САПТАҒЫ САРБАЗДАРДЫ САҚШЫ БОЛУҒА ШАҚЫРДЫ

Ағымдағы жылдың 8 айында ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне қатысты 307 сотқа дейінгі тергеу ісі басталған. Оның 170-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Сарапшылар әлемдік рейтинг бойынша қазақстандық полициейлердің жалақысы әлдеқайда төмен екенін алға тартады. Сыбайлас жемқорлық фактілерінің болуын осы жағдаймен байланыстырады. Салдарынан соңғы жылдары ел тұрғындарының ішкі істер органы қызметкерлеріне деген сенімі төмендеген. Бұл мәселе мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да алаңдатады.

Оның халыққа арнаған Жолдауы кезінде «полиция азаматтардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін органға айналуы тиіс» деп тапсырма беруі соның дәлелі. Осыған орай қоғам арасында ішкі істер органы қызметі туралы оң пікір қалыптастыру бағытында бірқатар бастамалар қолға алынған. Соның бірі жастарды ішкі істер органдарына қызмет ету бағытында насихат жұмыстарын жүргізу.
Осы мақсатта Шымкент қалалық Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасы 6506 әскери бөліміне барып Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздармен жүздесті. Кездесуде олар сарбаздарды Шымкент қалалық полиция департаменті жариялаған бос лауазымдар конкурсына қатысуға шақырды. Және де конкурс шарттары мен ережелері туралы жан-жақты мәлімет таратты. Өз кезегінде Шымкент қалалық Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының қызметкерлері конкурсқа қатысуға ниет білдірген азамат 35 жастан аспаған, тиісті бiлiмi бар, әскери қызмет өткерген немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі әскери даярлықтан өткен болуы тиістігін мәлімдеді.
Үміткерлер конкурс жарияланғанға дейін Кадр саясаты басқармасына — ҚР Заңнамасын білуге тестілеуден өткені туралы сертификатын, Ішкі істер органының әскери-дәрігерлік комиссиясында медициналық және психофизиологиялық куәландырудан және оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден өткені туралы анықтамасын тапсыруы қажеттігі де ескертілді.
Кездесу соңында қосымша мәлімет алу үшін байланыс телефондары берілді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.