ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАРЫЗ ҚАРЖЫНЫ БЕРУДЕН НЕГЕ ҚИНАЛАДЫ?

Үшінші мегаполис әкімдігі жер қойнауын пайдаланушы «Шымкент Тас», «Хаджи-К», Оңтүстік Құрылыс Сервис», «Арслан» ЖШС, Ұйымшыл Құрылыс», жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «СПК Шымкент» акционерлік қоғамы мекемелерімен түзілген келісім шарттарды заңдық күшін тоқтатты.
Оған аталған компаниялардың келісім-шарт міндеттемелерінің орындалуы бойынша тиісті мекемелерге атқарған жұмыстары бойынша есеп тапсырмауы, өңірдің әлеуметтік саласына төленетін қаржылар мен салықтардың төленбегені негіз болған. Жалпы Шымкентте 32 жер қойнауын пайдаланушы компания жұмыс істейді.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ахмет Татыбаев мәлімдеді.
Бұдан бөлек жер қойнауын пайдалануда арнайы түзілген келісім шарттардағы тиісті төлемдерді жасау, есеп тапсыру сынды талаптарды орындауға мұрын шүйіре қараған 20 жер қойнауын пайдаланушыға басқарма тарапынан ескертпе хаттар жолданған.
Елдің ен байлығын пайдаланушылардың өз жұмысын орындаудағы шикіліктері мұнымен шектеліп қалмайды. Мәселен, 14 жер қойнауын пайдаланушының өңірдің әлеуметтік саласына қарызы шаш етектен. Берешек сома барлығы 111,9 млн. теңгеге жеткен. Бүгінде оның 77,2 млн.теңгесі өндірілген. Қалған 34,7 млн. теңге қарызды мәжбүрлетіп төлету үшін сот органына талап-арыз жолданған.
Басқарма басшысы қазіргі таңда жер қойнауын пайдаланушы компаниялар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне сәйкес, тиісті органға есепті жылына бір рет ұсынатыны көрсетілгенін, ал кодекстің қолданыстан шыққан нұсқасында есеп беру мерзімі тоқсанына бір рет болып белгіленгенін айтты.

С. НҰРАЙ.