«Халық бюджет қаржысының игілігін көруі керек»
Ербол САДЫР,
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 9-шілдедегі №490, 23-қыркүйектегі №701 Қаулыларына сәйкес Шымкент қаласына республикалық бюджеттен 22 млрд. 320 млн. теңге қосымша трансферт келген. Оның ішінде ағымды трансферт бойынша 20 млрд. 160 млн. теңге, даму трансферті бойынша 2 млрд. 160 млн. теңге бөлінді.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.
Өз кезегінде ол аталған трансферттердің қандай салаларға бағытталатынын былай деп жіктеп берді.
– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 10 млрд. 981,3 млн., жұмыс істейтін жастар үшін тұрғын үй салуға (304 пәтер) 2 млрд. 160,0 млн., тұрғын үй сатып алуға (600 пәтер) 4 млрд. 320,0 млн., жастар практикасына және жаңа бизнес идеяларын іске асыруға мемлекеттік гранттар беруге 2 млрд. 020,0 млн., жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға 1 млрд. 111,3 млн., азаматтық және мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақысын арттыруға 778,3 млн., көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін жоғары білімі бар маман даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға 111,4 млн., жұмыс біліктілігі бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитындарға шәкіртақыны ұлғайтуға 106,4 млн., орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруға 732,1 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр, — деді Ербол Әбілхайырұлы.
Сонымен қатар ол, қала әкімі Ерлан Айтахановтың тапсырмасына сәйкес қала бюджетіне талдау жүргізілген кезде көптеген кемшіліктер анықталғанын тілге тиек етті. Сөзінің айғағы ретінде бірнеше көшеге асфальт салу жұмыстары басталып, қаржының жетімсіздігінен олардың сақалды құрылысқа айналып шыға келгенін мысал ретінде айтып өтті. Яғни, жұмысқа жауаптылар «аз болса да саз болсын» деген принципке жүгінбеген. Немесе «көрпесіне қарай көсілмеген». Және де ол бюджетті талдау кезінде ең бірінші кезекте орындалуы тиіс жұмыстар кейінге ысырылып келгенін, сол олқылықтарды ретке келтіру үшін бюджетті нақтылау кезінде негізгі бағыттарға мән беріліп отырғанын алға тартты.
– Біз бюджетті нақтылау барысында талдау жасадық. Соған байланысты мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ұстау шығындарына 383 млн. теңге қосымша қаржы бөлінеді. Одан соң мүгедек азаматтарды қолдауға байланысты қосымша 200,0 млн теңге, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға 140,3 млн. теңге, тұрғындардың жекелеген санаттарына амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етуге 81,0 млн. теңге, мүгедектерге медициналық әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелердің күтіп ұстау шығындарына 90,8 млн. теңге, ішкі орамдық жылу жүйелерінің ағымдағы жөндеу және қымтау жұмыстарына 400,0 млн. теңге, 7 көшедегі орташа жөндеу жұмыстарын аяқтауға 176,8 млн. теңге, қаладағы 3 тұрғын үйдің сейсмикалық нығайту жұмыстарын аяқтауға 77,4 млн. теңге, «Шымкент сити» орталығындағы 504 пәтерлі 8 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 1 171,3 млн. теңге, «Сайрам» тұрғын алабы «Тассай» бөлімшесіндегі газ жүйелерінің және «Нұрсат» шағын ауданындағы «Бахыт» тұрғын үй кешенінің инженерлік-инфрақұрылымының құрылысын аяқтауға 126,2 млн. теңге және т.б. қаржы бөлінеді,-деді.
Тағы бір айта кететін жәйт «Достық» мөлтек ауданынан Сыпырған ата көшесі арқылы Темірлан тас жолына дейінгі магистралды су өткізгіштің құрылысын аяқтауға 300,0 млн. теңге қаржы бөлінеді. Қала әкімінің орынбасары 100 мың халықты сапалы ауыз сумен қамтитын бұл жобаның дайындалып, бекітілгеніне екі жыл өткенін, бірақ оның осы күнге дейін іске аспағанын, мұны бюджетті игеру жоспарының дұрыс түзілмегендігімен байланыстырды.
Осыған орай қала бюджетінің көлемі көлемі 215,7 млрд. теңгеден 237,1 млрд.теңгеге жетіп, өсім 21,4 млрд. теңгені құраған.
Айтпақшы, осы жиын кезінде Ербол Садыр мырза Шымкент қаласының бюджеті 240 млрд. теңге екенін, бұл өзге өңірлермен салыстырғанда өте аз екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша СҚО бюджеті 239 млрд., Алматы қаласының бюджеті 586 млрд., Нұр-Сұлтан қаласының бюджеті 473 млрд., Қызылорда облысының бюджеті 293 млрд., Жамбыл облысының бюджеті 329 млрд. теңгені құрайды екен. Мұның өзі Шымкентте көптеген қордаланған мәселелердің шешілуіне мүмкіндік бермей отырған көрінеді.
С. НҰРАЙ