БЮДЖЕТТІ ТОЛЫҚ ИГЕРМЕГЕНДЕРГЕ ТЫҚЫР ТАЯНДЫ
Ал, талап үдесінен табылмағандардың атын билік ашып айтады ма?
Шымкент қаласы әкімдігіндегі мемлекеттік қызметшілердің штат саны 721 бірлікті құрайды. Миллионды қалада әкімдіктегі бір мемлекеттік қызметшіге 1400-ден астам тұрғын келеді екен.
Бұл Шымкент қаласы әкімі аппараты, кадр бөлімінің жергілікті БАҚ-қа берген мәлімдемесі. Дей тұрғанмен мұндай жұмыс ауқымы оларға жүктелген жауапкершілікті жеңілдетпейді.
Апта басында Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов аппарат мәжілісінде әкімдікке қарасты 23 салалық басқарма басшыларын жинап, маңызды мәлімет жасады. Яғни, ол жыл аяғына дейін бюджет қаржысын толық игермеген басқарма басшыларының жауапкершілікке тартылатынын қадап айтты. Мәжілістің күн тәртібі республикалық бюджеттің атқарылуы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері болды.
Жылдың түгесілуіне аз күн қалды. Соған байланысты алға қойған жұмыстарды ширатып, қазынадан қаралған қаржың межелі жеріне жұмсалуы тиіс. Мемлекет бюджетінен бағытталған теңгелерді соңғы тиынына дейін игеру 20-желтоқсанға дейін толық іске асуы тиіс.
Қала әкімі Ерлан Қуанышұлының басқарма басшыларына қойған талабы осындай. Егер берілген тапсырма тыңғылықты орындалмаған жағдайда басқарма басшыларына қатаң тәртіптік шара көрілмек.
Бұдан бөлек қала әкімі жиналғандарға ағымдағы жылдың 26-қарашасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгеріс туралы да сөз етті. Бұл мәселені айналып өтуге тағы болмайды. Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің есепті кезең бойынша таратқан мәлімдемесі соның жарқын дәлелі. Өз кезегінде аталған департаментте осы жылдың 9 айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы 43 қылмыстың тіркеліп, оның 31-і сыбайлас жемқорлық фактісі екені хабарланғаны белгілі. Осыдан біраз бұрын дәлірегі қалалық білім беру басқармасының орынбасары болып қызмет еткен Ж. Д. Базарова есімді азамат сыбайлас жемқорлыққа барды деген күдікпен ұсталған болатын. Ол жергілікті жердегі мектеп директоры лауазымы қызметіне жарияланған бос орын байқауы бойынша өтетін тестілеуге көмектесу үшін оған үміткер болған азаматтан 400 мың теңгені алған. Осы айда өз қызметін теріс пайдаланған экс-шенеунікке қатысты тергеу ісі аяқталып, сот үкімі шықты. Шымкент қаласы Еңбекші ауданды соты Ж.Д.Базарованы алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырды. Және оған 3 млн. теңге айыппұл салынды.
Осы және өзге де мысалдар Шымкентте сыбайлас жемқорлық мәселесі күн тәртібінен түспеу керектігін айқын аңғартады.
Бұл пікірмен қала әкімі Ерлан Айтахановта келісетін сыңайлы. Оның аппарат мәжілісінде «Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Бұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамызға ортақ іс. Әрине, ең алдымен бүгінгі жас, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасында тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы қажет», — деген дәлел.
Жиынды қорытындылаған Ерлан Қуанышұлы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығарып, нәтижелі жұмыс атқаруды міндеттеді. Бұл талаптың орындалуы қай деңгейде боларын білетін күн де алыс емес.
С. НҰРАЙ.