Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру – біздің жұмысымыздың негізгі бағытының бірі
Елбасы Н. Ә. Назарбаев 2012 жылы Қазақстан халқына «Қазақстан — 2050» Стратегиясын жариялап, Тәуелсіз мемлекетіміздің басты мақсаты етіп – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндетін белгіледі.
Еліміздің басты стратегиялық құжаты болып табылатын аталған Стратегияда белгіленген кешенді талаптарды сапалы түрде жүзеге асыру үшін 2015 жылдың 20 мамырында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жария етілген.
Ұлт жоспарында заман талабына сай мемлекеттік қызмет саласын реформалау бойынша мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу, әрбір басшы төменнен бастап барлық басқару сатыларынан өтуінің тиістілігі, меритократия қағидаттарын қорғау бойынша жүйелі жұмысты жолға қою сияқты бірқатар өзекті міндеттер белгіленген.
Бұл ретте, баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет құру жоспарының алғашқы институционалдық реформасы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құруға» негізделген және оны жүзеге асыру мақсатында бірқатар кешенді міндеттер қойылған.
Осы орайда, бүгінгі күнге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жұмысының негізгі бағыттары кәсіби мемлекеттік аппаратты құрумен және қызмет көрсетуші (сервисті) мемлекетті құруды қамтамасыз етумен байланысты екенін атап өту қажет.
Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың және қызметтік әдептің сақталуын бақылауды жүзеге асыру кәсіби мемлекеттік аппаратты құрудың ажырамас бөлігі болып табылады.
Бұл ретте, негізгі міндетіне мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету кіретін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері туралы тоқталып кетпеу мүмкін емес.
ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС
Лауазымды мемлекеттік қызметшілерді жазалаудан әдеп бұзушылықтардың алдын-алуына мәнерін бұру мақсатында Агенттіктің Тәртіптік кеңестері аумақтық деңгейде Әдеп жөніндегі кеңестері болып қайта құрылған.
Оның құрамына қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қоғамның сеніміне ие болған мол тәжірибесі бар басқа да абыройлы тұлғалар кірген.
Әдеп жөніндегі кеңестің құрамына бұған дейін көбінесе мемлекеттік органдардың басшылары кіретін болса, қазіргі уақытта Агенттіктің Шымкент қаласындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің құрамында олардың үлесі тек 44 пайызды құрап, кеңестің қалған мүшелері қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған.
Әдеп жөніндегі кеңес осыған дейін көбінесе тек тәртіптік істерді қараумен шектелсе, бүгінде кеңестің негізгі бағыттары өзгеріп, оның жұмысындағы басымдылық сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың профилактикасына қатысты іс-шаралар әзірлеумен байланысты негізгі міндеттерді атқаруға бағытталған.
Бүгінгі күні, өңіріміздегі Әдеп жөніндегі кеңесі сыбайлас жемқорлықтың және қызметтік әдеп нормаларының орын алуының себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жоюды жұмысының басты бағыты ретінде ұстануда.
ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР
Мұндай профилактикалық жұмыстың нәтижесіне бір мысал келтіретін болсам, Әдеп жөніндегі кеңеспен қаралған тәртіптік істер бойынша жүргізілген қызметтік тексеру барысында жеке тұлғалардың өтініштері негізінде аудандық жер бөлу комиссиясының хаттамасында оларға жер учаскесін беруден бас тарту туралы теріс қорытынды берілгеніне қарамай, комиссиясының қорытындысының көшірмесінде (үзіндісінде) жер учаскесін беруге болатыны туралы оң қорытынды берілгені көрсетіліп, жер учаскелері азаматтарға заңсыз берілгені анықталған.
Осы ретте, қорытынды көшірмелеріне (үзінділеріне) жалған деректер енгізіліп, қол қойылып, жер қатынастары бөлімінің мөрі басылған.
Жергiлiктi атқарушы органдары құратын комиссия қорытындысының үзінділері негізінде әкімдердің (әкімдіктің) жер учаскесін беру туралы шешімдерінің (қаулыларының) қабылдануы сыбайлас жемқорлықтың және мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтардың орын алуына жағдай жасайтыны ескеріліп, Департамент тарапынан барлық аудан, қала әкімдеріне комиссия қорытындысының үзінділері (выписка) негізінде жер учаскесін беру туралы шешімдердің (қаулылардың) қабылдануын тоқтату ұсынылған, нәтижесінде жер учаскелерін үзінділер негізінде беру тәжірибесі тоқтатылған.
Дегенмен, Әдеп жөніндегі кеңеспен тәртіптік істерді қарау нәтижесі бірқатар мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексінің талаптарын әлі де болса сақтамайтынын және өздерінің іс-әрекетімен, мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын негізді сынға себепкер болып отырғанын көруге болады.
Мысалы, Әдеп жөніндегі кеңестің шешімдері негізінде үш басшылық мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметші масаң күйде автокөлік құралдарын басқарып, олардың тарапынан әдептілік талаптарын өрескел бұзу деректері орын алғанына байланысты, аталған тұлғалар атқарып отырған мемлекеттік лауазымдарынан босатылған.
