ВИЦЕ-МИНИСТРЛЕР ЛАТИФУНДИСТЕРДІ ҚОРҒАП ЖҮР МЕ?

«олардың жайылым жер ешкімге керек емес» деуінің сыры неде?

«Қазақстанда жайылым жерлерге қатысты ешқандай проблема жоқ. Қолданыстағы жайылым жерлер ешкімге керек емес. Олар қаңырап бос жатыр. Сұраныс жоқ».

Аптаның сәрсенбісінде Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменовтың төрағалық етуімен Ақорда да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің экономикалық бағыттағы тобының кезекті отырысында еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов өз ойын осылай білдірген.
Бұл туралы қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан өзінің инстаграм әлеуметтік парақшасында жазады. Күн ұзаққа жалғасқан бұл жиынға Мұхтар Тайжанның өзі де қатысқаны анық. Өз кезегінде ол осы жиын кезінде вице-министрдің бұлай пікір білдіруіне қатты қынжылғанын ашық мәлімдеген. Және ол оның бұл сөзін сандырақ деп танитынын жасырмаған.
Сонымен қатар ол, шамамен екі апта бұрын еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың аузынан ресми жиындардың бірінде дәл осыған ұқсас пікір естігенін жазады. Өз сөзінде ол «Мұны қалай түсінуіге болады? Бұл сонда Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұстанымы болғаны ма?» деп таңданады.
Қоғамдық-саяси өмірдегі оқиғаларға бей-жай қарамайтын белсенді осыған байланысты жазбасын «Бұл екі шенеунік ауыл жағдайын мүлдем білмейді ме әлде латифундистерді қорғап отыр ма? Жайылымның жоқтығы – ауылдың ең өткір проблемаларының бірі деп білемін. Халықтың кедейшілігі – сол жайылымның жоқтығының кесірі. Бұндай сөздерінен кейін бұл екі шенеунік отставкаға кетуі керек деп санаймын!
Ауылдағы қарапайым халықтың негізгі проблемаларын түсінбейтін АШМ вице-министрлері сол халыққа зияны болмаса, пайдасын әпермейді, сондықтан орындарын босатсын! Олар орындарын босатпаса біз жерді босата алмаймыз»,- деп қорытады.
Осы жазбаға қатысты желі қолданушылары «бұлар жайылым жерге сұраныс жоқ екенін қай ауылдан барып сұрапты?», «олар латифундистерді қорғап отыр», «сол жайылым жерлердің жартысы солардікі шығар», «халыққа пайдаса болмаса, орындарын босатсын» деген пікір білдірген. Тіпті «олар ауыл не екенін біле ме екен?», «ауыл шаруашылығының иісін сезбейтіндер ғой» дегендер де көп кездеседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс»,- деген болатын.
Яғни, Президент өз Жолдауында шұрайлы жерлердің басым бөлігі латифундистердің қолында екенін ашық меңзеген. Ендеше Ауыл шаруашылығы вице-министрлерінің бұлайша шала бүлінуінің сыры неде? «Халық айтса, қалып айтпайды» деген. Расымен олардың мұндай уәжі латифундистерді қорғау болғаны ма?

С. НҰРАЙ.