ШЫМКЕНТ – ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІН ДАМЫТУҒА ҚОЛАЙЛЫ АЙМАҚ
Шымкент қаласы тамақ өнеркәсібін дамытуға қолайлы аймақ. Өйткені мұнда көкөністер мен жемістер жеткілікті. Сондықтан Шымкентті Кинг-Таун секілді тамақтың астанасы етуге болады.
Үшінші мегаполиске арнайы келіп, қала басшысы Ерлан Айтахановпен кездескен Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюс (суретте) осылай деді.
Кездесу барысында тараптар өзара мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен қарым-қатынасты дамыту жайын талқылады. Серіктестік жобалар мен ортақ мүдделер де сөз болды.
Оңтүстік Африка Республикасымен өзара ынтымақтастықты күшейту еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттардың бірі екенін айтқан қала басшысы, мегаполисте инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын тілге тиек етіп, түрлі бағыттар бойынша әріптестік байланыс орнатуға әзір екендіктерін жеткізді.
Мәртебелі мейман Қазақстан мен ОАР арасында достық қарым-қатынастың берік екенін жеткізіп, осы байланысты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Ерлан Қуанышұлы елшінің туризм саласы мен тамақ өнеркәсібі бағыты туралы ұсынысы бойынша әкімдік тиісті жұмыстарды жүргізуге әзір екенін мәлім етті.
Кездесу барысында білім мен ғылым саласында тәжірибе алмасу мәселесі де сөз болды.
С. НҰРАЙ.