ӨНІМ АЛУ КӨРСЕТКІШІ ӨСКЕН
Бұл жыл жетісайлық шаруалар үшін ырысқа толы болды. 2019 жылы ауданда 77,3 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 4931 га жерге егіліп, одан 16951 тонна өнім алынған. Көкөніс және бақша дақылдары – 19884,6 га егілсе, алқаптан алынған өнім көлемі 557661,6 тоннаға жеткен. Төрт түлікті баптау үшін 6474 га жерге тұқым себіліп, 101882,4 тонна мал азықтық дақылдары алынған. Барлығы 883,7 га жердегі жеміс-жидек пен жүзім егістігінен 7152 тонна өнім алынған. Ауданда 45028 га жерге мақта егілген. Терім жұмыстары басталып кеткен. Шаруалар орташа өнімділік гектарына 21,6 центрді құрайды деп жоспарлауда.
Жетісай ауданы ауылшаруашылығы бөлімі жергілікті жердегі диқандардың жұмыс ауқымы жыл сайын артып келе жатқанын алға тартуда. Мәселен, былтыр ауданда бақша дақылдары 14 мың гектар жерге егілсе, биыл бұл көрсеткіш 16 мың гектарға жетеқабыл болған.
Көкөніс өсіп шығатын егістіктің де аумағы артқан. Мысалы, былтыр 880 га жерге қырыққабат егіліп, 24 мың тонна өнім алынған. Биыл өнімнің бұл түрі 1022 гектарда өсіп, барлығы 36 мың тонна азық алынған. Еңбектің көзін тапқан шаруалар дәл осы қырыққабаттың әр гектарынан 5-7 миллион теңге көлемінде ырыздық тапқан.
С. НҰРАЙ.