АРЫС ОҚИҒАСЫ: ТҰРҒЫНДАР ҚОРҚЫНЫШТАН АРЫЛМАДЫ… НЕГЕ?
Ертең 24-маусымда Арыстағы жарылысқа бір жыл толады. Естеріңізге сала кетсек өткен жылдың 24-маусымында күндіз Арыс қаласынан небары 200 метр алшақтықтағы №44856 әскери бөлімінің оқ-дәрі сақтайтын қоймасында жойқын жарылыс болған еді. Бұрқ еткен жарылыс тоғыз жолдың торабында отырған 55 мыңнан астам халықтың жанын шүберекке түйгізді.
Аяқ астынан болған апаттан қатты сасқан ағайын алды артына қарамай, Шымкент пен көршілес аудандарға қарай жан-жаққа қашқан еді. Сол кездегі ресми мәліметтерде Арыс халқының жартысынан көбі яғни, 26 мың тұрғын Шымкентке келгені хабарланған.
Қоймадан шыққан жарылыс салдарынан Арыс небары бірнеше сағаттың ішінде соғыстан қалғандай кейіпке енген еді. Жан-жаққа қарай ұшқан оқ-дәрілер жүздеген кәсіпкерлік нысандарды бүлдіріп, ондағы үйлердің 85 пайызын әртүрлі деңгейде зақымдаған болатын.
Сол кезде үйлері қирап, көшесі қаңырап қалған Арысты әр жерде жатқан оқ-дәрілердің деталдарынан тазалау және төтенше жағдайды тоқтату үшін ішкі істер министрлігі жеке құрамының 1500-ге жуық қызметкері тартылған. Саперлер қала және өрт шыққан оқ-дәрі қоймасы орналасқан аумақтан 5700-ден астам жарылмаған снаряд тапқан. Жарылыс болғаннан кейінгі төрт күннен соң дәлірегі, 28-маусымда қала жарылғыш заттардан толық тазарғаны айтылып, билік үдере көшкен арыстықтарды өз өлкелеріне оралуын ұйымдастырған. Жергілікті билік жарылыстан зардап шеккен үйлер мен өзге де нысандар бірнеше айдың ішінде қалпына келіп, реттелетіні туралы уәделі мәлімдеме жасағаны да белгілі. Соның негізінде үш айдан соң Арыстағы үйлер жаңарып, қала қайтадан қалпына келтірілді. Арысты қалпына келтіру кезінде қала 17 секторға бөлінді. Оның әрбір секторындағы тиісті құрылыс жұмыстарына республиканың әр өңірі жауапты болып бекітілді. Нәтижесінде ондағы 8 мыңнан астам тұрғын үйдің 7500-ден астамы қайта қалпына келтірілді. Тұруға жарамсыз деп танылған 500-ге жуық үйлер сүріліп, қайта салынды.
Қазіргі таңда бірқатар ақпарат құралдарында Арыстағы жарылыс салдарынан зақымданған үйлері әлі күнге дейін жөндеу жұмыстарын көрмегені туралы тұрғындардың шағымдары мен жайайқайлары жеткізілуде. Бұл тұрғыда жергілікті билік олқылықтар реттелетінін айтуда.
Жалпы Арысты қалпына келтіру үшін құрылыс алаңына айналған қалада 134 құрылыс компаниясы жұмыс істеп, 4 мыңға жуық жұмысшы мен 200-ден астам арнайы техника тартылды.
Апат орын алғаннан кейінгі бірнеше күннен соң ҚР Бас әскери прокуратурасы жарылыстан келген жалпы шығын көлемі 20 млрд. теңге шамасында деп болжанғанын мәлімдеген. Қазіргі таңда Арыстағы жарылыс бойынша жалпы шығын көлемі 173 миллиард теңгені құрап отырғаны айтылуда. Ондағы мәліметтерде бұл сомаға ғимараттар мен адамдарға келтірілген шығын, жарылған снарядтардың құны және ұрланған мүлік кіретіні айтылуда. Ал кейбір ақпарат құралдарында қоймадағы жарылыстан 96 млрд. теңге тұратын қару-жарақ жойылып кеткендігі, жеке және заңды тұлғаларға келтірілген шығын – 143 млрд. теңгеден асатыны, жарылыс орнын залалсыздандыруға 38 млрд. теңге жұмсалғаны жазылуда.
