Аудан өмірімен біте қайнасып
1958 жылдың маусым айы болатын. Онда мен Калинин атындағы совхозда жұмысшы болып істеймін.
Бір күні аудандық «Социалистік шаруа» газеті редакциясының есепшісі Бекен Анарбаев (ол кезде редакция мен баспахананың есепшісі бір еді) «бізде жұмыс бар, келсін» деп хабар жіберіпті. Асыға мен де жеттім. Сөйтсем баспаханаға газет басушы қажет екен.
Сол кездегі баспахана меңгерушісі Дүйсенбай Байсалов мені жұмыс барысымен таныстырды. Міндетім қолмен теріп, құрастырған, басуға рұқсат етілген газет беттерін басып шығу.
1959 жылдың 1 қаңтарына дейін аудандық «Социалистік шаруа» газеті (редакторы Р. Мейірманов жолдас) 2 бет болып шығып тұрды. Тиражы екі мыңнан сәл ғана асатын.
Бүгінгі күні сол кезге көз жіберсек, баспахана коллективінің қандай қиыншылықпен еңбек еткені көңіл құлазытып, ойға оралады. Баспа-құрылыс жабдықтары жетіспейтін. Әріп қолмен терілді. Газет басылатын «Аизвичд» агрегаты (Германиядан 1916 жылы шыққан) қолмен айналдырылады. Әріп терушілер А. Иванова, С. Әйменова, Ұ. Ерманова және басқалар түнгі сағат 1-ге дейін жұмыс істейтін. Біз онан кейін газет басып, байланыс бөлімшесіне жаяу апарып, өткіземіз. Сонан кейін ғана үйге қайтамыз.
Мен бұл жағдайды тәппіштеп айтып отырғаным-сол кезде керітартпалық жоқ еді, баспахана коллективі жұмыстан кеш қайтамыз» деп ренжімейтін. Айлық жалақысы да мәз еместін. Орта есеппен олардың әрқайсысы ай сайын 500-600 сомнан (қазіргі 50-60 сом) алатын. Осыған қарамастан олар таңертеңгі сағат 9-00 де жұмыс орнында күліп-ойнап отыратын.
1959 жылғы 1 қаңтардан газет «Социалистік шаруашылы» деген атпен (редакторы Е. Өмірбеков) төрт беттік болып шыға бастады. Баспахананың құрал-жабдықтары жақсарып, газет электр қуаты күшімен жұмыс істейтін «МП» машинасымен басылатын, коллектив қатары да көбейе түсті. Алайда, 1962 жылғы сәуір айында аудандық газет қысқартылып, бір жылдан кейін яғни, 1963 жылғы мамыр айынан «Молшылық үшін» деген атпен қайтадан жарық көрді.
1963 жылғы сәуір айында аудандық статистика бөлімінде «жылы» орнымды тастап, сүйікті газетіме бұл жолы қате тексеруші (корректор) болып, қызметке келдім.
Жалпы газет саласында 31 жыл еңбек етіппін. Осы жылдар көлемінде алдыңғы толқын ағалар-газеттің бұрынғы редакторлары, бөлім меңгерушілері Е. Өмірбеков, Ш. Серімбетов, Т. Бектаев, Б. Мұқанов жолдастардан көп үйрендім. Олар да ұстаздық өтуден жалыққан жоқ, тәрбиелей білді. Әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор сатыларынан өттім.
Аудандық газет-өз өлкесінің өмірін тыныс-тіршілігін жан-жақты бейнелеп, оқырмандарын кеңінен хабардар етіп отыратын бұқаралық орган. Оның тақырыбы сан алуан. Ең негізгісі-еңбекшілердің қоғамдық еңбекке көзқарасын қалыптастыру, олардың қоғамдық жалпы мақсатқа жұмылдыру болып табылады. Осындай орасан зор жүк көтеретін аудандық газеттің «инемен құдық қазғанындай» жұмыс істейтін ондағы журналистердің талай рет тығырыққа тірелгенін көзбен көрдік. Сол кездері «жауырды жаба тоқуға» бейім аудан басшылығының қас-қабағына қарайтын едік.
Бір мысал. 1966-67 жылдары Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып Т. Назарбеков жолдас қызмет атқарды. Кезекті партия бір шаруашылық активі жиналысында журналистерге арнап былай деді: «Сендерге жазу үшін Келіншектау жетпей ме? Аржағынан бір, бержағынан бір шығып жаза беріңдер» дегені. Сөйтсек, газет бетінде аудан шаруашылықтарының бірі туралы сын материал жарық көрген екен. Міне, басшы осындай болғанда, журналистердің, газеттің «өзгеше» қимылдауға ерік-жігері жетпейтін.
Ауданның тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, оның ыстығымен суығына күнделікті араласып жүрген аудандық газеттің жарық көргеніне, міне, 75 жыл толады. Осындай торқалы той үстінде қадірлі қаламдас жолдастарыма творчествалық табыс тілей отырып, сүйікті газетімнің нөмерінен саяси егемендік, экономикалық дербестік, халықтар достығы, ұлттық болмысымызды қалпына келтіруге үндейтін материалдарды жиі көрсем деймін.
Ескермес ЖАҚАНОВ,
Зейнеткер,
Созақ аудандық газетінің
1984-1989 жылдардағы бас редакторы.