Ынтымақ пен ырыстың кәусар Қайнары

Менің алғашқы еңбек жолымның тұсауы кесілген жер Созақ ауданы, Сызған совхозына қарасты Қайнар ауылы еді. Ол уақытта яғни, кеңес өкіметі жылдары Сызған совхозының №2 фермасы болатын. Кезінде бір өзі Әділбеков Жотабай, Әлібаев Бөрғазы, Бөрғазиев Көштен, Әметшиев Бұрхан сияқты төрт Социалистік Еңбек Ерлерін шығарған еңбек сүйгіш ауыл. Қайнар деген сөз-кәдуілгі бұлақтың ішінде бұрқылдап шығып жататын судың негізгі көзі дегенді білдірсе керек. Ал бұл Қайнар нағыз бұрқылдаған, атқылаған еңбектің көзі еді. Сөзден гөрі іске бейім қайнарлықтар ру мен ұлтқа бөлінбей бірін-бірі бауыр, аға мен іні тұтып ынтымақты сүйіп, ырысты шақырған ауыл екен.
Еңбек майданына енді келген 24 жастағы мен үшін қайнарлық аға-апаларымыздың ерен еңбектері, еңбекқорлықтары, кісіні құрметтеуі, сыйластығы мен қонақжайлылығы өмірбойыма үлгі-өнеге болды. №2 фермада Айтахунов Жолдасбай, Өсербаев Мұхамедшәріп, Батыров Болат, Жүнісов Құдайберген, Омаров Әсебай, Шөкенов Кәмілжан, Шөкенов Хаме, Әденов Ораз, Жотабаев Аманжол, Жотабаев Аманкелді, Смағұлов Жақан, Абдрахманов Мұса, Юсупов Зәкіржан, Бөкеев Ерғали сияқты шопандармен қоян-қолтық жұмыс жасадық. Мен ферма зоотехнигі болып барғанда ферма меңгерушісі Жаңатілеуов Бимахан деген ысылған, тәжірибесі мол, шаруашылық саласының майталман маманы ферманы басқарады екен. Қырықтың ол жақ, бұл жағындағы азамат ферманың жай-жапсарын жетік білетін. Кейін өндірістік кооператив болған жылдары Мұсаев Әжіхан, Тұралиев Қасыбек, Қанат Сұлтанғазиев деген азаматтар ферманы басқарды. Ферманың қызметкерлері есепші Әубәкір Белгібаев, шаруашылық меңгерушісі (завхоз) Нұрғали Әбенов, малдәрігері Жақсылық Әшіров, көлік жүргізушілері Баһадүр Тұрсынбаев, Алтынбек Қаппарбаев деген азаматтар болды.
1993 жылғы Қазақстанға оның ішінде Созақ өңіріне әйгілі болған алапат қыста біз сол Қайнар (№2 фермада) ауылында болатынбыз.
Қараша айында күйек мал қашыру бекетіне отбасымызбен көшіп бардық. Мен келіншегім Ұлбала, сәбиіміз Нұрдәулет үшеуіміз. Сол уақытта Нұрдәулет әлі бір жасқа толмаған (бес айлық) еді. Мен мал ұрықтандырушы, Ұлбала қошқаршы болып, бос жүргенше айлық алайық дегеннен гөрі бізге шопан ауылы, еңбек адамдарымен бірге жүру қызық болды.
Қараша айының ішінде «Аласиырды» қалың қар басып қалды. Киіз үйдеміз. Таңертең сыртқа шығайық десек есік ашылмайды. Сөйтсек, іштен жанған от, киіз үйдің үстіндегі қарды ерітіп мұз етіп қатырып, оның үстіне қар жауып құрсаулап тастаған екен. Әйтеуір әупірімдеп жүріп тысқа шықтық. Айнала аппақ, қалың қар. Кеше ғана қардың арасынан ала-құла бойы көрініп тұратын баялыш, жүзген, шағыр, жусан мүлдем көрінбей қалған. Бұл мал қашыру бекетінде жем-шөп қоры жеткіліксіз еді. Жем-шөптің қоры қыстау қорада. Ал қыстау қора бұл жерден кемінде 10-15 шақырымда еді. Төбесі жабық қора жоқ. Пунктің ашық албарында сауырынан қар суын кешіп тұрған малды, әсіресе ұрықтанып шыққан малды көргенде обал- сауаптан жылағың келеді.
