АРЫСТЫҚТАР ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАУДА

Арысты қайта қалпына келтіру бойынша секторға бөлініп атқарылған жұмыстар аяқталып келеді. Солтүстік Қазақстан облысы мен Ордабасы ауданына қарасты құрылыс нысандары толығымен аяқталып, арыстықтар қоныс тойын тойлауда.

Солтүстік Қазақстан облысы мен Ордабасы ауданына бекітілген қаладағы 13 –сектор жетекшілері салтанатты шара ұйымдастырып, Арысты қалпына келтіру бойынша жүргізілген жұмыстарында елеулі еңбек еткен жұмысшылар мен белсенділер марапатталды. Салтанатты шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Қайрат Мустафин мен Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Өсербаев қатысып, тұрғындармен кездесті. Әдімдік өкілдері тұрғындарды үйлеріне барып құттықтап, оларға тұрмыстық техника сыйға тартты. Солтүстік Қазақстан облысы мен Ордабасы ауданына бірлесе отырып 13-секторға бекітілген 17 көшедегі 371 тұрғын үйдің жағдайын зерделеп, зақым келген 198 баспананың жөнделуіне күш салды. Сондай –ақ Атаулы әлеуметтік көмекке құжаттар рәсімдеу үшін де тиісті мамандар бөлініп, жұмыс жүргізілген. Бұл аумақ бойынша бір жолғы берілетін жәрдем ақы барлық 18 жасқа толған 954 тұрғынға банк карточкалары арқылы таратылып берілді.
Арыстағы төтенше жағдайдан соң қаланы қалпына келтіру бойынша 17 секторға бөлініп қызу құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда, жалпы 9 сектор өздеріне қарасты аймақтағы жұмыстарды аяқтап, қала тұрғындарына қуаныш сыйлады.