ҮЛГІ АЛАРЛЫҚ ҮШ КҮН
Өткен аптада Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкенттегі филиалының бастамасымен достық керуені болды. Осы мақсатта Өзбекстанға аттанатын Шымкент делегациясы құрамына бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енгізілді. Сондай құрметке «Уақыт» газетінің бас редакторы ретінде шақырту алдым. Мұндай құрмет үшін ұйымдастырушылар алқасына алғыс білдіріп, қуандым. Үш күнге жалғасқан бұл шараға Шымкенттегі SILKWAY Халықаралық университеті де зор қолдау танытып, демеу көрсеткенін де түрте кетейік. Өзбекстандағы Қазақстан жылы мен Қазақстандағы Жастар жылы аясында ұйымдастырылған бұл шарадағы делегация құрамында 35 адам болды. Бұл шараның мақсаты – екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайту, бауырмалдылықты арттыру.
Шымкент делегациясының Өзбекстанға қарай бет алуы бейсенбінің таңалакеуімімен дөп түсті. Шағын автобустағы біздердің көңіл-күйіміз жадыраңқы. Бейнебір көрмегелі көп күннің жүзі болған жақын туысымыздың тойына аттанғандай толқып, шалқып отырмыз. Ол жақтағы ағайындардың мына біздерді Ташкент шаһарына келген бойда-ақ құшақ жая қарсы алатынына деген сенімділік те бізді ерекше қанаттандыра түсуде. Бауырлас ел деп бөлекше айтуымыздың сыры да осында екенін сол кезде терең түйсіндім. Өзбек жұрты мен қазақ халқы қай кезде болмасын кездескенде бір-бірін бауыр тартып, құрмет көрсетіп, бәйек болатындығы қалыпты дәстүр болып келе жатқанының өзі зор ғанибет қой.
Шымкенттік делегацияның Өзбекстандағы бұл жолғы сапары алғаш елшілік ғимаратында болды. Онда шымкенттік делегацияны Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалды мырзаның өзі зор құрметпен қарсы алды. Ол кісіні көрген біздің де қуанышымызда шек жоқ. Себебі, ол күнгейліктерге жат адам емес. Шымкент қаласының әкімі болған. Одан соң Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2018 жылы Шымкент облыс құрамынан бөлініп, дербес қала мәртебесіне ие болған соң осы өңірдің Сенаттағы депутаты мінберіне бір-ақ көтерілген. Депутат болып бірнеше ай жүрді. Кейіннен осы елшілікке қызметке тағайындалды. Саналы өмірі Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсартумен тікелей сабақтасып жатқан азаматтың біздерді қарсы алып, емен-жарқын әңгімелесуі зор құрмет дерсің. Ол кісі біздермен болған кездесуде сүбелі сөздер айтты. Көкейімізге қонған бір әңгімесін қаз-қалпында жеткізейін.
– Барға қанағат ету ең асыл қасиет. Өзбек жұртының әрбірі бойына осы бір қасиетті қондыра білген. Олар аспандағы айға, алыстағы арманға қол созбайды. Қолда бар байлығын ұқсатып, одан береке табуға талпыныс жасайды. Мысал ретінде туризмді алайық. Бұл жерде туризм жақсы дамыған. Сапарларыңыз енді басталды. Алдағы күндері оған анық көз жеткізесіздер. Тарихи орындардың сақталуы, ол жерлердің барынша күтіп ұсталуы, жергілікті халықтың сырттан келгендерге деген ілтипаты, ым-ишарасы кез келген туристке оң әсер қалдырады. Ас мәзіріндегі түрлі тамақтар да сырттан келетін қонақтар санының артуына зор сеп беруде. Біз осындай қасиеттерді үйренуіміз керек. Қазақстанға барған турист біздің ұлттық дастарханымыз дегенде тек қана бешбармақ, бауырсақ, қымыздан ғана дәм татып қайтпауы тиіс. Өзгешелік, жаңалық енгізген абзал. Мәселен, ас мәзірінде самсаның түрі-түрі тұрса, қандай ғажап. Уылдырықтан дәмі тіл үйірер самса пісіруді тәжірибеге енгізуге мүмкіндігіміз жетеді. Сырттан келетін қонақтар үшін бұл жаңалық болары сөзсіз.
