АЙТАХАНОВ ЖАБАЙЫ САУДАНЫ ЖОЮ МӘСЕЛЕСІНЕ НҮКТЕ ҚОЯДЫ МА?
2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болып белгіленгені баршаға аян. Осыған орай қаланы абаттандыру жұмыстары қарқын алғаны белгілі. Қаланың сәулетіне сән кіргізу үшін бюджет есебінен немесе инвесторлар тарапынан түрлі жобалар жасалып, талай жұмыстар орындалуда. Әкімдіктің оған құзыры да, қауқары да жетуде. Бірақ Шымкенттегі адам ізі суымайтын «Орталық Қырғы базары» алдындағы Төлеби көшесі бойындағы жол жиегіне жайылған жабайы сауданы жоюға келгенде дәрменсіздің күйіне түсуде. Аталған базар алдындағы ретсіз саудамен күрес мәселесі соңғы 4-5 жылда бір емес, бірнеше рет көтеріліп келеді. Бірақ…
Былтыр Шымкент мегаполис болып жарияланғаннан кейін, атқарушы орган қала республикалық деңгейге сай болуы қажет дегенді негізге алып, дәл осы базар алдындағы жабайы сауданы жоюға шындап кіріскен. Сол кезде сот шешіміне сәйкес жол бойындағы отыздан астам дүңгіршектер сүрілген. Табыс көзі болған дүңгіршектердің сүрілуіне көптеген сатушылар қарсы шығып, билік өкілдері құқымызды бұзды деген сынды реніштерін ашық түрде айтқан. Ал құзырлы орган өкілдері болса, ретсіз саудаға жол берген азаматтарға бірнеше рет ескерту парақшасы таратылғанын мәлімдеген. Дәл осы аралықта базар алдындағы ретсіз сауда саябыр тапқандай болған еді. Бірақ біршама уақыттан соң ол бұрынғы қалпына түсіп, саудасы қыз-қыз қайнаған алаңға қайта айналып шыға келген.
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов «Орталық Қырғы базар» алдындағы жабайы сауда орындарына бет алып, ондағы саудагерлермен тілдесті. Шаһар басшысының бұл жерге келуінің басты себебі де белгілі еді. Ол жол жиегіндегі жабайы сауданы жою. Саудагерлерге қарата айтылған сөзінде қала әкімі «Біз мегаполис мәртебесіндегі қаламыз. Алдағы жылы шаһарымыз ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы отыр. Қалада ретсіз, жабайы сауда орындары болмауы керек. Бұл заңсыз әрі тұрғындарға қауіпті. Аталған аумақтағы кептеліс те осының салдарынан орын алуда»,- дей келе, кәсіптерін жол жиегінде емес, базар аумағында жасауды сұрады.
Және базар басшылығы ұсынған орындарда екі айға дейін ешқандай төлемсіз сауда жасауға мүмкіндік берілетінін айтты.
Сонымен қатар ол, бұл ретсіздік қала көркі мен тазалығына кері әсерін тигізіп жатқанын, сол үшін мұндай әрекеттерді тоқтату керек екенін ескертті.
Ерлан Қуанышұлы аудан әкімі мен тиісті сала басшыларына жол бойында заңсыз сауданың көрігін қыздырғандардың мәселесін жедел түрде реттеуді тапсырды. Саудагерлер үшін әкімнің бұлайша ескерту жасауы таңсық емес. Олар мұндай ескертуді бірнеше жылдан бері естіп, көріп келе жатыр, Сондықтан да Айтахановтың айтқанына олардың қандай нәтиже көрсететіні белгісіз.
Қ. ҚАЛИЕВ.