ҚАСИЕТТІ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ 11 ТАМЫЗ КҮНІ БАСТАЛАДЫ

Қасиетті Құрбан айт биыл 11-і тамыз күні басталады. Үш күнге жалғасатын мерекенің әлеуметтік маңызы зор. Бұл күні қоғамдық тазалық пен тыныштықты сақтауды әркім өзінен бастау керек. Осылай деген дін өкілдері, Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Облыстың бас имамы Мұсабек Ақтамберді, құрбандыққа шалынатын малдың қандай болу керектігін түсіндіріп өтті.
«ҚМДБ-ның пәтуасымен бірінші айт мерекесін тойлап, Түркістан облысы бойынша сағат 7:00-ден 15 минут өткен уақытта Айт намазын оқитын боламыз. Құрбан айт мерекесі елді бірлікке, ынтымаққа, шақыратын, халықтарды жақындастыратын, игілік істерді мақсат тұтқан рухани мереке. Құрбан араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Құрбан айт — мұсылманның ұлық мерекесі. Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында шамасы жеткендерге ғана уәжіп. Құрбандық етін үшке бөліп таратуға болады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады», – деді Түркістан облысының бас имамы М.Ақтамберді.
Айт намазынан соң, құрбандық шалынып мерекелік ұлттық және спорттық шаралар өткізу жоспарланып отыр. Түркістан қаласының бас имамы Жүсіпбек Қасымбековтың айтуынша биыл киелі шаһарда айт намазы 25 мешітте оқылады. Қаладағы үш мешітте құрбандық шалынып, тізім бойынша жағдайы төмен отбасыларға таратылады. Бұдан өзге Арыс қаласында «Зекет» қорының ұйымдастырумен құрбандық шалу жоспарлануда.

Түркістан облысы өңірлік
коммуникациялар қызметі.