Дархан Сатыбалды мырзаның бұл пікірін естігенде, есіме қалалық туризм басқармасының басшысы жергілікті жердегі газеттердің біріне берген сұхбатында «Шымкентте шашлықфест өткізуді қолға алсақ. Онда белгілі бір күндерде ашық аспан астында мегаполисте дәмі тіл үйірер шашлықтарымен танымал болған кафелер өзара сайысқа түсіп жатса, бұл туристерді келтірудің тың тәсілі болар еді» дегені түсіп кетті. Осы ретте осындай маржан ойлар тек айтылып қана қоймай, бақылауға алынып, іске асып жатса нұр үстіне нұр болары анық. Былай қарасаң, оған артық ақша да, ағыл-тегіл бюджет те керегі жоқ сияқты. Жоқтан бар емес, қолда бар дүниеден пайда жасаудың жолын тапсақ жеткілікті болып жатыр.
Өзбекстанда 2 миллионға жуық қазақ бар. Ресми статистика осылай дейді. Сапар аясында біздермен 5-6 қазақ жастарының жүздесуі ұйымдастырылды. Олар Ташкенттегі Низами атындағы университеттің филология факультетінің студенттері екен. Өз кезегінде олар қазіргі жағдайларының жақсы, алға қойған мақсаттарына жетуі үшін бұл мемлекетте мүмкіндіктің барлығы жасалғанын айтты. Дей тұрғанмен менің өзіме бұл жастардың көңіл түкпірінде әлденеге алаңдаушылықтың табы бар сияқты болып сезілді. Тағы бір байқағаным ол қандас жастардың туған тілді білгенмен, сөздерді таза қазақ тіліндегі қалпында емес, өзбекшеге бұрып жіберетіні анық байқалып тұр. Бұл ретте оларға кінарат арту артық. Әу баста олардың да көңілінде бір кірбің бар дегенімінің сыры осы шығар бәлкім.
Осыдан соң текті тұлға, үш жүздің ұрпақтарын ынтымаққа бастаған, бойында қасиеті, сөзінде өсиеті мол Төле би бабамыздың басына барып тәу еттік. Кесененің сақталуы, абаттандырылуы, күтілуінде мін жоқ. Кесененің тас қабырғасына «Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген!» деген баба сөзінің жазылуы мені ерекше әсерге бөледі. Бұл жерге күніне жүздеген осы бір сөзді сырттан келген сан мыңдаған туристердің оқуы арқылы, олардың қазақ деген қонақжай халық туралы жақын танысуға құлшынатаны сөзсіз ғой. Бұл да бір мәртебе.
Құндылығы күн сайын артып жатқан Самарқандтың Регистан қалашығын аралаудағы сапарымыз өзгеше. Кезінде қаншама ғұламалар тап осы жерден сауат ашып, білім деген құндылықпен сусындалып, оны ұрпақ игілігіне пайдалана білген. Қасиетті мекенді көзбен көру өткен күннің қойнауына енген тарихтың бетін ашып, онымен бетпе бет келгендей күй кештіреді екен. Самарқандтағы саяхат кезінде ЮНЕСКО бұл қаланы бүкіл әлемнің мұрасы саналатын тарихи құндылықтар тізіміне енгізуі тегіннен тегін емес екеніне тағы бір көз жеткіздік.
Бұхара облысындағы нақышты өрнегімен көз тартар кесенелерін аралап шығу арқылы, талай тың деректерді санаға тоқып қайттық.
Осы сапарымыз кезінде Шымкенттен келген туристерді ертіп жүрген гидтердің кәсібилігіне де көңіл тоғайды. Иә, мамандар тарихи орындар мен ескерткіштердің әр деталын түсіндіру арқылы талай туристердің санасына сәуле түсіруде.
Осыдан екі жыл бұрын алматылық таксист Америка елінен келген туристті әуежайдан қонақ үйге жеткізіп салғаны үшін 40 мың теңге алғаны есіңізде болар. Өзбекстанның түнгі шаһарын көру үшін қасыма бір-екі әріптестерімді ертіп, жаяу-жалпы көшеге шыққан едік. Сол кезде ондағы такси жүргізушілерінің әлгіндей екі жеп биге шығатын әдеттен ада екенін көріп тағы қайран қалдым.
Бұл елде туристерді алдау, оларға қырын қарау деген қасиет мүлдем жоқ. Себебі елдегі бюджеттің бүйірі тап осы туризм арқылы тоғайып жатқанын олар терең түсінеді. Анық біледі. Мұның өзі қуанарлық әрі қызығарлық дүние емес пе?!
Талғат БАЛТАБАЕВ.
Суреттерді түсірген:
Асхат ӘССАНДИ.