ОРТАЛЫҚ НАУҚАСТЫ ТЕЗ ОҢАЛДЫРТАДЫ

Шымкент қаласы әкімдігінің Түркия Республикасының инвесторларымен түзген арнайы меморандумы негізінде «ПЭТ» орталығы жұмыс істей бастады.
Шымкенттегі онкологиялық орталықта жұмыс істейтін «ПЭТ» қондырғысы ағзадағы қатерлі ісік ауруын ерте сатысында анықтауға зор мүмкіндік береді. Сала мамандары мегаполисте «ПЭТ» орталығының ашылуы науқастарды дер кезінде кешенді ем алып, асқынудың алдын алуға, сол арқылы өңірде өлім-жітім көрсеткішінің азаюына ықпал ететінін алға тартуда.
Бұл орталықтың арқасында енді қала тұрғындары нақты диагноз және сапалы емге қол жеткізуі үшін Нұр-Сұлтан, Алматы сынды қалаларға барып артық сабылмайды. Енді қатерлі ісікке шалдыққан науқастар диагностикалық тексеруден өту үшін онкологиялық орталықтағы «ПЭТ» орталығының қызметіне жүгінетін болады. Орталыққа орнатылған заманауи позитронды-эмиссионды томография және циклотрон қондырғысы науқастарға қажетті радиофармпрепараттарды дайындайды. Бұл құрал-жабдық бір жылда шамамен 10 мың адамды тексеруден өткізуге қауқарлы. «ПЭТ» орталығында тексеруден өткен науқастың бойында қатерлі ісік ауруының ерте сатысындағы кезеңі анықталса, тиісті ем-дом жүргізу арқылы сауығып кетуге әбден болады.
Бұған дейін «ПЭТ» орталығы көрсететін мұндай диагностикалық қызметті алу үшін адамдар 2-3 айға жуық уақыт кезек күтетін. Кейбірі өзге қалаларға барып, артық шығындалатын. Жаңа қондырғы ол күндерді келмеске кетірді десек те болады. Жалпы бұл орталықтағы қондырғының бір күнде 30-ға жуық адамға диагноз қоюға мүмкіндігі бар. Бұл жобаның құны 2,7 млрд. теңгені құрайды.
Шымкент қаласындағы онкологиялық орталық науқастарының «ПЭТ» орталығында тиісті зерттеуден өтуі кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде жүзеге асады.

С. НҰРАЙ.