ЖӘНДІКТЕРГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕР САУДА СӨРЕЛЕРІНЕН ЖОЙЫЛАДЫ
Елімізде жәндіктерге қарсы улы препараттарды көп адам дұрыс қолданбайды.
Мәселен, осы айдың өзінде Маңғыстау облысында улы химикаттарды қолдану талаптарының дұрыс сақталмауы салдарынан 11 адам ауруханаға жеткізілген. Сонымен қатар, Шымкентте де көпқабаты үйде жәндіктер мен кеміргіштерге қарсы зарарсыздандыру жұмыстары кезінде 8 айлық нәрестеге иіс тиіп қайтыс болған. Осындай келеңсіз жағдайларды алдын алу мақсатында базарлар мен сауда орындарында жәндіктерге қарсы улы химикаттарды сатуға тыйым салынды. Енді олар сауда орындарында бей-берекет сатылмайды.
Қабылданған шараға сәйкес қауіптілігі 1-ші, 2-ші, 3-ші санатқа жататын залалсыздандыру құралдары сауда сөрелерінен жойылуы тиіс.
Қолға алынған шараларға сәйкес енді Шымкент базарларында жәндіктерге қарсы сатылатын препараттар санитарлық дәрігерлердің қатаң бақылауында болады. Осыған орай сала мамандары жеке кәсіпкерлермен кездесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кірісіп кетті.
Қ. ҚАЛИЕВ.