СЫН МЕНІ СЫНДЫРМАЙДЫ, ШЫҢДАЙДЫ
Үшінші мегаполистің үшінші әкімі Мұрат Әйтеновтың қала тұтқасын ұстағанына алты айдан асты. Ол қызметке келген бойда-ақ қаланың дамуына қатысты алға қойған мақсаттардың барлығы қолынан келетін іс екенін айтты. Тыңнан жол саламын деп әсіре сілтемеді. Қаланың кешенді даму жоспарында асты сызылып көрсетілген міндеттерге, атап айтқанда өнеркәсіптің өрісін кеңейту, ауыл шаруашылық саласын алшаң бастыру, шағын және орта бизнесті шарықтатып, коммуналдық сала қызметін жақсартуға білек түріп кірісетінін жеткізді. Осы бағытта Мұрат Дүйсенбекұлының шешімтал әрекеттері қандай болды? Ал шешімін күтіп отырған мәселелерге әкімнің айтары не? Демімізді ішке тартқызған жұқпалы коронавирус дертімен күрес жұмыстарының нәтижесі қандай? Әкіммен болған сұхбатта осы сұрақтардың жауабы қамтылды.
– Мұрат Дүйсенбекұлы, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан көкейдегі сұрақтарымызға жауап беруге келісім бергеніңізге рахмет.
Шымкентке әкім болып тағайындалғаныңызға алты ай уақыт өте шығыпты. Ең алғаш Сіз осы қызметке тағайындалған кезіңізде былайғы жұрт алғаш рет әкім болып отырғаныңызды тілге тиек еткен. Ешкім әкім болып туылмайды. Десе де, әкім ретіндегі тәжірибеңіздің жоқтығы туралы сөздерді Сіз қалай қабылдадыңыз?
– «Жыл деген ат басын бұрғанша, ай деген аунап тұрғанша» деген рас екен. Алты айдың өте шыққанын өзім де байқамаппын…
Сұрағыңыздың астарын түсініп тұрмын. Шынымен де маған осы қызмет берілгенде шамалы тосылып қалдым. Оның себебін өзіңіз бағып отырған боларсыз.
Иә, мен Сіз айтқандай «алғаш рет әкім болып отыр» деген пікірлерді естіп, оқып қалдым. Бірақ оған бола жасып қалмадым. Жасырмаймын. Толқыдым. Алдағы күнге алаңдадым. Жалпы бұл қалыпты күй. Бірақ артылған сенім, жүктелген жауапкершілік белімді бекем буғызды. Сіздердің салаларыңызға қатысты бір афоризмді айта кетейін, «Шабыт үшін тамаша жағдайдың жасалуын күтіп отырған жазушы бірде бір сөзді де жаза алмай өледі» деген. Сол сынды әкім болмаған екенмін, әлі уақыт сәті келмеді деп жүре беру жоқ болып кетумен тең. Мыңдаған шақырымдық саяхат алғашқы қадамнан басталады деген ғой. Мүмкін менің әкім ретінде халыққа қызмет көрсетудегі еңбек жолым осы тағайындаудан басталып отырған шығар… Осы қызметке келгелі бері менің тікелей жауапкершілігіме қатысты сындар айтылды. Негізінде сын мені сындырмайды, керісінше шыңдайды.
– Жуырда пандемияға байланысты енгізілген карантиндік шектеулерге қарамастан қалалық бюджеттің кірісі төмендемегені мәлімделді. Соған сәйкес қалалық бюджеттің өзіндік кірістері 21,8 млн. теңгеге ұлғайып, 133 млрд. теңгеге жеткен. Қазіргі таңда қаланың әлеуметтік-экономикалық өсімі қандай?
– 2018 жылдың 19-маусымында сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке дербес қала мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол сәт тарих қойнауына өшпестей алтын әріппен жазылып енді. Көп қауым асыға күткен сол сәтте Елбасы «Шымкент инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды біздің елде ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына тартатын жаңа орталық болады. Бұған қажет барлық шарттар мен әлеует бар», — деген болатын. Бұл белеске жету жолында Шымкентте біраз жұмыстар жүзеге асуда. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша көптеген салаларда өсім динамикасы байқалып отырғаны сол сөзімізге арқау. Түйіп айтсақ, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 304,1 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш кен өндірісінің 71,7 пайызға, энергетика саласының 8,1, негізгі фармацевтикалық өнімдердің 14,8, тамақ өнімдерін өндірудің 8,4, ағаш және жиһаз өндірісінің 3,9, құрылыс материалдары, цемент, бетон сынды металл емес бұйымдарды өндіру өндірісінің 4,5, металлургия өндірісінің 24,8 пайызға өсуі есебінен қалыптасты. Алайда өңдеу өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі 0,4 пайызға төмендеп, межеленген жоспардың 99,6 пайызын ғана орындалды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 14,0 млрд. теңгені құрап, нақты міндетті ойдағыдай жүзеге асырды.
