ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ТАБЫСТАРҒА БАСТАЙДЫ
Шымкенттегі «Су ресурстары – Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Беларусь елінің «Минск су арнасы» мекемесі өкілдері келді. Екі жақты кездесу кезінде тараптар озық тәжірибелерімен бөлісіп, сәтті жобаларын жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді.
Жалпы қаламыздағы «Су ресурстары – Маркетинг» мекемесі басшыларының Минсктегі әріптестерінен үйренер, үлгі етер жетістіктері мол. Ең біріншіден Беларусьтегі «Минск су арнасы» мекемесінің құлашы әлдеқайда кең. Жұмыс ауқымы да үлкен. Ондағы жеке тұлғалар болып табылатын абоненттердің саны 800 000 болса, заңды тұлғалардың саны 9 400 болып табылады. Қала тұрғындары тәулігіне 433 мың текше метр су тұтынады. Ал Шымкентте бұл көрсеткіш үш есе аз. Минск халқы 16 су қабылдағыш және 354 артезиан құдықтарынан қоректенеді. Сонымен қатар жер үсті көздері де бар. Оларда кәріз желілерінде 60 сорғы станциясы бар. Дей тұрғанмен олардың Қазақстандағы шымкенттік әріптестерінен үйренер тәжірибесі жоқ емес.
Мәселен, бізде шайынды суларды тазартуда натрий гипохлоридін қолдану жолға қойылған. Ал Минск су арнасы бұл процессті сұйық хлорды пайдалану арқылы іске асырады. Олар «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС мекемесінің шайынды суларды тазарту бойынша тәсілін енді қолға алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар шетелдік әріптестерді Шымкентте енгізілген суды есептеу жүйесі де қызықтырады. Бұдан бөлек баламалы қуат көзінің арқасында үнемделген қаражат, жаңа технологиялар мен жоғары сапалы жабдықтардың да жұмысы Минск мамандарының қызығушылығын оятты.
Осы және өзге де тәжірибелер бойынша кең отырып пікірлескен соң, Минск мамандары шымкенттік әріптестерін сумен жабдықтау және су бұру саласындағы жаңа технологияларға арналған арнайы ғылыми-конференцияға қатысу үшін Беларуське шақырды.
М. ӘБДІРАЙЫМ.