КӘСІПКЕ КІРІСКЕННІҢ НӘСІБІ МОЛ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жобаларды қолға алған шаруалар жетерлік. Солардың бірі тамшылатып суару жүйесі. Бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы жыл сайын құлашын кеңге жайып келеді.
Мәселен, облыста жыл басынан бері тамшылатып суару жүйесі қосымша 1,7 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 19,3 мың гектарға жетіп отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында Кентау қаласына қарасты Оранғай ауылының тұрғыны Рустам Ибадуллаев тамшылатып суару жүйесіне екпін берген шаруалардың жұмысын жеңілдетуде өзіндік үлес қосып жүр.
Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Оранғай ауылының тұрғыны Рустам Ибадуллаев мемлекеттік бағдарламаның аясында өз кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отыр. Өткен жылы жеңілдетілген жолмен несие алған ол полиэтиленді құбыр шығаратын цех ашқан.
Іске қосылғанына жылға жуық уақыт болған цехта пластикалық құбырлар шығарылады. Барлығы 6 жергілікті тұрғын жұмыс істейтін цехта диаметрі 16-дан 110-ға дейінгі көлемде полиэтиленді құбырлар жасалады. Цех күніне 2,5 тонна жарамсыз полиэтиленді өңдеуге қауқарлы. Сөйтіп, бір тәулікте диаметрі 16 милиметрлі құбырдан сағатына 200 метр, ал 110 милиметрлігінен 50 метр өндіре алады.
Бұл құбырларды негізінен шаруалар тамшылатып суару әдісіне кеңінен қолданады. Цехта дайындалған бұл құбырларға сұраныс облыстағы шаруалардан түсуде. Кәсіпкер алдағы уақытта цехты ұлғайтып, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.