ОҚУЛЫҚТАР ОҚУШЫЛАР ҚОЛЫНА ҚАШАН ТИЕДІ?
Түркістан облысында барлығы 838 елді мекен бар болса, соның 131-де ғаламтор желісі жоқ. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс операторлары және «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп екі жылдық бағдарлама кешенін әзірлеуде.
Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен брифингте осылай деді.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы дайындық жұмыстарын пысықтауға бағытталған брифингте Өмірзақ Естайұлы 1-қыркүйектен бастап өңірдегі оқушылардың 92% қашықтан оқыту форматында білім алатынын жеткізді. Бұл өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында қолға алынып отырған шара. Сонымен қатар ол, облыстың бас санитариялық дәрігері тарапынан рұқсат берілсе балалар саны 180-нен аспайтын шалғайдағы шағын жинақы мектептерде оқушыларға дәріс беру дәстүрлі түрде болатынын айтты. Қазіргі таңда күнгейде шағын жинақы мектептерде білім алатын оқушылардың саны 12 мыңнан асады.
Бұдан бөлек аймақ басшысы жергілікті аудан, қала әкімдері мен білім басқармасы бірлесіп шалғайдағы шағын мектептерде барлық тиісті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету шарасын бақылауға алуы қажеттігін шегеледі. Мектептерде медициналық қызметкер күні бойы оқушыларды бақылауы қажеттігін ескертті.
«Санитайзерлер орнатылып, әр партаға тек бір оқушыдан отыруы тиіс», деген облыс басшысы аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына компьютер беру, оқушыларды кітаппен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.
«Бүгінгі таңда аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан оқушылардың компьютерлік техникасы жоқ. Ол үшін Үкімет тарапынан 57 мыңнан астам компьютер әперу процесі жүруде. Аталған техникалық жабдықтар I- тоқсанның аяғына дейін жеткізіледі.
Компьютерлік техника аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан білім алушыларға және ұстаздарға қашықтан оқыту кезінде пайдалану үшін уақытша берілетін болады», — деп атап өтті облыс әкімі.
Бүгінде жаңа оқу жылына дайындық барысында облыстағы барлық білім беру мекемелеріне қажетті оқулықтардың жүз пайыз қаржысы төленіп, тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылуда. Сәтін салса 25-тамызға дейін барлық оқушыларға қажетті оқулықтар жеткізілетін болады.