Бұдан бөлек, осы жылы қалаға 250 млрд. теңге инвестиция тартылу көзделген. Алты айдың ішінде қалаға 108,8 млрд. теңге инвестиция тартылған.
– Шымкентте маусым айында эпидахуал алаңдатарлық күйге түсті. Коронавирус күрт көбейіп, өкпе қабынуы өршіді. Бұл уақытта тынысы тарылып, өкпесі қабынған науқастарға ем-дом жасауда ақсаған жәйттер көп болды. Сіздердің коронавируспен күрес бойынша іс-әрекеттер алгоритмдеріңіз қалай өрбіді?
– «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» дегендей, шынымен де мына індет көп мемлекетті қолайсыз күйге түсірді. Қаншама тірлік төтеннен келген осы кеселден қожырады. Індетпен күресу барлық өңірде өткір мәселеге айналды. Қазақстанды айналып өтпеген вирус Шымкент жұртын да әлекке түсірді.
Аурудың өршуі маусым айында белең алғаны бәріне мәлім. Маусымда өкпесі қабынған науқас саны күрт өсті. Жедел жәрдем қызметінің жүктемесі артып, қоңырау шалатындар саны бірнеше есеге өсті. Сол уақытта жедел жәрдем қызметіне келіп түскен қоңырау саны бір тәулікте 1800-2000-ға дейін жетті. ЖРВИ жұқтырғандар саны да екі есеге, пневманиямен ауырғандар саны 6 есеге көбейді. Сөзім құрғақ болмас үшін мына статистиканы айта кетейін. Мәселен, маусым айының алғашқы күнінен бастап 7-шілдеге дейін пневманиямен 6340, тұмаумен 12 мыңға жуық, коронавируспен 2729 адам ауырды. Сол кезде қалада 26 провизорлық орталықтың жұмыс істеуі жолға қойылды. Ол жерлерде 3010 төсек-орын ұйымдастырылды. Ал жұқпалы ауруханалардағы төсек-орны 650 орынға жеткізілді. Шілденің ортасын ала эпидахуал тұрақтала бастады. Қазіргі таңда қалада коронавирус жұқтырғандар саны 5070 адам (7-тамыз). Оның 75,5 пайызы немесе 3831 адам емделген. Ағымдағы жылдың 5-шілдесіндегі жағдай бойынша емдеу орындары 78,7 пайызға толып тұрған болса, бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше есеге төмендеп, 23 пайызды құрап отыр. Соған сәйкес, бірнеше провизорлы орталықтардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда қалада 10 провизорлы стационар және 2 инфекциялық аурухана бойынша 1420 төсек-орын бар екенін айта кетейін. Оның ішінде реанимациялық төсек-орын саны 213-ті құрайды. Айтқан жерден аулақ, егер жағдай өзгеріп, вирус жұқтыру мен пневмания қайта өршитін болса, біз төсек-орын санын 4996-ға дейін жеткізетін боламыз. Оның ішінде реанимациялық төсек орын саны 750 болады. Осы бағытта тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жедел-жәрдем қызметіне келіп түсетін қоңыраулар да 1200-ге дейін қысқарды. Бұл өткен жылдың осы кезіндегі көрсеткішке жақын.
Науқастардың үйіне барып, медициналық қызмет көрсету бағытында 211 мобильді топ құрылғаны белгілі. Осы күнге дейін олар 17820 адамға тиісті ем-дом көрсетті. Сондай-ақ, 53182 адам дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде тегін берілетін дәрілік заттарды медицина қызметкерлері тұрғындардың үйлеріне жеткізіп берді. Карантин жағдайында халыққа қажетті ем-домдардың дер уақытында көрсетілуі үшін 1430.kz порталы іске қосылды. Барлығы 720 дәрігер тіркелген онлайн платформада тұрғындар тиісті маманнан қажетті кеңестер ала алады.
Бірақ мына нәрсені баса айтқым келеді. Таразының тілі қалыпты өмірге келтіретін тұрақтылыққа ауып бара жатқанда қолайсыз ахуал күшіне мініп кетуін де ұмытпаған абзал. Ондай жағдайдың болмауы қала тұрғындарының санитарлық ережені, тазалықты сақтаудағы тәртібіне байланысты. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Өкінішке орай, арамызда бетперделік режимге жүре қарайтын, қолғап киіп қорғануға күле қарайтын, алшақтықты сақтаңыз десең қасын керіп таңырқайтындар жетерлік. Маусымдағы мазасыздыққа сондай сақтық шараларының сақталмауы көп әсерін тигізді. Сондықтан да мен қала тұрғындарынан індеттің таралуы тізгінделгенше сақтық шараларын барынша сақтауды сұранамын.
