналық препараттар мен қорғаныш бетперделер қажеттілігіне қарай ауруханалар мен емханаларға таратылатын болады. Келіп жеткен барлық препараттарға «тегін» деген жазуы бар арнайы мөр басылады. Бұл сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алуын алдын алады. Мұндай шаралар облысымызда коронавирустың таралу жағдайы азайып, ахуал тұрақталғанша жалғасатын болады.