Осылай қос шопан Әсен мен Мұсан, олардың отбасы, мал ұрықтандырушы біздер қармен арпалысып жаттық. Тек екінші күні араққа тойып алған совхоз директоры Сәкен Асылбеков пен рабочком Есім Әметов ықылық атып, қызара бөртіп, «Уазикпен» келіп тұр. Әсен мен Мұсан өлген малдарды сойып терісін сыпырып пункттің үстіне жинап әлек. Ферманың басқа шопандары не істеп жатыр? Оларға қалай жетеміз? Оларды барып көру мүмкін емес. Пунктен қарға адым жүре алмаймыз. Түйемен әлсін-әлсін барып сексеуіл сындырып әкеліп жағамыз. Үйдің іші суық. Дала боран мен аяз. Азық-түлік қоры таусылған. Сәбиіміз Нұрдәулетті Ұлбала қалың көрпеге орап тастаған тек мұрны ғана көрінеді. Содан төртінші күн дегенде жем де, шөп те жетті. Қырылғаннан қалған малдар құтқарылды. Бұл жем-шөптің ауданға сол уақыттағы аудан басшысы Қуаныш Айтахановтың ерен еңбегімен келгенін кейін естідік. Қайнар Созақ ауданындағы жері ең құнарлы, суы мол ауыл. Сол құдайдың берген жері мен суын тиімді пайдаланып, барды бағалай білген ауыл азаматтарына алғыстан басқа не айтамыз. Құдайберген ағамыздың үйіндегі Ізет жеңгеміз, Хаме ағамыздың үйіндегі Нәзира, Баһадүр ағамыздың үйіндегі Рано жеңгеміз, Жақан ағамыздың үйіндегі Клара сияқты басқа да жеңгелеріміз ағалар атын кірлетпей дастархандары жиылмай келген мейманның ыстық ықыласы мен ақ алғыс пейіліне бөленген әзіз жандар еді. Сол жылдары ауылда еңбек көрігін қыздырған, аға буын азаматтар Батыров Өтеген, Сатышов Бейбіт, Әденов Мұқаш, Жуашбаев Әбдіқадыр, Мұхамедаминов Тұрсынбай, Жотабаев Жаңбырбай, Дәуенов Аман, Мұхаева Ұмсын, Бахрам Мырзеев, Шөкеев Акбар сияқты азаматтармен Қайнар ауылы мақтанады. Сол уақытта Қайнар ауылында, яғни №2 фермада 1990 жылдары 420 га жоңышқалық, 100 га жүгері, 1000 га шабындық дәнді дақылдар, 17 га бақша, 8 га алма бау (Марданда). 22 отарда 20 000 бас майда мал, 90 бас жылқы, 17600 бас ірі қара, 3000 бас түйе малы болды. Қайнар елді мекенінің 520 га суармалы жері болды. Кеңес өкіметі кезінде жүгеріден аудан, облыста рекордтық көрсеткіш жасаған ұжым.
Бүгінгі таңда да еңбектен қашқан емес. Тек егіс егуге сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болмай отыр.
А. С. Макаренок атындағы өз мектебі бар. Ол мектепте де Файзулла, Алтын, Есенәлі, сияқты білікті ұстаздар сол уақытта жұмысшылар мен еңбекшілердің балаларына лайықты білім беруге атсалысты.
Ауылдың кәрі-жасына қолынан келген дәрігерлік көмегін аямаған фельдшершіл пункт меңгерушісі Омаровтың ізгілікті ісі ел есінде қалары анық.
