«ТАЗА ҚАЛАНЫҢ» ЖҮЛДЕ ҚОРЫ 4 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ
Шымкентте «Таза қала» акциясы бойынша құжаттар қабылдау 21-қазанға дейін қабылданады. Қатысушылар акцияға қатысуға арналған өтінімдерді Шымкент қаласындағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандары әкімдіктері жанынан құрылатын жұмысшы топтарға өткізеді.
Бұл туралы Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы хабарлайды.
Көп қабатты үйлердің аулалары мен жеке секторлардың төңіректерін таза ұстап, көгалдандыруды қалыпты құбылысқа айналдырып, қоршаған ортаны жақсартуды мақсат еткен акция жыл сайын өткізілетіні белгілі. Акцияға қала аумағында орналасқан аула атынан белсенді тұрғындар немесе үй төрайымдары, ал көше атынан көше комитеттерінің төрағалары қатыса алады. Акция аясында арнайы құрылған комиссия жеңімпаздарды «Үздік аула», «Үздік көше», «Үздік аудан» және «Үздік учаскелік инспектор» номинацияларымен бірінші, екінші, үшінші орын бойынша марапаттайтын болады. Жеңімпаздарды анықтау әр аудан бойынша іріктеледі. Әр позиция бойынша номинанттарды белгілеу 10 балдық жүйемен жүргізіледі. Әрбір аудан бойынша бірінші, екінші және үшінші орынға қол жеткізгендерге бағалы сыйлықтар мен Шымкент қаласы әкімінің арнайы дипломы табысталады.
Сонымен қатар «Таза қала» акциясы аясында өзіне бекітілген аумақта ұсақ бұзушылықты алдын алуда нәтижелі еңбегімен танылып, көзге түскен құқық қорғау органы қызметкерлеріне де бағалы сыйлықтар табысталатын болады.
Акцияның жалпы жүлде қоры 4 000 000 теңге.
С. НҰРАЙ.