«БАУЫРЛАС ЕЛДІ БІРІКТІРЕТІН ҚҰНДЫЛЫҚТАР КӨП»

Қайрат Нұртай,Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Осы жылды Өзбекстан «Қазақстан жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай дүйсенбіде Ташкент шаһарында «Шымкент – шырайлы шаһарым» атты мәдениет күндері өтті. Екі елдің достық қарым-қатынасын одан әрі нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараға Шымкенттен арнайы делегат барды. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай бастап барған делегат құрамында зиялы қауым өкілдері, өнерпаздар мен журналистер болды.

Мәдени күндер аясында өткен шараның шымылдығы Ташкенттегі
Ә. Науаи атындағы Ұлттық кітапханада ұйымдастырылған көрмеден басталды. Көрмеге күнгей кәсіпкерлері өндіретін өнімдер мен мәдени мұралар көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге келушілер қазақтың ұлттық тағамдары, салт-дәстүрі және медениеті туралы мол мағлұмат алды. Одан соң екі ел азаматтарының қатысуымен жиын өтті. Онда Қайрат Нұртай Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың ыстық ықыласын жеткізе отырып, былтыр Қазақстанда Өзбекстан жылы аясында 200-ге жуық іс-шара болғанын атап өтті. Сонымен қатар ол, екі елді байланыстыратын құндылықтар көп екенін, ортақ тарих, тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыз бауырлас халықты біріктіре түсетінін айтып, қала әкімі Ерлан Қуанышұлының атынан Ташкенттегі орталық кітапханаға 300 дана кітап сыйға тартты. Өз кезегінде Ә. Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Насиба Холдорова бұл тосынсыйды зор құрметпен қабыл алып, ташкенттік оқырмандардың қазақ тіліндегі кітаптарға деген сұранысының жоғары екенін айтып, рахметін білдірді. Орталық кітапханаға сыйға берілген кітаптардың арасында қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің бүгінгі жетістіктері баяндалған туындылары да бар. Осы басқосу кезінде шымкенттік делегат құрамындағы ақындар өлең оқып, айтыскерлер жиналған жұртқа арнауын паш етті.
Ташкентте өткен мәдениет күндері сол күні Достық сарайында өткен «Шымкент – шырайлы шаһарым» атты гала-концертпен қорытындыланды. Аталған концертте Ташкент тұрғындарына арнайы оркестрдің сүйемелдеуімен Шымкенттік өнерпаздар бірнеше әннен шашу шашты. Көрермендер «Қазына» би ансамблінің көрсеткен өнеріне зор қошемет көрсетті.
Гала-концерттен соң көңілдері бір серпіліп қалған ташкенттік қазақтар мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба берсе деген ұсыныс тілектерін де жасырмады.
Қазігі таңда Өзбекстан Республикасында ресми тіркелген қазақтар саны 1,5 миллионнан асып жығылады.

Ж. АРМАНОВА.