Қоғам дертіне қарсы иммунитет – парасаттылық
Елімізде ең өзекті мәселе сыбайлас жемқорлық. Өкінішке орай коррупциямен күрес тек құзырлы органның құзырындағы міндет деген түсінікте жоқ емес. Бұл стереотип қисынсыз. Жемқорлықпен күрес жан жақтан жүргізілуі керек. Ол отбасында да, білім беру ұйымдары мен барлық мекемелерде көрініс табуы қажет. Бұл үшін қандай да бір ресурстың қажеті жоқ. Ең бастысы жемқорлыққа бастайтын, көңіл жықпастық, ауызбастырық сынды кері әдеттердің үлкен әбестік екенін санаға сіңдіріп, оған әрдайым қарсы болу.
Осы мақсатта Шымкенттегі бірқатар жоғары оқу орындарында «Парасаттылық» басқармасы ашылуда. Жастарды адалдыққа баулитын мұндай басқарманың бірі М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де іске қосылды. Өз кезегінде ол Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұйытқы болуымен ашылды.
Іргелі оқу орнында іске қосылған «Парасаттылық» басқармасының ашылу салтанатына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев, университет ректоры Дария Қожамжарова, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ерасыл Төлебаев, қалалық әкімдік қызметкерлері мен оқу орнының студенттері қатысты.
«Парасаттылық» басқармасын іске қосудағы басты мақсат – жастардың бойына парасаттылық мәдениетін қалыптастыру, оларды адалдық қағидаттарын меңгеруге тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін дамыту болып табылады.
Өз кезегінде Талғар Серікбаев «Оқу орнында ашылған «Парасаттылық» басқармасы біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар мен оны алдын алу бағытындағы бірлескен жұмысымызды жандандыруға ықпал етеді. Жалпы сыбайлас жемқорлықтың қатысушысы болмау, оған қадам баспаудың қағидаттары әрбір жанұяда жас ұрпаққа жете түсіндірілуі керек. Бұл қоғам дертіне қарсы иммунитетті нықтаудың басты жолы»,- деп атап өтті.
Ал оқу орнының ректоры Дария Қожамжарова оқу орны жас ұрпақ санасына білім сәулесін сеуіп қоюы аздық ететінін, ұстаздар қауымы әрбір баланың бойына адамгершілік, адалдық, парасаттылық сынды ізгілік дәнін себе білуі қажеттігін баса айтты. Және де ол білім ордасы өз шәкірттеріне ғылыми ізденістері бойынша жол сілтеп қоймай, әдептіліктен айнымайтын маман даярлауы тиістігін де тілге тиек етті.
М. ӘБДІРАЙЫМ.