РЕСЕЙДЕ СМАРТФОНМЕН ТӨЛЕМ ҚАБЫЛДАУ ЖҮЙЕСІ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Ресей елінде смартфондарды тауарлар мен қызметтер үшін төлем жасау терминалы ретінде қолдану мүмкіндігі жолға қойылды. Бұл төлем жүйелері мен ірі банктер қабылдаған шешім негізінде жүзеге асуда. Енді жақын күндері Ресейдегі «Открытие», «Райффайзенбанк» және «Тинькофф» сынды коммерциялық банктер өз клиенттерін қабылданған сол шешімнің шарапатын көруге шақыратын болады.
Бұл туралы Вести.Наука «Известия» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Адамдар смартфонды немесе планшетті pos-терминал ретінде пайдалану үшін банк әзірлеген мобильді қосымшаны қондырғыға орнатуы қажет. Сонымен қатар клиент банкке өтінім жіберіп, эквайринг шартын түзуге міндетті.
Смартфонды немесе планшетті pos-терминал ретінде пайдалану процесі тез әрі ыңғайлы жүреді. Мәселен, тауарды немесе қызметті төлеу кезінде сатушы қосымшаны ашып, тиісті соманы енгізеді. Содан соң сатып алушы смартфонға байланыссыз картаны немесе Apple Pay, Samsung Pay немесе Google Pay қолдайтын NFC құрылғысын бірер секунд жақындатып тұрады.
Мұндай жобаның жүзеге асуы Ресейде алғаш рет қолға алынуда.
С. НҰРАЙ.