Қазақстанда қолданыстағы sim-карталар саны 42 миллион

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арнайы сервисті іске қосқан. Оның көмегімен кез келген азамат өз атына қанша нөмірдің тіркелгенін анықтай алады. Бірақ нақты кандай нөмір екенін біліп, оны тіркеуден шығару үшін ұялы байланыс операторларының кеңесесіне баруларына тура келеді.

Бұл туралы еліміздің Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко мәлімдеді.
Аталған сервистің көмегімен біраз адамдар өздерінің атына мыңдаған бөтен нөмірлердің тіркелгенін білген. Бұл ақпаратқа қатысты Виталий Ярошенко төмендегідей мәлімет берді.
– Осы сервис арқылы адамдар белсенді түрде өз нөмірлерін тексере бастады. Мәселен бір адам өзінің атында 30-40 мың нөмір тіркелген анықтап отыр. Өз атыңызға бөтен нөмірдің тіркелгенінің бірнеше қаупі бар. Аяқ астынан Сіздің SIM-картаңыз бұғатталуы мүмкін. Өйткені SIM-карта иесі кез келген уақытта ұялы байланыс операторының кеңсесіне келіп нөмірді бұғаттауға құқы бар. Бұдан бөлек ол, нөмір арқылы кімдерге қоңырау шалынып, хабарламалар мен интернет трафик туралы ақпар ала алады. Сонымен қатар, бұғаттауға түскен SIM-картадағы бірліктерді өзге нөмірге аударуға да мүмкіндігі бар,-деді.
Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы атыңызға тіркелген нөмір арқылы өзге азаматтар заңға қайшы әрекет жасаса, ең алғашқы сұрау Сізден болатынын да қатаң ескертті.
Осыларды алға тартқан Виталий Ярошенко бөтен адамның атына тіркелген нөмірлерді пайдаланбауға кеңес берді. Жалпы ұялы байланыс операторларының өкілдері отандық БАҚ-қа берген мәлімдемесінде азаматтардың атына мыңдаған бөтен нөмірді техника және электроника сататын дүкендердің тіркегенін алға тартқан. Яғни, тұрғындар затты несиеге немесе бөліп төлеу арқылы алғанда өздерінің жеке мәліметін жария етіп, осындай жағдайдың құрбаны болған.
Тиісті министрлік елімізде 42 миллион нөмірдің тіркелгенін ресми түрде мәлімдеуде. Бұл SIM карталардың барлығы да қолданыста. Мұның өзі 18 миллионнан аса халқы бар Қазақстан азаматтарының әрбірінде кемінде үш-төрт нөмір бар екенінің айғағы болса керек.

М. ӘДБІРАЙЫМ.