– Карантин кезінде көптеген салалар тұралап қалды. Бірақ құрылыс қарқын алды. Соның ішінде бірқатар ауруханаларда құрылыс жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Қалада коронавирус пен пневмания өршіген кезде дәл осы ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын сын тезіне алушылар көп болды. Сіз бұған не айтасыз?
– Биыл қала бойынша 7 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар енді қолға алынған кезде қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақты болды. Бірақ індеттің іргесі кеңейіп, ойламаған жерден бұрқ ете қалды. Сол кезде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандардың ішінде №2 қалалық аурухана мен қалалық перзентхана сынды тіректі, яғни маңызды нысандарда болды. Сіз айтып отырған реніш-рәуіштер дәл осы нысандарға қатысты айтылғанын мен жақсы білемін. Алайда ол кезде басталған жұмысты жиып тастауға болмайтын еді. Ондағы жөндеу жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында аяқталады.
– Қазіргі таңда Шымкентте жол құрылысының жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бірақ жұрт арасында «билік орталықтан басқа көшелерді көрмей ме?» деген сын-пікірлер де көп…
– Шымкенттің жолдарын жөндеу үшін бюджеттен 27 миллиард теңге бөлінді. Жол инфрақұрылымын жақсартуға бұрын-соңды осындай көлемде қаржы қаралмаған. Бағытталған қаржыға атқарылатын шаруаның ауқымы кең. Ұзын-ырғасы 414 шақырым жолға орташа, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 313 шақырымы осы жылы аяқталады. Салыстырмалы түрде айта кетейін, 2017 жылы қалада 73, 2018 жылы 78, 2019 жылы 161 шақырым жол жөнделген.
Енді қараңыз жөнделіп, жаңаратын 414 шақырым жолдың ішінде шағынаудандар мен елді мекендердегі жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 69 көше бар. Сонымен қатар, орташа жөндеуден өтетін 290 шақырымды құрайтын 207 көше бар. Тек 21 орталық магистрал көше жөндеуден өтеді. Қалаішілік жолдар соңғы рет 2008 жылы жөнделген. Биыл межеленген жұмыстар түйінделсе, қаладағы техникалық жағдайы жақсы жолдардың үлесі 60 пайызға жететін болады. Бұл көрсеткіш 100 пайызға жетпейінше жолға қатысты мәселе күн тәртібінен түспейтіні, оған қатысты сын түгесілмейтіні белгілі.
– «Келер жылы Шымкентте топырақ жол мәселесі түбегейлі шешіледі». Дәл осындай мәлімдемені өткен және одан алдыңғы жылдары қала тұтқасын ұстаған әкімдер айтқан. Бұл орындала ма?
– Мұндай мәлімдемені өзім де айттым. Топырақ жолдың азабын ауылда өскен мен жақсы білемін. Жазда шаң жұтқызады. Қыста лай-батпаққа батырғызады. Жалпы топырақ жолмен жүрсеңіз «бір жол бар жақын, жақын да болса алыс» деген сөз санаңызға еріксіз оралады. Қазіргі таңда Шымкентте 112 шақырымды құрайтын топырақ жолдар бар. Мәселені түпкілікті шешу үшін, биыл сол жолдардың барлығына шағал тас төселеді.
– Мұрат Дүйсенбекұлы, алда жаңа оқу жылы басталғалы отыр. Осыдан біраз бұрын Сіз жауапты мекемелерге қаланы 100 пайыз сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырдыңыз. Бұл тапсырмаңыз орындалатынына Сіз сенесіз бе?
– Қазіргі таңда бұл бағытта шешімін күтіп отырған мәселе көп. Оған төтенше тоқсанда оқушылардың қашықтан білім алуы кезінде анық көз жеткіздік. Ғаламтор сигналының әлсіздігі оқушылардың дәрісті ден қойып оқуына көп кедергісін тигізді. Осыған орай интернет сапасын жақсарту бағытында тиісті мамандармен бірге бүгінге дейін екі рет жиналыс өткіздім. Нақты тапсырма бердім. Нәтижесінде қалада 11 байланыс станциясын салу мәселесі күн тәртібіне енгізілді. Қазіргі таңда осы бойынша Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасымен бірлесіп, қала аумағынан станциялар орнатылатын 11 жер телімі анықталды. Енді Google maps картасында тиісті базалық станция орнатылатын жерлер белгіленіп отыр.
Бұдан бөлек, жуырда еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қаламызда сапалы интернетті жақсарту үшін 43 жерге антенналы құрылғы орнату қажеттігін алға тартты. Басталған іс жыл соңына дейін шешімін табатын болады.
Ал алдағы оқу жылында интернет жылдамдығы төмен елді мекендердегі оқушыларға интернет тарататын «Әмбебап нөмірлер» беріледі.