1990-1995 жылдары мен қызмет етіп жүргенде Қайнар ауылының аға фельдшер –акушері Сердалиев Серік ағамыз, шаруашылық меңгерушісі Қожамберді Байшоханов, шаруашылықтың бесаспап мамандары Мұхамов Дәулетияр, Сейтмұратов Мухом, Рохметов Ташмет, Ғайыпбаев Аппаз шофер болып еңбек етсе, фермада Алтаев Бақыт, Өсербаев Жәлел, Ботабаев Сәрсенбай, Умонов Шарипбай шөп базасының меңгерушісі. Алғазиев Бостан, Ақбөпеев Байдалы, Ибрагимов Рамазан, Орманов Алиаскар, Батыров Ражепбай, Нұржанов Тұрсынәлі, Оспанов Ташкенбай, Оспанов Оспан, Смағұлов Қайнарбай, Нәлибаев Шәмет, Шамшиев Ахмет, Миралиев Тұрғанбай, механик Рахметбаев Шарап есімді ауылдың гүлденуімен өркендеуіне өз үлестерін қоса білді. Сондай-ақ, «Балалы үй базар» демекші, еліміздің өсіміне өз үлестерін қосқан көп балалы аналар
Байшоханова Зубайра 11 бала, Смагулова Фатима 12 бала, Нұралиева Амида 10 бала, Бадірдинов Гүлсара 10 бала, Сейітмұратова Қызжан 13 бала, Досметова Борна 10 бала тәрбиелеп өсірген. Ауылдағы болашақ балаларымыз десек, олардың білімпаз, сауатты азамат, ертеңгі бесаспап маман болуы үшін білім нәрімен сусындатып жүрген мұғалімдер
Алтаев Бейсенбі, Алғазиев Досжан, Мұхамеджан Хасан, Өтетілеуов Алтын, Хожақұлова Комуна, Байжанова Бибісайда, Құдайбергенова Бағила, Дәулеткелдиева Райхан, Оспанова Бибайша сияқты білікті ұстаздардың, үлгілі кітапханашы Мырзаметова Күлпаштың атын атап кеткенді жөн көрдік. Сондай-ақ, алдағы уақытта еңбек адамдарының ерен істерін жастарға насихаттап отыруды жөн көрдік. Солардың бірі- Сейтмұратов Мұқан. Ол кісі 1941 жылы Созақ ауылында туылған. 1961 жылы Созақ СПТУ-дің тракторист мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1962 жылы Сызған совхозының құралуына байланысты тракторист болып жұмысын бастады. 1965 жылдан №2 фермада жүгері звеноводы болып бекітілді. Сол аралықта әр гектардан 80-100 центнер алып отырды. 1981 жылы совхоз басшылығы егіс бригадирі етіп бекітті. Содан зейнет жасқа жеткенше егіс бригадирі болып жұмыс істеді. 1996 жылы зейнет жасқа жетті. Азаматтың ерен еңбектері ескеріліп 1979 жылы ІІІ-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, 1984 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен,1974, 1973, 1975, 1977, 1980 жылдары қатарынан бес рет Социалистік жарыстардың жеңімпазы болса, «Бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгі иегері, Сейітмұратов Мұқан 11рет селолық совет депутаты, 5 рет сайланған аудандық совет депутаты, 3 рет сайланған аудандық пленум мүшесі, 3 рет сайланған облыстың партия конференциясы, 4 рет сайланған делегат, 15 рет аудан, облыстың «Алғыс хаттарын» иеленген. Ардақты азамат 2000-жылы 23 тамызда ауыр науқастан қайтыс болды. Жұбайы Сейтмұратова Қызжан 1965 жылдан-1981 жылға дейін көмекші звеновод болып жұмыс істеген. Қәзір зейнеткер. Қызжан апа бұл күнде
6-ұл, 6-қыз тәрбилеген өсіріп, олардан 45 немере 37 шөбере сүйіп отыр.
1981 жылы егіс бригадирі болып қызмет етіп жүргенде №2 ферма үлкен жетістіктерге жетіп, әр гектарынан 100-120 цн жүгері дәнін, жоңышқадан гектарына 400 тонна шөп орып, жоғары табыстарға жетті. Халық қалаулысы болып сайланғанда депутат ретінде ауылдың әлеуметтік жағдайларын тиісті орындарға дер кезінде айтып, оның оң шешілуіне ықпал еткен елжанды азамат.
Мен қызмет істеген 1993-1994 жылдардан бері 26 жыл сырғып өте шығыпты, кейбір азаматтардың есімін ұмытып, кейбірі естен шығып кетуі де мүмкін. Жолыққанда «мені қалай ұмыттың?» деп өкпелейтін азаматтар да болар. Алайда мәселе онда емес. Ең бастысы ұядай ғана ауылдың ұлағатты ісін елге паш ету, еңбек сүйгіш ауылдың өнегелі де өрелі ісіне ризашылық білдіруім болатын.

Мақсат Қарғабай,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.