Мал азығын дайындау – жауапты науқан
Ауылдың өзге де жеке
азаматтары мен әрбір
тұрғыны қысқы мал азығын дайындауды аяқтап қалды.
Ауыл тұрғындары арасынан жылдағы дәстүр бойынша шөп дайындау науқанына біршама жекелей азаматтар мен шаруа қожалықтары да атсалысуда. Атап айтар болсақ, кәсіпкер Мұрат Амалбеков бастаған бір топ жігіттер жылдағыдан өзгеше барлық техникаларын сайлап алып, «Жайылма» далалық алқабынан төрінен шөп оруға бел буды. Ауылда бос жүрген тепсе темір үзетін, сақадай сай жігіттерден бригада ұйымдастырып, шөп орып, дайындап, ауыл тұрғындарына сапалы, құнарлы мал азығын қолжетімді бағада тасып беріп, көпшіліктің алғысына бөленуде. Бригадада механизатор-шөп орушылар Серік Мұратұлы, Олжас Мұратұлы, Досмырзаев Хамит, Нұрманов Ержан, жұмысшылар Имашев Нұрхат, Шайықов Жалғас сияқты азаматтар күн-түн демей еңбек етіп, бір жағынан халыққа әр данасы 200 теңгеге бағаланған дала шөбін жеткізіп берсе, екінші жағынан өздерінің малдарына қысқы азықтарын мол етіп дайындауда.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Мұраттың жұбайы, аспазшы Исахова Гүлшаһардың үш мезгл әзірлейтін тамақтары да өте тартымды, дәмді етіп әзірленеді. Сондай-ақ бұл азамат та көрші Қарақұр, Сарыжаз, Ақсүмбе ауылдары халқының сұраныстарын қанағаттандыруда, әрі тұрғындардың алғысына бөленуде.
Ауылдағы бірнеше шаруа қожалықтары да өздерінің техникаларымен қысқы мал азығын дайындау үстінде.
Өз жеке иелігіндегі тракторларымен Мұрат Амалбеков бастаған топ өзен бойынан жантақ, бос шөп дайындап, ауыл тұрғындарына келісімді бағада, яғни әрбір данасын 200 теңгеден жеткізіп беріп, көпшіліктің ризашылығын алуда. Қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының 85-90 пайызы 500 данадан шөп түсіріп алды.
Қаһарлы қыс қанша қылышын сүйретіп келсе де, қыстан малдарын аман-есен алып шығарына, бұл жауапты науқанды нәтижелі, жемісті аяқтауға ауыл тұрғындары нық сенімді.
Оразхан Ермахан,
Қаратау ауылдық округінің әкімі.