– Осыдан бірнеше ай бұрын Шымкентте жылдар бойы шешімін таппай отырған Мангельдин көшесі мен Темірлан тас жолының қиылысындағы жер үсті өткелі пайдалануға берілді. Жалпы Сіз әкім болған жарты жыл ішінде Шымкентте жылдар бойы шешілмей жатқан қандай мәселелерге нүкте қоя алдыңыз…
– Жөпелдемеде мына жұмыстарға нүкте қойдым деп айту да қиын екен. Осы сұрақтың өңін өзгертіп «Қандай негізгі мәселелердің шешімін табуға назар аударып отырсыз?» деп сұраған дұрыс сияқты. Басты міндет – пандемия әкелген сынақтан сүрінбей өту жолында лайықты жұмыс істеу. Одан соң құрылыс жұмыстарында тиянақтың болуын бақылау. Құрылыс нысандарының өзіңіз тілге тиек еткен жерүсті өткелінің керін киіп, кестеден қалып, сақалды құрылысқа айналып кетпеуін қадағалау. Жоғарыда айтып өткен топырақ жолдар мәселесін түпкілікті шешу. Жыл басында уәде етілгендей қалаға 590 автобустың келуін жолға қою. Қазіргі таңда ол автобустардың 70-і қалаға жеткізілгенін айта кетейін.
– Алға қойған межені орындау үшін мықты команда керек. Ал Сіз айналаңыздағы қызметкерлеріңіздің кәсіби қабілетіне қандай баға бересіз? Жуырда екі бірдей орынбасарыңыз жаңарды. Олар жөнінде не айтасыз?
– Жалпы мен «барлық адамға сенбеу және барлық нәрседен күмәндану жақсы емес» деген принципке табан тіреймін. Сондықтан да қол астымдағы қызметкерлерімнің кәсібилігі туралы бағамды бір сөзбен ғана айшықтағым келмейді. Олардың арасында өзіне қатысты саланың ой-қырын жетік білетіні де, кәнігі маман болмаса да талабы күшті, жігері мықты жас мамандар да бар. Істің тетігін көрсетіп берсең ары қарай алып кететін алғыр қыз-жігіттер де жетерлік. Кәсіби қырына көңілім толмаған кадрлар да болды. Солай екен деп асығыс шешім қабылдамадым. Барлық қызметкердің өз жұмысын істеуіне, өздерін көрсетуге мүмкіндік беріп, жақсы ауан қалыптастыруға барымды салдым. Одан нақты нәтиже шығарғандар болды. Жалпы мен командалық рухтың болуына баса мән беремін. Бұл үлкен істі тындыруға жеткізетін ең басты құндылық.
Ал жаңа тағайындалған орынбасарларыма келсем, бірінші орынбасарым Шыңғыс Мұқан есімді азамат. Ол бұған дейін Атырау облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. Тәжірибесі толысқан. Оқығаны көп. АҚШ-та екі жыл білім алған. Осы өңірдің тумасы. Көргені, көңілге түйгені мол жан-жақты азамат. Шыңғыс Жұмабекұлы қаланың дамуы жолында тыңнан жол салар жаңа ойлар қосып, игі істің ұйытқысы болады деп сенемін.
Ал екінші орынбасарым, Айбек Сәттібаев. Қазіргі таңда біздің қаланың экономикалық жағдайының тынысын кеңейту үшін инвестицияның тартылуы ең басты мәселе. Бұл ретте Айбектің тәжірибесі мол. Ол инвесторлармен көп жұмыс істеген. Президенттің кадрлық резервінде болған. Дәл осы инвестиция тарту, инвесторлармен жұмыс істеудің түрлі әдіс-тәсілін меңгеру үшін Сингапурде білім алған. Оқыған-тоқығанын көп жұмыстары арқылы дәлелдей алған. Оның басты бағыты қаламызға инвестиция тарту. Бұл азаматтар қаламызға жақсылық алып келеді деп санаймын. Сондықтан да қолға алған істеріне қолдау танытайық.
– Шымкенттегі жаңадан салынған госпитальдың материалдық техникалық базасы қандай? Нысанда өкпесі қабынғандарға жедел көмек беретін ИВЛ аппараттары жеткілікті ме? Жансақтау бөлімдері қажетті құрылғымен толық қамтамасыз етілген бе?
– Қаламызда орналасқан инфекциялық госпиталь 200 орынға арналған. Нысанда 214 медициналық арнайы төсек-орын бар. Ауруханадағы Бобров аппаратының саны 200-ді құрайды. Жансақтау бөлімінде 30 койкаға арналған 14 ИВЛ аппараты орнатылған.
Сондай-ақ, қажеттілігіне байланысты қосымша жабдықтарды жеткізу бағытындағы жұмыстарымыз белсенді әрі халықтың талабына сай ретімен жүріп жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Талғат БАЛТАБАЕВ.