КАРАНТИН РЕЖИМІ ЖЕҢІЛДЕДІ

Аптаның алғашқы күнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға мәлімдеме жасады. Президент коронавируспен күрес жұмыстары кезінде қолға алынған нақты шаралар мен азаматтарға көрсетілген көмектерді айта келе, төтенше жағдай режимін 11-мамырға дейін ұзарту туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы мұндай шешім күрделі кезеңнің талабы екенін атап өтті. Және де Президент заңға сәйкес 11-мамырда төтенше жағдай режимі аяқталатынын да хабарлады. Соған орай, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын екенін, мұны ең алдымен вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болатынын нақтылады.

Соның негізінде Шымкентте карантин режимі жеңілдеп, 1-мамырдан, яғни, бастап бірқатар нысандар жұмысқа кірісетін болды.

Бұған дейін ағымдағы жылдың 4-сәуірінен бастап карантинге жабылған қалада 1-мамырдан бастап қандай талаптардың жұмсаратыны туралы толыққанды мәліметті қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов түсіндіріп берді. Өз кезегінде ол:

– 1-мамырдан бастап бірқатар қызмет көрсету, сауда салалары мен қаржы ұйымдары іске қосылады. Атап айтқанда қызмет көрсету саласында алдын ала жазылу және жеткізу сервисі болған жағдай бойынша химиялық тазалау, кір жуу орындары, кілемдерді тазалау, тұрмыстық (оның ішінде ұйымдастыру техникасы, мобильді құрылғылар) және өнеркәсіптік техниканы жөндеу орталықтары, автожуу (өзіне-өзі қызмет көрсету) нысандары жұмысын бастайды.

Сондай-ақ, шиномонтаж, май ауыстыру орталықтары, техникалық қызмет көрсету стансалары, автосервистер де шектеу талаптарын сақтай отырып тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Бұл ретте бір айта кетерлік жәйт, аталған нысандар тек төтенше жағдай кезінде арнайы құрылған «Сергек» электронды деректер базасына тіркелген автокөлік құралдары иелеріне қызмет көрсететін болады.

Бұдан бөлек, токарлық, дәнекерлеу және жиһаз цехтары да іске қосылады. Алдын ала жазылу бойынша санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып әсемдік салондары, шаштараздар, ателье, киім мен аяқ киімді жөндеу нүктелері сағат 10.00-18.00 аралығында жұмыс істейді,-деді.

Өз кезегінде ол карантин режимі жеңілдегенмен, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталуы тиіс екенін қадап айтты.

Мақсұт Пернебайұлы сауда саласында тек тұрмыстық техникаларды онлайн-жеткізу режимінде жұмыс істейтін сауда үйлері мен дүкендерге, көшеттерді, пестицидтерді, тыңайтқыштарды, бау-бақша тауарларын сататын дүкендерге, жүк автокөлігі мен ауыл шаруашылығы және құрылыс техникасына арналған автобөлшектер мен шиналарды сататын дүкендер мен қоймаларға, оптика және автосалондарға шектеу талаптары мен санитарлық ережелерді сақтап жұмыс істеуге рұқсат берілетінін жеткізді.

Карантин режимінің жеңілдеуіне сәйкес қаладағы микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және ақша айырбастау пункттері сағат 10.00-18.00 аралығында жұмыс істей бастайды.

Сонымен қатар ол, 1-мамырдан бастап қала тұрғындары күн сайын таңғы сағат 6-00-ден кешкі 21:00-ге дейін өз атына тіркелген саяжайларына бара алатынын жеткізді. Ол үшін саяжай қала аумағында орналасқан болуы керек. Және саяжайдың азаматтың өз атына тіркелгенін растайтын құжаты болуы керек.

Карантин құрсауында отырған қала тұрғындары үшін бұл көзайым жаңалық болды. Бірақ әлем мамандары «шамадан тыс оптимизм» қауіпті екенін қатаң ескертуде. Сондықтан да сақтық шараларын сақтануды ұмытпайық.