Жалпы Арыстағы жарылысқа қатысты сот отырысы үстіміздегі жылдың 11-маусымында Шымкенттегі «Сәуле» шағын ауданында орналасқан №35748 әскери бөлімінде басталды. Былтыр ҚР Бас әскери прокурорының орынбасары Дархан Ержанов Арыс қаласындағы жарылысқа қатысты қозғалған қылмыстық іс ұзақ тергелуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда Арыс оқиғасына қатысты іс 448 томнан тұрады. Шымкент гарнизонының әскери сотының дерегінше, сотта 16 адам айыпталушы деп танылған. Айыпталушылар арасында Арыс қаласындағы әскери бөлім қызметкерлері, қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды офицерлері де бар. Алты айыпталушы сотқа Нұр-Сұлтан қаласынан онлайн режимде қатысатыны хабарлануда.
Айыпталушылардың үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің «Қызметке салғырт қарау», «Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» бабы бойынша түрлі айыптар тағылған. Арыс оқиғасына қатысты жәбірленушілер саны 1473 адамды құрайды. Олар кімдер? Жәбірленушілердің арасында жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындары, қаланы қалпына келтірумен айналысқан «Атамекен» және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, сонымен қатар, барлық облыс әкімдіктерінің өкілдері бар. Олар материалдық өтемақы талап етуде. 448 томнан тұратын істің қанша уақытқа созылатыны әлі белгісіз.
Арыстағы төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапқан. Олар екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.
Былтыр Арыста орын алған жарылыстан соң, тұрғындар мұндай оқыс оқиғаның қайталануы мүмкін деген қорқынышын жасырмаған еді. Сол кезде еліміздің Қорғаныс министрлігі Арыстағы арсенал түгел қаладан шығарылытынын ресми түрде мәлімдеген болатын. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қоймадағы қару жарақтарды басқа жерге шығару 2019 жылдың 5-шілдесінде басталып кеткенін айта келе, «Жалпы, бүгінде нақты кесте бар. Оған сәйкес, 28 мың тонна оқ-дәрі шығаруымыз қажет. Ол, шамамен, 817 вагон. Жоспар бойынша барлық жұмыс 2020 жылдың мамырына дейін толығымен аяқталады», — деген болатын.
Осы айда еліміздің Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев бір жыл ішінде Арыс қаласынан 380 мың оқ-дәрі шығарылғанын, оның 300 мыңға жуығы жарылу қаупі бар оқ-дәрі екенін мәлімдеді. Ведомства өкілі жарылу қаупі бар фрагменттерді тасымалдау үшін автомобильдермен 5 мыңнан астам рейс орындалғанын алға тартқан болатын.
Сонымен қатар ол, биыл елімізде оқ-дәрі сақтайтын заманауи екі қойма салынатынын, оның бірі Ақтөбе облысында болса, екіншісі Қарағынды өңірінде бой көтеретінін мәлімдеді. Жаңадан салынатын нысандарға қойылатын басты талап қауіпсіздік болмақ. Қойма салынатын жер ретінде адам аз қоныстанған аумақ таңдалып алынған. Сонымен қатар осы өңірлерде теміржол және басқа да инфрақұрылым жақсы дамыған. Бұдан бөлек Қарағанды мен Ақтөбе облыстарының жері үлкен. Мұның өзі осындай бағыттағы құрылыс нысандары үшін ыңғайлы.
Ведомства өкілі Бақыт Құрманбаевтың бұл мәлімдемесі ағымдағы жылдың 8-маусымында мәлімделді. Жалпы былтыр министр Нұрлан Ермекбаев Арыстағы оқ дәрілерді көшіруге бір жыл уақыт кететіні туралы мәлімдемесін жоғарыда келтіре кеттік. Бір жыл өте шықты. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар әлі толық бітпеген сыңайлы. Оған Арыс қаласы әкімдігінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында тұрғындар назарына әскери горнизон аумағында тасымалдауға аса қауіпті болып табылатын жарылғыш заттарды жою жұмыстары жүргізілетінін жүйелі түрде жариялап жүргені негіз болады. Қара жерді дірілдететін мұндай жарылыстар тұрғындарға былтырғы Арыс оқиғасын еске түсіріп, кеуделері тола дем алуға мүмкіндік бермеуде.
С. ИБРАГИМОВА.