Оған қоса, Әдеп жөніндегі кеңеспен қарамағындағы мемлекеттік органның жұмысына бақылауды сапалы жүргізбеу, өздерінің лауазымдық міндеттерін тиісті түрде орындамау, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың нұсқауларын мерзімінде орындамау, азаматтардың өтініштеріне толық жауап бермеу деректері бойынша басшылық лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауаптылықтары қаралып, оларға қатысты тиісті ұсынымдар қабылданған.
Осы жылдың өзінде Әдеп жөніндегі кеңеспен Шымкент қаласының Абай ауданы әкімінің орынбасары Н. Тілештің, Шымкент қаласының жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған Ж. Агибаевтың, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы А. Байдувалиевтің, Қазақстан Республикасының Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А. Нурсейітовтың, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғ. Балтаевтың, Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б. Ашеновтың есептері тыңдалып, оларға бұзушылықтардың профилактикасына бағытталған тиісті ұсыныстар берілген.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ӘДЕБІ
Жоғарыда көрсетілген деректер кәсіби мемлекеттік аппарат құру бағытындағы іс-шараларды жүзеге асыру барысында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігімен қоса олардың жеке қасиеттеріне де ерекше назар аударылуы қажеттігін көрсетеді.
Елбасы саясатының негізгі бағыттарының бірі халықтың мемлекеттік аппаратқа сенімін нығайту, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларын алдын алу болып табылады.
Яғни, әрбір мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтар мемлекеттік қызметке тұрар алдында өзін өзгертетін шешім қабылдайтынын, өзіне үлкен жауапкершілік жүктелетінін, мемлекеттік қызметшінің басты міндеті халыққа қызмет көрсету болып табылатынын түсінулері қажет.
Оған қоса, мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатынын және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоятынын әрдайым назарда ұстауы тиіс.
Себебі, мемлекеттік қызметшінің жұмыстағы және одан тыс уақыттағы іс-әрекеті мен сөйлеген сөзіне қарап, ол жұмыс істейтін мемлекеттік органға және жалпы мемлекеттік қызмет жүйесіне баға беріледі.
Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметші әріптестер арасындағы қызметтік қатынаста, жұмыстан тыс уақытта, халық алдында және бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлегенде Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын сақтауы қажет.
ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ ТУРАЛЫ
Бұл ретте, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметіне де тоқталып кеткім келеді.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 12-қадамынның аясында, дамыған елдерде «мемлекеттік қызметтегі комиссар» деп аталатын, қызметшілер тарапынан әдеп нормаларының сақталуын бақылап, бұзушылықтардың алдын алу үшін Әдеп жөніндегі уәкіл институты енгізілген.
Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі – әрбір мемлекеттік қызметшіге көмек көрсету болып табылады. Мемлекеттік қызметкерлер мен жеке және заңды тұлғалардың құқықтары бұзылған жағдайда, қызметтік этика нормаларының фактілері бойынша олардың құқығын сақтау мен қорғау үшін шараларды қолданады.
Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары басшылық қызмет атқаратын, сондай-ақ ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.
Бұл ретте, Шымкент қаласы әкімі аппаратында дербес Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілген. Аталған лауазымды бүгінгі таңда Акишев Мұраджан Омарбекұлы атқаруда.
Оған қоса, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің барлығында Әдеп жөніндегі уәкілдердің функияларын жоғары білікті қызметкерлер орындайды.
Мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар кез-келген уақытта әдеп жөніндегі уәкілге кеңес алу мен түсіндірме жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша жүгінуге құқылы.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу деректеріне қатысты Департаментке түсуші шағымдарды Әдеп жөніндегі уәкілдерге бұзушылықтарды болдырмауға бағытталған тиісті шаралар қабылдау үшін жолдау тәжірибесі қолға алынғанын атап өту қажет.
Әдеп жөніндегі кеңес өзінің негізгі міндетіне сәйкес, қызметтік әдептің сақталуын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асыру кезіндегі әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің нәтижелерін қарайтынына байланысты, ағымдағы жылы кеңестің отырысында Шымкент қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі М. Акишевтің және Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі қызметін атқарған
Т. Тленшиннің қызмет нәтижелері туралы есептері тыңдалып, бұзушылықтарды болдырмауға бағытталған тиісті ұсыныстар берілген.
Қоғам мен мемлекеттік қызметшілердің бірлескен жұмысының нәтижесінде ғана бұзушылықтарды алдын-алуға мүмкіндік туады. Бұл мәселеге еліміздің әрбір азаматы өзінің үлесін қосатын болса, еліміздің басты стратегиялық құжатында белгіленген басты мақсатқа — 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болу міндетіне белгіленген мерзімге дейін қол жеткізетініміз сөзсіз.
Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдептілік талаптарын өрескел бұзу деректері орын алған жағдайда Департаменттің 51-51-51 сенім телефонына, Департамент facebook жүйесіндегі мекен-жайы: facebook.com/qyzmet.shym.kz парақшасына хабарласуға болатынын назарларыңызға жеткіземін.
Әли Көмекбаев,
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы
бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.